Бердібек Сапарбаев – Жамбыл облысының әкімі

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Жамбыл облысының әкімі болып Бердібек Сапарбаев тағайындалды. Бұған дейін облысты басқарып келген Асқар Исабекұлы Мырзахметов өз өтініші бойынша қызметінен босатылды.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Президенттің жарлығымен, облыстық мәслихаттың келісімімен тағайындалған жаңа әкімді өңір активіне таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі. Үкімет басшысы Асқар Исабекұлының аймақтың дамуына қосқан елеулі еңбегін атап өтті.
Өз кезегінде сөз алған А.Мырзахметов бұған дейін облыстың дамуының оң динамикасы қалыптасуы жолында жұмыла жұмыс жасаған барша жамбылдықтарға алғысын білдіріп, жемісті жұмыстардың жалғаса беруіне тілектес екенін жеткізді.
«Өкінішке орай Қордай ауданында ауыр қайғылы жағдай орын алып, бірнеше азамат қаза болып, жүз жетпістен астам адам жарақаттанды. Бұл тек жамбылдықтар үшін ғана емес барша еліміз үшін оңай тимеді. Осы тұрғыда мен облыс әкімі ретінде жұмысты жалғастыру моральдік тұрғыда ауыр деп есептедім. Сондықтан да Президентке өз еркіммен отставкаға кету туралы өтініш жаздым. Шешімімді қабылдаған Мемлекет басшысына рақмет»,- деді А.Мырзахметов.
Бұдан соң Б.Сапарбаев өзіне сенім артқан Елбасы мен Мемлекет басшысына алғысын білдіріп, Асқар Исабекұлының іскерлігіне тоқталып, өңірде қолға алынған іргелі істер мен жарқын жобалар жалғаса беретінін айтты.
Актив жиынында сөз алған облыстық мәслихаттың хатшысы Б.Қарашолақов, мәслихат депутаттары Е. Мұқашев, Е.Саурықов, Тараз қаласы мәслихатының хатшысы Б.Күлекеев Асқар Исабекұлының өңірдің өркендеуі жолындағы айтулы үлесіне тоқталып, жаңа әкімнің жұмысына сәттілік тіледі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *