Жаңақоғамда жаңа жоба жүйелі жүзеге асуда

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» қанатқақты жобасына енген Шу ауданындағы Жаңақоғам ауылдық округінде де атқарылған жұмыстар баршылық. Бұл округтегі жобаға қатысатын 493 ауланың іргесіндегі жер телімі 98,6 гектар жер телімін құрайды. Округ әкімі Найла Қондыбаеваның айтуынша, өңірдің қолайлы ауарайында екі ауысымда өнім алуға болады екен. Жалпы округ тұрғындары екі айналымда да қияр, қырыққабат ексе, екінші айналымда қызанақ көшетін отырғызып, өнім алуды жоспарлаған.

Ауданның климаттық жағдайына байланысты қияр 45 пен 60 күн аралығында өнім береді. Осыған сәйкес әкімдік Алматыдағы «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен тұқым мен тыңайтқыш алу үшін келісімшартқа отырған. Сондай-ақ бір ауыл тұрғыны 5 соттық жер теліміне жылыжай салу үшін өтінім берген. Оны салу үшін 4 миллион теңге қажет.
Жобаның екінші бағыты бойынша тұрғындар мал сатып алуда. Өтінім берген 197 аула 891 миллион теңгеге 6709 бас мал сатып алу жоспарланған. Бүгінде 97 тұрғынның өтініші мақұлданған. Соның ішінде 37 азамат 77 миллион 415 мың теңгеге 48 мүйізді ірі қара, 88 жылқы, 642 бас қой сатып алған.
Мал алғандардың бірі Жаңақоғам ауылының тұрғыны Гүлмира Құсайынова. Ол «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамынан 3 миллион 500 мың теңге рәсімдеп, оған 1 жылқы, 4 бас бұзаулы сиыр, 30 қой сатып алған.
— Бұрын қорамызда мал болған жоқ. Малдан бір рет қол үзіп қалып, басын құрай алмай жүрген едік. Облыс әкімі Асқар Исабекұлының бастамасымен округімізде қолға алынған қанатқақты жобаның арқасында бір күнде малды болдық. Енді осы малдың игілігін көріп, жемісін жегіміз келеді. Аузымыз аққа тиіп, балалар қолдың майын жеп жүр. Алда ірімшік, сүзбе, сарымай жасап сату да жоспарымызда бар. Қазір келінім екеуміз сиыр сауып, сүзбе мен сарымай жасаудамыз, — деді ол.
Келесі аула тұрғыны Болат Босқынбаев 2 миллион 400 мың теңге несиесіне 5 бас жылқы алыпты. Қаржысының 400 мың теңгесін жемшөбіне жұмсаған шаруа мал басын көбейтіп, жылқы шаруашылығымен айналыспақ ниетте. Болаттың әкесі, ауылдың қадірлі қариясы Ыбырай ақсақал да округте қолға алынған игі бастамадан хабардар екен. «Шалғайда отырған ауыл жұрты үшін бұл үлкен бастама болды. Күнделікті газет оқып, теледидар қараймын. Осы жобаға бастамашы болған облыс әкіміне, оған қолдау білдірген Мемлекет басшысына жаңақоғам ауылы тұрғындары атынан алғысымды білдіремін. Ендігі жерде ауыл тұрғындары осы жобаның үдесінен шығады деген сенімдемін. Мұндай жақсылықтар көп болсын», — деп аталық ақ батасын берді.
Округте «Омар Шу» ауыл шаруашылығы кооперативі лизинг жүйесімен жаңа техникалар алуда. Жақында ұжым 116 миллион теңгеге 15 техника әкелген. Оның 3-еуі трактор, 1-еуі комбайн, қалғаны ауыл шаруашылығы техникалары. Кооператив төрағасы Төлеухан Жапсарбаевты сөзге тартқан едік.
— Кооперативке мүшелікке кіргісі келетіндердің саны артып келеді. Қазірдің өзінде бізге 109 аула ауыл сыртындағы 11 896 гектар егістік жер үлесімен енді. Ол егістік жердің 1501 гектарына арпа, 451 гетар алқабына жоңышқа, 52 гектарға жүгері себуді жоспарлап отырмыз, — деп жоспарымен бөлісті.
Қар еріп, жер құрғаса кооператив ауыл сыртындағы жерді игеру үшін көктемгі дала жұмыстарын бастап кетпек ниетте.

Сейділдә ТӨРЕН

Шу ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *