Құмарықта қызу жұмыс жүруде

Ауылдық елді мекендерлдегі тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсартуға бағытталған қанат қақты жобаға Т.Рысқұлов ауданынан енген Құмарық ауылдық округіндегі жұмыс жүйелі. Бүгінде округ тұрғындары мал шаруашылығын дамыту үшін «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына құжаттарын өткізуде. Округтен өткізілген 238 құжаттың 120-і мақұлданған. Бұл азаматтар қолына тиген 374 миллион теңгеге мал алуда.

Қазіргі таңда Құмарық ауылдық округінде 98 жылқы, 42 сиыр, 1225 бас қой сатылып алынған. Округ әкімі Болат Мансұрдың айтуынша, жоба аясында округте 9539 бас мал сатып алу жоспарланыпты. Оның 262-і сауынды сиыр, 203-і бұқа, 845-і жылқы, 8206-ы қой. Бұл мақсатқа жоба шеңберінде 683 миллион 759 мың теңге қаралыпты.
Аталған жобаның шарапатын көріп отырған Алғабас ауылының тұрғыны Рита Әубәкірова 4 миллион теңге несиесіне 50 қой, бір жылқы, 3 мүйізді ірі қара сатып алған. Қосымша жем-шөбіне 550 мың теңге жұмсапты. Тұрғын шопан ата түлігін ауылдағы «Алғабас» шаруа қожалығынан сатып алған. Айта кетерлігі, оның бұған дейін ауласындағы қорасында қой болмапты.
– Осы жобаны естіген соң отбасыммен ақылдасып, мал алуға ұйғардық. Алған қойымыздың 10-ы төлдеді. Малдың басы көбейгеніне қуанып отырмыз. Өзім кітапханашы болғандықтан да ауылдың қыз-келіншектеріне жобаның мақсатын үнемі айтып, насихаттап жүрмін. Жалпы аталған жобаны бастап, қолға алған өңір басшысына алғыс айтамын, – дейді алғабастық тұрғын.
Сондай-ақ ауыл тұрғыны Жамбыл Серікбаев 5 миллион теңгеге 5 жылқы, 4 сиыр, 40 қой алыпты. Мал азығына 800 тайланған шөп, 4 тонна жем дайындаған.
– Ескі үйді бұзып, орнына жаңасын салдым. Оған қолдағы малдың бәрін жұмсаған едім. Сөйтіп қорам қаңырап босап қалған еді. Енді міне облыс әкімінің қанат қақты жобасы аясында 2,5 пайызбен несие алып, қорамды қайта малға толтырдым. Осы жобаға қолдау білдірген аймақ басшысына көп рахмет, – деген тұрғынның үй іргесіндегі 90 соттық жер телімінің 50 сотығын жоңышқа құраса, 40 сотығына көкөніс егуді жоспарлап отыр екен.
Сонымен қатар тағы бір ауыл тұрғыны Қойшыбек Егембердиев те «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» акционерлік қоғамынан алған 2 миллион теңгеге 5 бас жылқы сатып алған.
– Жоба туралы естігенім болмаса, алғашқыда түсіне қоймадым. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов ауылымызда болып, бұл жобаның мақсатын түсіндіргенде ғана оның тиімділігін біліп, құжаттарымды жинастырдым. Құжат жинастыруда ауылдық округтің әкімінен бастап бас мамандарына дейін көмек көрсетті. Қаржы қолыма тиген соң өзім ұнатқан жылқыларды сатып алдым. Бұл несиені қайтару шарттары біз үшін өте тиімді. Бір жылдық каникулы тағы бар. Одан соң несиемді алты ай сайын белгіленген мөлшерде өтеп отыратын болдым. Пайыздық мөлшерлемесі де төмен, – дейді Қ.Егембердиев.
Айта кетерлігі, Қойшыбек жылқы алып, оның басын көбейтумен шектеліп қалмақ емес. Сонымен қатар үй іргесіндегі жер телімін де тиімді пайдаланып, табыс табуды да көздеп отыр. Сөйтіп ол ауласындағы 40 соттық жерге таңқурай егуді жоспарлаған. Бұдан бөлек, үй іргесіндегі жер теліміне 300 түп алма ағашын отырғызған. Сөйтіп одан 5 тоннаға өнім жинаған.
Бұл қанатқақты жоба құмарықтықтарға серпіліс әкелгендей. Дегенмен, мұндағы жұмысты жүйелі жүргізу үшін, ауыл тұрғындары өндірген сүт, ет, бақша, көкөніс өнімдерін қабылдайтын, делдалсыз өңір нарығына жөнелтетін «Құмарық Тау» ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. Жақында кооператив құны 89 миллион 950 мың теңгені құрайтын 17 ауыл шаруашылығы техникаларын несиеге алды. Бұл техникалар кооператив қарауындағы жеке кәсіпкерлердің жемшөбін дайындауға көмектесетін болады.
Сондай-ақ жобаның бірінші бағыты – үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалануды тиімді жүзеге асыру үшін округте дайындық жұмыстары басталып кеткен. Бұл үшін аудан әкімі Ерболат Садырқұлов Шал өзенінен келетін ағын суды Қаракемерге жеткізу үшін 780 метр жерге құбыр салып беріпті. Бұл округте шағын бизнес бағыты бойынша 2 жоба іске қосылмақ. Атап айтсақ, тұшпара мен сыр өңдеу цехтары іске қосылса, округ тұрғындары үшін өнім өткеру мәселі өздігінен шешімін табатын болады. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін жалпы 23 миллион теңге қаралыпты.

Сейділда ТӨРЕН,
Т.Рысқұлов ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *