Ара өсірушілер алғаш рет бас қосты

«Достық» үйінде облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен «Бал ара шаруашылығының жағдайы және даму болашағы» атты облыстық семинар-кеңес өтті. Оған өңіріміздегі омарташылар, ауыл шаруашылығы саласының мамандары мен ғалымдар қатысты.

Семинардың ашылуында жиналғандар «Достық» үйінің залына қойылған көрмені тамашалады. Көрмені облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеевке «Бал-Ара» омарташылар ұлттық одағының облыстағы өкілі Валерий Ромащенко таныстырды. Жиналғандар Қазақстан омарташыларының Ұлттық Одағы «Бал-Ара» ара өсірушілерінің облыстық алғашқы форумында көрмеге қойылған жеке кәсіпкер «Ромашенко», «Аратау», «Лазер» шаруа қожалықтарының бал өнімдерінен дәм татты.
Бұл кеңес «Ара шаруашылығы өңірімізде қаншалықты дамыған? Онымен айналысатындардың саны қанша? Оларға мемлекет тарапынан қандай көмектер беріліп жатыр? Омарташылардың қандай мәселесі бар? Оны шешу жолдары қандай?» — деген мәселелер төңірегінде өрбіді. Бұл мәселелерді семинар-кеңесте облыс басшылығы мен ғалымдар омарташылармен бірлесе отырып талқылады.
Жиынды облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев ашып, өңір омарташыларының жұмысына сәттілік тіледі. Ал «Бал-Ара» омарташылар ұлттық одағының вице-президенті Ғабит Нұраділ баяндама жасады. Оның айтуынша, әлемнің әрбір тұрғыны жыл сайын 1 килограмм бал тұтынады екен. Ал Қазақстанда бұл мөлшер 50 грамнан аспайды. Осыдан шет мемлекеттерде балға деген сұраныстың жоғары екенін аңғарамыз. Бұл бірінші кезекте ондағы ара шаруашылығының дамуына үлкен септігін тигізіп отырса керек.
Жамбыл өңірі аграрлық аймақ болғандықтан да мұнда мақсары, күнбағыс секілді майлы дақылдар көп өсіріледі. Ал бал арасынан бөлетін тозаң өсімдіктің тез жетілуіне, мол өнім беруіне себепші болатындығы белгілі. Сондықтан да ара шаруашылығына көңіл бөлу басты мәселе. Оның жұмысы ауыр болғанымен, шығыны аз, пайдасы мол. Бүгінгі таңда облыста елуден аса омарташы ара шаруашылығымен айналысады. Олардың дені Меркі, Жуалы, Шу аудандарында жұмыс істеуде.
Бұл шаруашылықпен айналысуға ниет білдіргендерге мемлекет 6 процентпен 4 миллион теңге несие береді. Бұдан бөлек, елімізде 2014 жылдан бастап бал ара ұясымен селекциялық асылдандыру жұмыстарын субсидияланады.
Одан кейін «Бал-Ара» омарташылар ұлттық одағының Жамбыл облысы бойынша өкілі Валерий Ромащенко тәжірибесімен бөлісті. Ал «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалының директоры Олжас Қаржауов кәсіпкерлерге мемлекеттен берілетін қолдау туралы сөз етті.
Келесі кезекте еліміздегі С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ғалымдары Сұлтан Сауров пен Даулет Дошанов, Оңтүстік-Батыс мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының маманы Айнұр Алдиярова ара шаруашылығының дамуы, селекциясы, «МИНОР» бағдарламасы туралы сөз қозғады. Жиын барысында омарташылардың қойған сұрақтарына жан-жақты жауап берді..

Еркін САЙЫН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *