Қызғаныш оты жарға жыққан келіншек

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

Біреудің конспект дәптері, біреудің қол сағаты, біреудің суреті, сырғасы, шұлығы, қазаны, пияласы, тарелкасы, әйтеуір бәрінің екі-үш күндікте жоғалған заттары табылып, бәрі мәре-сәре болып қалды. Әйтеуір, бұрын-соңды болмаған әдемі кеш болды. Кеш соңы биге ұласты. Кеште де Аяз ата мен Қарша қыздың жұбы жазылған жоқ.
– Қарша қызбен бір билейікші, – деп келген жігіттердің бәрін Қасымхан маңына жолатпады.
– Аяз ата тұрғанда Қарша қызбен қалай билемексің, ұятсыз, – деп таяғын тақылдатып маңынан қуып отырды.
Алтай биге шақырып еді, Айжан онша қыр көрсетпеді. Жүрегі лүпілдеп тұрса да білдірмеуге тырысып, өзін суық ұстады. Қасымханнан айырылғысы келмеген кейіп танытты. Бұған Қасымхан да мәз еді. Алтай амалсыз Гүлжанмен биледі. Екеуінің бұл кеште жұбы жазылмады.
Кештің соңы әр бөлмеде жалғасты. Тәрбиешілердің «бітті ұйықтаңдар» дегеніне қарамай көңілі жарасқан қыз-жігіттер бөлмелерінде отырыс жасады.
Бұл кезде Аяз ата мен Қарша қыз өз қызметтерін аяқтап, Қасымхан мен Айжанға айналып еді. Сонымен бірге, бұларға «ғашықтар» дегендей жаңа көзқарас пайда болғанды.
Алтайдың ішін ит тырнады. Әлі де Айжанның Қасымханды таңдағанына сене алар емес. Қатарласа отырған Айжан мен Қасымханды көруге шыдамы жетпей бөлмеден шығып кетті. Төртінші қабатқа көтеріліп еді, алдынан бір топ жігіт шыға келді.
– О, Алтай жақсы келдің, жүр, жүр, – десті. Бәрі шеткі бөлмеге жиналып ішіп отыр екен. Бұған да бір стакан құйды.
– Жаңа жылмен! – десті де бәрі көтеріп салды. Алтай анда-анда болмаса, бұлай құшырлана өмірінде ішпеп еді. Осы жолы тамаша өтті. Ішкі күйігі бір қыж-ж етіп қуырылғандай. Қанша ішкенін өзі де білмейді, бір сәт қайтуы керек екені есіне түсті.
Бұдан ары ішсе, мас болып масқарасы шығатынын шала мас күйі ұқты. Қайтып төменге түсті. Отырыс қызып жатыр екен. Отырыстың «гүлі» Қасымхан қыздарды қалжыңымен қарық қылып отыр.
– Кел, Алтай, – деп алдымен Гүлжан қуанып кетті.
– Кел, кел, – деп Қасымхан да ысырылып орын берді. Ысырылған сайын Айжанға жақындай түсті. Алтайдың келгеніне қыздардың бәрі қуанып қалды. Себебі, мұнда Гүлжаннан басқа да Алтайды ұнататын қыздар бар еді.
Отырыс тарқаған соң әдеттегідей жастар екеу-екеу болып кетті.
Алтай жалғыз қалған. Темекісін тұтатып фойеге келді. Терезені ашып құшырлана ішке жұтқан темекі түтінін сыртқа үрледі. Қасына келген Гүлжанды да байқамай қалыпты.
–Ә-ә, Гүлжан, — деді қыздың естілер-естілмес жөткірінген даусын естігенде.
–Не болды, Алтай, мас болып қалдың ба?-деп сұрады Гүлжан.
–Жоға. Өзім таза ауа жұтайын деп.
Екеуі біраз үнсіз тұрды.
–Айжан Қасымханмен жүре ме?- деп сұрады Алтай үнсіздікті бұзып.
Гүлжан «білмеймін» деген ишара жасап иығын бір қомдап қойды.
–Екеуінің жұбы жазылмай жүр ғой, — деді ішкі қызғанышын жасыра алмай.
–Солай болса солай шығар. Қасымхан Айжанға ұнайтын сияқты ғой.
Алтай тіпті жынданып кетейін деді. Айжанның сырын Гүлжаннан басқа кім жақсы біледі дейсің?
Әлгінде Қасымхан «мынау Қарша қызға» деп әдемі бір қорап сыйлап еді. Айжанға «Не екен» деп бәрі қызыққан. Айжан қарсы болмады, сыйлықты алды. Сонда Қасымханды ұнатпағаны қайда?
Ұнатады. Ұнатпаса олай етпес еді?
Өз ойымен өзі болып тұрған .
–Жақсы, сау бол, -деді Гүлжан кетуге ыңғайланып.
–Гүлжан, тоқташы…
Бұл сөздің аузынан қалай шығып кеткенін өзі де білмей қалды. Шала мас күйі, басы мең-зең қалпы қыздың қасына жетіп келді.
–Мен… Мен… сүйем… – деді ішкі сезімімен арпалысып, тілі күрмеліп.
Гүлжан мұны күтпеп еді. Алтай оның иығынан ұстап «мен… сүйем…» деді тағы да.
Гүлжан арыға шыдай алмады. Талайдан бері күткені осы сөз емес пе еді. Тұла бойын махаббат жалыны шарпып, сезімге тұншығып, жібіп бара жатты. Алтайдың кеудесіне басын қойды. Бақыттан басы айналып тұрды.
«Мен не істеп қойдым?» деді басы мең-зең қалпы өзіне-өзі Алтай сұрақ қойып. «Мен Айжанды сүйем» деп айтпақ еді. Бірақ, Гүлжан қате түсінді. Жоқ, өзі қате түсіндірген. Құшағындағы қыздың жалыны Алтайдың тұла бойын ерітіп бара жатты. Енді бәрібір емес пе деп ойлады ол іштей. Айжан Қасымханды сүйеді. Ал, мен…
Әдемі духидің иісі мұрнын қытықтап барады. Гүлжанды бауырына қыса түсті.
–Гүлжан ұйық… –Мына дауыс махаббатқа малынып тұрған екеуін де селк еткізді.
Сөзінің арғы жағын айта алмай Айжан да қатып қалған. Аузы сәл ғана ашылып, көзі жанарынан шығып кетейін деп тұр.
–Мен кетейін, — деді алдымен тілге келіп Алтай.
–Жоқ, мен кетейін, кешіріңдер, -деп Айжан тез бұрылып, бөлмесіне қарай жүгірді. Қанша жыламайын десе де көзінен жас ытқып шығып кетті.
Келе сала төсегіне құлады. Өзін-өзі тыя алар емес.
Гүлжанның бақыттан басы айналып тұрды.
Айжан жылап жатып ұйықтап кетіпті. Гүлжанның қай уақытта келгенінде сезген жоқ. Тек таңертең бұл оянғанда Гүлжан ояу екен. Ыңылдап ән салып, дастархан жасап жатыр.
–Ерте тұрыпсың ғой, — деді бұл әлі де жып-жылы төсектен шыққысы келмей.
–Не болды саған? Әншейінде ерте тұрып алушы едің, бүгін ұйықтадың ғой.
–Кеше кеш жатқан соң шығар.
–Қарша қыз боламын деп шаршап қалдың ба?
–Солай шығар, — деді Айжан көңілсіз.
–Тұр шай дайын. –Гүлжан көңілді еді.
–Айтпақшы, кешке кафеге барамыз, дайындал.
–Кіммен?
Гүлжан мына сұраққа аңтарыла қарады. Кіммен баратынын біле тұра сұрап тұрғаны несі деп ойлады іштей.
–Кіммен болушы еді, Алтаймен, — деді жылы жымиып.
–О, уже кафеге шақырып үлгерді ме?
–Ия, — деді Гүлжан мақтаныш сезіммен. –Сені де келсін деді. Уәлихан төртеуміз отырамыз.
–Мен бара алмаймын, — деді қысқа қайырып.
–Неге?
–Мені Қасымхан кездесуге шақырған.
Гүлжан мына сөзге таңданып әпкесінің жанына жетіп келді.
–Қасымханмен жүресің бе?
–Әлі олай деуге келе қоймас.
–Дегенмен оны ұнатасың ғой.
–Білмеймін.
Айжан әңгімені қысқа қайыруға тырысып киіне бастады. Екеуі шайды да үнсіз ішті.
Айжанның сабақ үстінде де мазасы болмады.
–Қыздар жаңа жылға төрт күн демалыс. Жаңа жылдан кейін ұмытпаңдар сессия басталады. Тойлай бермей сессияға дайындалыңдар, ұқтыңдарма, — деген апайының сөзі ғана Айжанға ес жиғызғандай.
–Сабақ оқу керек, — деді іштей «сессия» деген сөзден қорқып.
Кешкісін Гүлжан жинала бастады.
–Неге отырсың?-деді Айжанға. –Жүрші, бірге барайық, Алтай сені келсін деген.
–Жоға мен сабаққа дайындаламын.
–Қайдағы сабақ? Ертең сабақ сұрайды деймісің? Мереке ғой. Ертең апайлар сабақ өтпейді де. Сосын ауылға қайтамыз. Ауылға барған соң білесің ғой үйден шықпаймыз.
Айжан үндемеген қалпы дәптерінен көз алмай отыр.
–Алло, Алтай Айжан бара алмайтын болды,- деген Гүлжанның сөзі оны селк еткізді. –Қасымхан кездесуге шақырыпты.
Гүлжан телефонмен жеткізіп үлгерді. Айжан таңертең айтқан өтірігіне өкініп қалды.
–Неге олай дедің? – деді Гүлжанға ренжіп.
–Өзің солай деген жоқсың ба?
–Сендерге кедергі жасамайын деп айта салғанмын.
–Ой, Айжан, — Гүлжан әпкесін құшақтай қалды. Өмірі ашу мен ызадан жарылайын деп жүретін сіңлісінің көңілді жүргеніне қуанды. Сіңлісінің Алтайды шын сүйетінін көрді.
–Жарайды барамын, — деді ең алғашқы кездесу кешінде сіңлісін жалғыз жіберуге болмайтынын түсініп.
–Алло, Алтай Айжан баратын болды, — деді Гүлжан дереу ұялысына жармасып қуаныштан секіре.
Алтайдың да қуанышы қойнына сыймай кетті. Бағана көңіл-күйі түсіп кетіп еді. Енді ол тез-тез киіне бастады.
Досы болса жоқ.
– Уәлихан, — деді асыға досына қоңырау шалып, -Қайдасың? Тез жет кафеге барамыз. Кіммен болушы еді, Айжан, Гүлжан… – Арғы жағын айтпай-ақ ұялысын өшіре салды.Көрші бөлмедегі досының жақында ғана сатып алған галстугін сұрамай-ақ алып келді. Шашын олай-бұлай тарап сәндеді.
–Қой, галустук тағып барғаным ұят шығар, — деді тағы өзіне-өзі.
Алтай таранып-сәнденіп болған кезде Уәлихан да әлденеден құр қалғандай жетіп келді.
–Баратын болып па?
–Иә.
–Айжанның өзі көңілі кімде? Сен де ме, әлде Қасымханда ма?
Уәлихан әңгіменің басын ашып алайық дегендей Алтайға сұраулы жүзбен қарады.
–Оны бүгін білеміз, — деді Алтай сабырлы үнмен.
Төртеуі жатақханадан бірге шыққанда жұрттың көзі бұларда еді.
Төртеуі бірін-бірі күнде көріп жүрсе де бір-бірінен қысылып отырғандай үнсіз отыр. Айжанның көңіл күйі мүлде жоқ.
–Айжан көңілсізсің ғой, -деді Уәлихан үнсіздікке шыдай алмай.
–Жоға, көңілсіз емеспін, — Айжан әрең жымиды.
–Қасымхан ренжітті ме?
Айжанның жанар оты жарқ етті. Мұны жұрттың Қасымханмен жүреді деп ойлайтыны рас екен. Ол сасқалақтап Алтайдың жүзіне қарады.
Әншейінде нұрланып тұратын жанары сұрланып кетіпті.
–Қасымхан Айжанды неге ренжітсін. Қайта Айжан оны ренжітіп кетті. Ол бүгін Айжанды кездесуге шақырған екен. Айжан сендерді сыйлап осында келді, — деді Гүлжан бар сырды жайып салып. Айжан Гүлжанның аяғын «тыныш отыр» дегендей басып қалды.
–Неге бармадың? – деді Алтай. –Жігіттерді күттірген жақсы емес.
Сынап айтып отыр. Айжан түсінді.
–Күтсе күтер, — деді жайбарақат.
Аңғал, ақкөңіл деген қыздың осыншама пысық деп кім ойлаған деді іштей Алтай. Әсілінде «әйелдің қулығы қырық есекке жүк болады» деп тегін айтпаған-ау.
Төртеуі жатақханаға қайтқанда есік әлі де жабыла қоймапты. Мереке күндері осылай кеш жабылып, кішкене еркіндік берілетін әдеті бар.
Қасымхан бұларды дәлізден күтіп алды.
–Жұптарың жарасып қайдан қайттыңдар?
–Кафеден, -дедіУәлихан сүйінші сұрағандай.
–Мені неге шақырмайсыңдар? Менсіз қалай тамақтарыңнан өтті, — деді Қасымхан әзілдеп.
–Күшті өтті, — деді Уәлихан қалыспай.
Төртеуі фойедегі ескі сықырлауық диванға отыра кетті. Алтай тура бөлмесіне тартты.
Бұдан кейін Гүлжан да отыра беруді жөн көрмей орнынан тұрды. Уәлихан да бірге кетті.
Қасымхан мен Айжан тағы да оңаша қалды.

Студенттік өмірдің қызығы мен шыжығына күйіп-пісіп жүріп, уақыттың қалай зымырап өтіп кеткенін де білмей қалыпты олар.
Алтай оқуын бітіріп жұмысқа орналасқаны сол ата-анасы «үйлен» дегенді шығарды. Шара әпкесінен Гүлжан жайлы есітіп қойған сияқты. Шара әрине, алдымен Айжанды жөн көріп еді. Бірақ, оның таңдағаны басқа болған соң амал нешік. Гүлжан да жаман қыз емес деп ойлады іштей. Бастысы ата-анасы жақсы жандар. Алтайдың ата-анасы да Шараның үйіне барып болашақ құдаларын сынап қайтты. Жоқ, тіфәй-тіфәй, жақсы жандар сияқты. Қыздары да бірінен-бірі жақсы. Менің келінім болса екен дейтін сұлу. Гүлжан да, ата-анасы да ұнады. Олар Алтайдың жауабын күтпестен-ақ той қамына кірісті. Бұл жайлы Гүлжанның ата-анасы Шарадан есітіп білді. Алтай Айжанды сүйгенімен, оның Қасымханмен жүргенін кешіре алмады. Гүлжанды ұнатуға тырысты. Не де болса болды. Бастысы Гүлжан мені сүйеді ғой деп ойлады. Оның үстіне екі жыл бірге жүріп, енді тастап кетуге тағы болмайды.
Той күнімен бірге сабақ та жақындап жатты. Гүлжан не сабаққа дайындаларын білмей, не тойға дайындаларын білмей аптығып жүр. Айжан тұйықталып алыпты. Сіңлісінің алдымен тұрмыс құрып бара жатқанына шығар деп ойлады Әлия.
–Қызым неге көңілсіз жүрсің? –деді бірде Әлия оңашада қызына.
–Көңілсіз емеспін, -деді Айжан жылы жымиып.
–Алтай жақсы жігіт пе өзі? Сен де танитын шығарсың.
–Танимын ғой. Жақсы жігіт, уайымдамаңыз.
Қызының сабырлы сөзінен Әлияның көңілі орнығып қалды. Гүлжан өз теңін тапты. Ал, Айжаннан қорықпаса да болады.
–Гүлжан мен Алтай үйленетін болыпты ғой, — деді Қасымхан Айжанды алғаш көре салып.
–Иә.
–Сіңлің сенен бұрын тұрмыс құрайын деп жүргенге біртүрлі болып жүрген жоқсың ба?
–Оның несі бар екен.
–Біз де үйленейік, — деді Қасымхан ойындағысын жасыра алмай.
Айжанның тамағына әлдене тығылып қалғандай болды. Ол мұндай ұсынысты әлі естіп көрмеп еді. Қасымхан жауап күтіп тұр. Айжан оның жүзіне қарады. Қалжыңдап тұрған түрі көрінбейді.
–Не дейсің Айжан?-деді Қасымхан шыдай алмай.
–Ренжіме Қасымхан. Қазір болмайды. Гүлжанның тойын өткізіп алайық.
–Гүлжан сенің тойыңды өткізіп алғанша асықпау керек еді.
–Гүлжан емес, Алтайдың ата-анасы асықтырып отырған, -деді Айжан сіңлісін ақтап.
–Менің де ата-анам үйлен деп жүр. Не істейміз?
–Оқуымды бітірмей тұрмысқа шықпаймын Қасымхан. Күтуіңе тура келеді, -деді Айжан еркелей жігіттің бауырына тығыла түсіп.
–Күте алмасам ше?
Айжан да мұны күтпеп еді. Мына сөзінің қай мағынада айтылғанын білмей. Сәл ойланып қалды.
–Күте алмасаң амал жоқ, не деймін, — деді бұртиып.
–Басқаға үйлене берейін бе?
–Үйленсең үйлене бер.
–Саған бәрібір ме?
–Саған да бәрібір болып тұрған жоқ па?
–Әлдеқашан мені ұмытайын дегенсің бе?- деді Қасымхан шын өкпелеп.
–Сен мені ұмытып, үйленетін басқа біреу тауып келіп отырған жоқпысың.
Бірін-бірі орынсыз кінәлап отырғанын екеуі де ұқты.
–Мен ешкімді тапқан жоқпын. Сені ғана сүйемін, — деді Қасымхан Айжанды бауырына тарта түсіп.
–Сен мені сүйесің бе?
Айжан жауап орнына жігіттің бауырына тығыла түсті.
–Жұмысың қалай?-деді әлден соң әңгімеге көшіп.
–Үйренісіп жатырмыз. Бірақ бәрібір студентік өмірге жетпейді екен.
–Сағындың ба?
–Иә, бірге оқыған достарымды, жатақхананы, бәрін-бәрін сағындым.
–Мені ше?-деді Айжан еркелей.
–Сені ме? Сұрама… –Қасымхан қыздың ернінен құшырлана сүйді.
–Айжан үйленейікші…
Айжан әлдене деп жауап қатпақшы болды. Бірақ оған мұршасы жоқ еді.
Гүлжан мен Алтайдың тойына жатақханадағы достары, курстастары бәрі жиналды. Той тамаша өтті. Той сылтауымен Әлия Қасымханмен де танысып алды. Айжанның да жуық арада ұясынан ұшып кететінін ана жүрегі сезді. Бетер езілді. Гүлжан бақытты еді. Қос жанары оттай жанып, жүзі құлпырып жүрді. Қасымхан мен Айжан арнайы барып екі жасқа бақыт тіледі.
–Бақытты болыңдар,-деді бұлар кезек-кезек қол алысып.
–Сен де бақытты бол,-деді Алтай Айжанның аялы алақанын қысып тұрып. Даусында да, жүзінде де көндігу бар еді.

(жалғасы бар)

Бақытгүл Ауданова

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *