Ел алдындағы есеп ертеңгі еңбекті еселі етеді

Кеше Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірде өткен жылы атқарылған жұмыстарды саралап, халық алдында есеп берді. Аймақ басшысы жыл ішінде жасалған жұмыстармен қатар алда тұрған жоспарлы міндеттерді де айқындады.

Асыраушы сала – айрықша назарда

Өз есебінде аймақ басшысы облыстың асыраушы саласы саналатын ауыл шаруашылығы жайына кеңінен тоқталды.
Баяндамасында облыс тұрғындарының 60 пайыздан астамы ауылдық жерлерде тұратын аймақтың ерекшелігін ескеріп, аграрлық секторды дамытуға барынша көңіл бөлудің маңыздылығы жоғары екенін айтқан Бердібек Машбекұлы жЖоспарланған инвестициядан басқа, саланың мұқтаждықтары үшін 21 миллиард теңге көлемінде субсидия бөлінетінін жеткізді. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың басты міндеттерінің бірі – егістік алқаптарын 705 мың гектарға, ал суармалы жер көлемін сегіз мың гектарға кеңейту екенін айтты.
– Егіс алқаптарын рентабельді дақылдар, майлы және бұршақты дақылдармен әртараптандыру, жергілікті қант зауыттарын барынша жұмылдыру үшін қызылша шаруашылығын дамытуға көңіл бөлу қажет, – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі негізгі бағыттардың бірі ретінде пайдаланусыз жатқан 70 мың гектар жерді егістік ретінде айналымға енгізуді, механикаландырылған жасақтың көмегімен алқаптарды суландыру желілері мен каналдарын, бес су қоймасын ретке келтіруді, бес мың гектарға жаңа су үнемдеу технологияларын енгізу керектігін жеткізді.
Бердібек Сапарбаев атап өткендей, негізгі мақсат – импортты төмендету және өңірді жергілікті азық-түлікпен қамтамасыз ету қажет.
– Осы мақсатта Жамбыл облысында іске асырылып жатқан ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатындағы пилоттық жобаның берері мол. Ол тек Жамбыл өңірі үшін ғана емес, бүкіл республика үшін де маңызды. Алғашқы қадамдар жасалып, 7886 аула несиеге қол жеткізсе, 194 ауыл шаруашылығы техникасы алынды.
2020 жылдың қорытындысы бойынша келесі нәтижелерге қолжеткізу аса маңызды. Ауыл тұрғындарының орташа табысын 41,6 мың теңгеден 104 мың теңгеге дейін арттыру, ал 2,2 мың шаруаны өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатынан жеке кәсіпкерлер санатына ауыстыру керек, – деді облыс әкімі Б. Сапарбаев.

Ауылдардың жағдайы жақсара түспек

Есепті жиын барысында аймақ басшысы 2020 жылы Жамбыл облысында 70-тен астам ауылы ауызсумен қамтамасыз етілетінін айтты. Бұл тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткішін 57,3 пайыздан 77 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік бермек.
Сондай-ақ, Б. Сапарбаев 48 мың тұрғыны бар 35 елді мекенді газдандыру жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.
– Сонымен қатар, биыл облыс аумағында баламалы энергия көздерін өндіретін төрт станцияны іске қосу жоспарланып отыр. Ол баламалы энергия көздерінің үлесін 17,2 пайыздан 22 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Тарифтерді үнемдеу мақсатында жылу, газ, су есептегіш құралдарын орнату бойынша жұмыстар, ТКШ жүйесін жаңғырту бойынша Еуропа Қайта Құру және даму банкімен ынтымақтастық ​ шаралары жалғасады, – деді Бердібек Машбекұлы өз сөзінде.

Инвестжоба игілігін ел көреді

Сонан соң аймақ басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін саралап өтті. Өз сөзінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тиімді инвестициялық саясат ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіптің 5 пайыздық өсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін жеткізді. Сонымен қатар, 2020 жылы Жамбыл облысында жалпы құны 114 млрд.теңге болатын 18 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отырғанын айтты.
Ең үлкен қуатты жобаларды «Еврохим минералды тыңайтқыштар», «Қазфосфат», «Qazaq soda», «KORSEM» және «TALAS INVESTMENT COMPANY» компаниялары жүзеге асырады.
– 2025 жылға дейін жалпы құны 2,7 триллион теңге болатын 66 жобаны іске асырылады, сол арқылы 11,4 мың жаңа жұмыс орнын құру көзделуде, – деп атап өтті облыс әкімі.
Жергілікті биліктің күн тәртібінде «Тараз «Химпарк» арнайы экономикалық аймағын дамыту міндеті тұр, оны шешу үшін жеті жобаны іске асыруға 648,3 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылады, бұл нәтижесінде екі мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Өңдеуші өнеркәсіпті дамыту мақсатында 12 кәсіпорын жаңғыртылады,тағы төртеуі заманауи инновациялық технологияларды енгізеді.

«Жол қадірін жүрген біледі»

Баяндамасы барысында Бердібек Сапарбаев аймақтағы автокөлік жолдарының жағдайына да тоқталып өтті. Оның айтуынша, биыл жол жөндеу ісіне баса назар аударылмақ. Нақтысын айтқанда, ағымдағы жылы Жамбыл облысы аумағындағы 692 шақырым автомобиль жолдарын жөндеу жоспарлануда.
Өңір басшысының айтуынша, 668 шақырым автожол орташа жөндеуден өтіп, 6,1 шақырымдық жол қайта жаңартылса, 18 шақырымдық жаңа жол салынады деп көзделуде.
Жалпы, жыл қорытындысы бойынша облыстағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автожолдардың үлесі 90 пайызға жетуі тиіс.
– Сондай-ақ, жолаушылар тасымалының сапасын арттыру мақсатында 100 жаңа автобус сатып алу және электронды билеттендіру жүйесін енгізу жоспарлануда.
Сонымен қатар, жолдағы қауіпсіздікті және жолаушылар тасымалының мәдениетін арттыру мәселелеріне айрықша назар аударылмақ, – деді облыс әкімі өз сөзінде.

Әлеуметтік салалар серпін алады

Есепті кездесу аясында аймақ басшысы өңірдегі әлеуметтік салалардың саласының жағдайын жақсартуға да көңіл бөлінетінін жеткізді. Әсіресе, білім беру ісі барынша назарға алынбақ. Бұл мақсатта ағымдағы жылы 14 жаңа мектеп салынып, 3 орын тапшылығы бар, 1 апатты және 1 үш ауысымды мектептің мәселелерін шешу жоспарлануда.
– Ағымдағы жылы 285 мектеп жылы санитарлық жүйлермен​ жабдықталатын болады. Нәтижесінде бұл мәселе облыс мектептерінің 100 пайызында шешілмек. Сондай-ақ барлық мектептер бейнебақылау жүйесімен қамтылады.
Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласында 18 жедел жәрдем көлігін сатып алу, медициналық жабдықтау деңгейін 92 пайызға жеткізу, МӘМС енгізу бойынша белсенді жұмыстарды жалғастыру жоспарлануда, – деді Б. Сапарбаев.
Сонымен қатар, биыл өңірде 91 спорт алаңшасы салынады деп күтілуде.​ ​ 1200-ден астам жасқа грант беріліп, жеңіл атлетикалық және гимнастикалық манеждерінің құрылысы басталмақ.
Сонымен қатар, әлеуметтің әлеуетін арттыру да назардан тыс қалмайды. Өткен жылы облыста атаулы әлеуметтік көмекпен 36,5 мың отбасы қамтылған. 2020 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмектің жаңа моделі енгізілді. 75 мыңға жуық адамды атаулы әлеуметтік көмекпен қамтуға 11 млрд.теңге қаралып отыр.

Жалпы, өткен жылдағы істелген жұмысты қорытындылауға арналған облыс әкімінің есеп беру жиыны құр баяндама жасаумен өтпеді. 2 сағаттан астам уақытқа созылған басқосудың ширек бөлігі есепке арналса, қалғаны бұқара халықтың көкейіндегі сауалын жолдауға жұмсалды. Өз кезегінде кездесуге жиылған халық пен аудандардан бейнебайланыс арқылы қойылған сұрақтарды мұқият тыңдап шыққан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев әрқайсысына тыңғылықты жауап қайтарды. Сондай-ақ, айтылған және жолданған барлық мәселелер назарға алынатынын жеткізіп, барлығы кезегімен шешімін табатынын түсіндірді.

Мұрат ӘЛІМ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *