«Масаншы» оқиғасы: себеп пен салдар

Жамбыл облысы Қордай ауда­нындағы жағдай дүйім жұртты дүр сілкіндірді. Бейбіт күнде оқ атылып, қан төгілгені та­лай­ды алаңдатты. Текетірестен бас­талып, соңы жап­­пай төбелеске ұласқан оқи­ғаны Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі тікелей ба­қы­лауына алып, облысқа Үкімет­тік комиссияны жіберді. Қордай­дағы қантөгістің салдарына үңіл­мес бұрын оған түрткі болған се­­бептерге тоқ­талсақ.

Бәрі неден басталды?

Жалпы, жұрттың жағасын ұстатқан жағдайдың ә дегенде нақты байламынан гөрі болжамы көп болды. Алтыншы ақпан күні әлеуметтік желі арқылы тарай бастаған бейнежазбаларға бастапқыда бұқара аса мән берген жоқ. Себебі бұ­ған дейін де тентектер арасындағы төбелеске тұрғындардың көзі үйренген. Бірақ жетінші ақпан күні тәртіп сақ­шыларымен жаға жыртысуға барған дүнген азаматтардың артық қылығы қоғам шыдамының шегіне жеткендей болды. Сол-ақ екен кешкілік «Масаншы мен Бұлар батыр ауылындағы ағайындар атысып жатыр екен» деген суық хабар желдей есті.
Ресми де, бейресми мәліметке сүйен­сек, негізгі жанжал қазақ пен дүнгеннің қара жолды бөлісе алмағанынан шық­қан. Төлеген есімді 80 жастағы қария екі ұлымен жол бойында көлігімен келе жатып, бейтаныс адамдарға тап бо­ла­ды. Дөрекілік танытқан әлгілердің әлім­жеттігіне қарсы сөйлеп, қария мен балалары сол жерде таяққа жығылады. Бұл – 5 ақпан күні болған оқиға. Жұрт­тың айтуынша, ертесіне екі жақ кезде­сіп, бітімге келген көрінеді. Алайда ал­­тын­­шы ақпан күні бір топ жігіт мінген авто­көлікті жол сақшылары тоқтатып, жүр­гізуші құжатын тексермек болады. Бірақ кө­ліктен түскен жігіттер тәртіп сақшы­сы­ның талабына мойынсұнудан бас тартып, соңы екі жақтың жаға жыр­­тысына ұласады. Міне, осы бейне­жаз­баның әлеуметтік желі арқылы тез тарап ке­туі бұған дейін де тұтанып жүр­ген қа­зақ-дүнген кикілжіңіне май құяды. Ар­тын­ша 80 жастағы қарияның соққыға жы­ғылған оқиғасы да өрши түсіп, сөнген шоқты үрлей түседі. Жанжал басталғалы Жамбыл облысы әкімдігі де оқиға себебін ресми түрде мәлімдеген жоқ. Алайда өт­к­ен жексенбіде Ішкі істер министрінің орын­басары Алексей Калайчиди біз айт­қан жайтты толықтай растады.
«Тұрғындар жолды бөлісе алмаған. Ауылдың 3 азаматы бір көлікте кетіп бара жатып, жүк көлігінде отырған тағы бір 3 тұр­ғынмен ерегіседі. Бұл текетірес төбелеске ұласып, тараптар бір-біріне жұдырық алып жүгіреді. Артынша полиция келіп, бұл мә­селені шешкен. Алайда әлеу­меттік желідегі ақпараттар жағ­дайды ушықтырып жіберді» деп мәлімдеді А.Калайчиди.
Президент Қордайдағы жағ­дайға байланысты шұғыл жиын өткізіп, жауаптылар жазалана­тынын мәлімдеді. Бүгін алғашқы нақты шешімдер қабылданды. Облыстың осы салаға жауапты шенділері қызметінен кетті.

Оқты кім бірінші атты?

Бұл сауалға қатысты да қазір түрлі нұсқалар айтылуда. Бір та­рап қазақтарды кінәласа, екінші жақ дүнгендерге кінә артуда. Алайда алғашқы күні болған жайт­ты көзбен көргендердің сө­зіне сенсек, сол түні 300-ден аса адам Масаншы мен Бұлар батыр ауылдарын екі жақтан қоршауға алған. Мұны министр Дәурен Абаев журналистерге берген сұхбатында растады. Ал оқиғаның басы-қасында болғандар Бұлар батыр ауылына апаратын бес шақырым жолда көлік кептеліп, жиналғандардың саны 1 000 адамға жуықтағанын айтады. Сонымен, екі ауылды қоршауға алған қазақтардың негізгі талабы дүнгендермен жеке есебін айы­рысу болған. Алайда облыстан жет­кен өкілдер мен полиция қыз­меткерлері жиылғандардың жо­лын бөгеп, адамдарды аталған екі ауылға қарай өткізбеген. Де­генмен ашуға булыққан жұрт тәртіп сақшыларынан құралған қоршауды көлікпен бұзып кіріп, екі автокөлік бірдей отқа оранған. Осы тұста мылтықтың үні бірінші рет естілген. Артынша тастар мен шыныға құйылған сұйықтықтар лақтырылған. Тәртіп сақшылары жиналғандарды бұғаттауға кіріс­кенімен, басым бөлігі қоршаудан өтіп кетіп, соңы жанжалға ұласа­ды. Алайда алғашқы оқты кім атқаны әлі күнге белгісіз. Десе де, сол күні 8 адам қаза тауып, 40 адам ауруханаға түсті. 47 адам қамауға алынды. Қазір құзырлы органнан құралған тергеу тобы жауаптыларды іздеуде. Қордайға келген Үкіметтік комиссияның төрағасы Бердібек Сапарбаев бү­лікке түрткі болғандар жауапсыз қалмайтынын айтып отыр. Кейін Премьер-Министрдің орынба­сары ақсақалдарымен болған кездесуде ұсталған 47 азаматтың 44-і босатылғанын хабарлады.

Дүнгендердің өзі не дейді?

Жалпы, қазір қай ауылға бар­саңыз да, дүнген жастарымен тіл­десу қиын. Бәрінің бойын түрлі сезім кернейтіндей. Сон­дықтан біз үлкеннен аспаған салтты берік ұстанған ұлттың ақсақалдарымен тілдесуге ты­рыстық.
– Қазақ пен дүнген соғысты да, ашаршылықты да, өзге де қиыншылықты бастан бірге кешірді. Ауылымыздағы үйлерді өртегендерді өзім бұзақылар деп білемін. Олар да ұлт та, ұлыс та жоқ. Әрқайсысы өзінің істеген әрекеті үшін жауап береді. Ал­ғашқы түндері қиын болғанын жасырмаймыз. Түні бойы кірпік ілмедік. Алайда қазір жағдай тұрақталды. Мен дүнген мен қа­зақ бауырларымды осынау ынты­мағымыздан айырылып қалмау­ға шақырамын, – дейді Сортөбе ауылының ақсақалы Хусей Дауров.
Дүнген диаспорасының бел­сендісі Абдухалил Маюфи болса, Қордайдағы жағдай арандату­шылардың ісі екенін айтады.
– Біз қазақты әрқашан ба­уырлас ел деп білген ұлтпыз. Өзім­нің келінім – қазақ. Қы­зымды қазаққа ұзатып отырмын. Сондықтан біз тамырласып, қазақ болып кеткен елміз. Ал кешегі қантөгіс бұл теріс пиғылды ұйымдасқан топтың істеген тірлігі деп ойлаймын. Балаларымыз сол арандатуға ұрынып қалды. Сон­дықтан мен барша қазақтарды бірлікке, татулыққа келуге шақы­рамын. Бізді қазір бұзық халық деп жатыр. Біз ондай емеспіз. Біз татулықты сүйетін елміз. Сон­дықтан қазақ бауырлар бірлік пен бітімгершілікке келейік, деп ақсақал қазақты ауызбіршілікке шақырды.

Қазіргі жағдай қандай?

Қазір қос ауылдағы жағдай то­лық бақылауда. Елді мекендерде астаналық комиссия тексеріс жұмыстарын бастағаннан кейін біз де арнайы ат басын бұрған едік. Өтеген ауылында жағдай тұрақты. Ал Ауқатты ауылына кірер тұста екі бірдей өткізу бе­кетінде әскерилер мұздай қару­ланып тұр. Бір сөзбен айтқанда, тексеріс пен қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Ауқаттыда бірер үйлердің терезесі сынған. Бұлар батыр ауылында күйіктің иісі қолқаңды қабады. Жол бойында өртенген көліктер тұр. Ауыл ішін арнайы жасақтың сарбаздары бақылауға алған. Ал Масан­шы­дағы жағдай қиындау. Мұнда бір көшенің үйлері то­лықтай өрт­ке оранған.
Қордайдағы қақтығыс болған күннен бері әлеуметтік желілерде түрлі жалған ақпарат белең алды. Соның салдарынан азаматтар Масаншы мен Бұлар батыр ауыл­дарына жиылып, арандатуға түсіп қалғандай. Мұны алғашқы түнгі оқиғаға куә болған Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының меңгерушісі Маржан Қожаева да айтты.
– Алғашқы күні ең қиын жағ­дай Масаншы мен Бұлар батыр ауылдарында болды. Ұйымдасқан топ көліктер мен үйлерді өртеді. Алайда арнайы жасақ ауылға кірген кезде бүлікшілердің бірде-біреуін таппай қалды. Бәрі ізін суытып үлгеріпті. Соған қараған­да, шы­нын­да сырттан келген арандату­шы­лар көпшілікті қақ­ты­ғысқа итер­мелеген сияқты, – дейді Мар­жан Төреғұлқызы. Қазір Үкіметтік комиссия да, құ­қық саласының қызметкерлері де бірінші күннен осы нұсқаны тексеру үстінде.
Алайда бір қуанарлығы, «Қордайдан дүнгендер қырғыз еліне үдере көшіп жатыр» деген қауесет шындыққа жанаспады. Рас, оқыс оқиға болған күннің ертесіне үрейленген халық шекараны бетке алған. Алайда Үкіметтік комиссияның күшімен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қазір дүнген азаматтар толықтай үйлеріне оралып отыр. Жексенбі күні өткен жиында да сол уақыттағы вице-пре­мьер, қазіргі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тағы да елді сабырлыққа шақырды.
– Сіздерге қауіптенетіндей еш негіз жоқ. Денсаулықтарыңыз бен өмірлеріңіз құқық саласы қызметкерлерінің жіті бақыла­уында болады. Сондықтан бар­лығыңыздың үйлеріңізге ора­лу­ларыңызды сұраймын. Осы­ны туған-туыс, жақын­дары­ңызға жеткізсеңіздер. Ауыл­да­рыңызда болған жағдайға жа­уаптыларды толықтай анықтап, жауап­кер­ші­лікке тартатын бо­ла­мыз, – деді Бердібек Мәшбекұлы.
Елордалық тексеру тобы қаза тапқан тұрғындардың үйіне ба­рып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айтуын жеткізді. Сондай-ақ жексенбі күні жерленген марқұмдардың моласының басына барып, көпшілікті тағы да бірлік пен ынтымаққа шақырды. Көпшілік көтерген түйткілдер бойынша тиісті шешімдер қабылданатынын және зардап шеккен үйлерді қайта қалпына келтіру жұмыста­ры толықтай есеп аяқталғаннан соң, заң шеңберінде қолға ала­тынын жеткізді. «Сіздерді Үкімет далада қал­дыр­майды. Барлық мәселе тексеру тобының қоры­тындысынан кейін шешіледі. Тұр­ғындардың қауіп­сіз­дігі, тұр­мыстық жағдайы біздің басты міндетіміз бен парызымыз болып отыр» деп халыққа басу айтты комиссия мүшелері.
Жалпы, бұған дейін 8 адам қаза тауып, 40 адам жарақаттанып, 36 үй өртке оранып, 20-дан аса көлік жанып кеткені туралы дерек ай­тылған болатын. Өткен жексенбіде жансақтау бөлімінде жатқан тағы бір азамат көз жұмды. Сондай-ақ қақтығыс барысында 25 жасар Дархан Әбдірахымның да қайтыс болғаны белгілі болды. Көрші ауыл­дан келген тұрғынның өзінде төлқұжаты болмағаннан кейін жер­гілікті билік осы таңға дейін мә­йіттің жақындарын таппаған еді.
Одан бөлек, қазір жергілікті билік 2000 жылы туған Мұрат Масановты іздестіруде. Жақын­дарының айтуынша, соңғы рет Мұрат көлігімен қақтығыс болып жатқан ауыл маңынан өтіп бара жатқанын айтқан екен. Содан кейін балаларымен байланыс үзілген. Алайда ертесіне інісін іздеп шыққан бауырлары оның көлігін Бұлар батыр ауылының маңынан қираған күйінде тапқан. Бұл іспен қазір құзырлы орган қызметкерлері жіті айналысуда.

Айтпақшы…

Аталған жағдайға орай ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тартуды тапсырды. Атап айтқанда, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл Жамбыл облысы, Қордай ауданында кісі өліміне, тұрғын үйлердің қирап, азаматтардың дүние-мүліктерінің бүлінуіне әкеп соқтырған оқиғаға байланысты облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары С.Құрманбекованы және Қордай ауданының әкімі Б.Байтөлені жұмыстарына салғырт қарағаны үшін қызметінен босатуды тапсырды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы ҚР Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевқа Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы А.Оразалиевті және Қордай аудандық полиция бөлімінің бастығы А.Айқымбековті қызметінен алуды жайлы тапсырма берді. Ал осы күні кешкісін Асқар Мырзахметов өз еркімен қызметінен кетті.
Сарапшы мамандардың үш күн бойғы мүліктерді санап, зерттеп, зерделеуі бойынша оқиға салдарынан шамамен 1 миллиард 7 миллион теңге шығын келген. Енді бұл материалдық шығын заңға сәйкес шетінен төленеді. Бірақ ол үшін тұрғындардың құжаттары түгел болуы керек. Бұл бағытта мобильді халыққа қызмет көрсету орталықтары жергілікті жерде жұмыс істей бастады.
Жалпы, қазіргі уақытта Қордайдағы ахуал тұрақталып келеді. Десе де, аудандағы төтенше жағдай сақтала бермек. Полиция мен ұлттық ұлан жасақтары аудандағы жұмысын әзірге жалғастыра береді. Жұртты арандатып, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырғандар, билік өкілдеріне қарсы күш қолданып, адам өлтіргендер бойынша 25 қылмыстық іс қозғалды. Бас прокуратураның жетекшілігімен ведомствоаралық топ құрылып, кінәлілер іздестіріліп жатыр.

Саян ТІЛЕУЖАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *