«Қоғамдық тәртіпті, заңдылықты сақтауға тиіс полиция неге дәрменсіз болды?»

Нұртөре ЖҮСІП,
ҚР Парламент Сенатының депутаты:

Бакуде жүрміз: Әзербайжан еліндегі парламент сайлауының барысын байқап, бақыладық. Мұндағы сайлау заңнамасының өзіндік ерекшеліктері бар екен, өз елімізбен салыстырдық, ой түйдік, қорытынды жасадық. Бәрі дұрыс секілді. Алайда жанды жеген бір нәрсе бар.
Алаң көңіл.
Ел жаққа елеңдеймін.
Қордай жанжалы жанға маза таптырар емес. Қаза тапқан қандастар отбасына қайғырып, көңіл айтамын. Әлеуметтік желіге күніге жүз рет кіріп, әр хабарға қайта-қайта қараймын.
Ашынғандар бар. Арандағандар бар. Арандатушылар да бар сияқты… Кінәлі кім? Жанжал неден басталды? Жағдай неге ушықты? Қоғамдық тәртіпті, заңдылықты сақтауға тиіс полиция неге дәрменсіз болды?
Мәселені ушықтырмай шешуге тиісті құзырлы мекеме өкілдері неге сылбыр қимылдады?
Адам шығынына неге жол берді? Осының бәріне кінәлі кім деген сұрақтың төбесі қылтиды.
Анадан көру, мынадан көру, жаппай тәртіпсіздікке шақыру орын алып та жатыр. Басу айтылса керек осындайда. Бабалар салтымен. Сабырға шақырғандарды келемеждеп жатқандар да бар.
Аталы сөз айтылуға тиіс. Тыңдайтын құлақ бар ма? Біз елдік, мемлекетшілдік құндылықтарды бірінші кезекке шығара алмай келеміз. Ел болған соң телі мен тентек болмай тұрмайды.
Тезге салатын кім? Мемлекет! Дауласуға болады. Айтысайық. Тартысайық. Қызыл кеңірдек болып, өз пікірімізді дәлелдеуге тырысайық. Тіпті жағаласайық…
Жауласуға болмайды! Жағалассақ та жаға жыртысуға, оның артынан адам өлтіруге болмайды. Айтысып, тартысып, келіп-келіп қай жерде тоқтауымыз керек?
Мемлекет деген жерде! Қазақ мемлекеті болмаса – біз кімбіз? Кімге сөзіміз жүргендей?
Кімге басымызды көтеріп, кімге тура қарай алғандаймыз?
Еңсемізді осы ел – өз мемлекетіміз үшін көтеріп жүрген жоқпыз ба? Тәуелсіздік, тұрақтылық, тыныштық деген ұғымдардың қадір-қасиетін білеміз. Бірақ осыны тотықұс тәрізді тым жиі қайталап, қадірін кетіріп алғандаймыз.
Береке мен бірлік туралы да солай айтуға тура келеді. Халықтың «Төрге шығарсақ та, төбемізге шығармаймыз» деген талабы орынды. Асығуға болады.
Ашынуға болады.
Бірақ басынуға болмайды! Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев – Мемлекет басшысы ретінде жанжалды реттеуге, жағдайды бақылауға алуға өте сергек қарады.
Тез реакция жасады.
Әуелі Twitter-де пікірін білдірді. Сосын мәлімдеме жасады. Үкімет құрамынан арнайы комиссия құрды. Ел елеңдеп отыр. Намысын таптатқысы келмейді. Түсінеміз. Кінәлілерді анықтау, қылмыс жасағандарды жазалау, жағдайды тұрақтандыру сол комиссия құзырында болар.
Біржақты болудан сақ болсақ екен. Кешенді зерттеу жүргізілгені жөн. Елдің көкейінде «Қазақстан азаматтығын кім көрінгенге неге бере береді?» деген сауал тұр. Қайсыбір жылы «аты-жөнін жазып алса болды» деп, қаптаған Қазақстан паспорты табылыпты деген қаңқу сөз шықты.
Шынымен солай ма? Осыны тексеру керек. Әділеттілік болмаған жерде әлеуметтік қайшылықтар туындай береді. Түсіністік болу үшін не істейміз? Қандай амал қыламыз?
Мемлекет деген ұғымды басты басымдыққа айналдыру үшін не жасаймыз? Қазір кез келгеніміз өзімізге «Қазақстан маған қымбат па?» деген сұрақ қойып көрсек. Қымбат дейтініміз даусыз. Қымбат бір затыңызды жоғалтып алсаңыз не болады? Жан-жағыңызға алақтайсыз. Сипалана бересіз. Қайта-қайта қарағыштайсыз. Әйтеуір жаныңыз байыз таппайды.
Қазір бәріміздің басымызда сондай жағдай тұрған сияқты. Бәріміз үшін ең қымбат құндылық – Қазақ Елін, қазақ мемлекеттілігін жоғалтып алмауды ойласақ.
Осы қаперде тұрса!
Айналамыздағы мысықтілеу мемлекеттердің ойыншығына айналып кетпеудің амалын жасасақ. Бір мезет бәріміз тоқтасақ. Ойлансақ.
Ары қарай қалай болады? Қираған дүние-мүлік қалпына келер. Алаң көңіл басылар. Тыныштық орнар. Төгілген қанның өтеуі қайтсе табылады? Тыныштықтың керегі жоқ па бізге?
Дүрдараз қауым қайта жараса ма? Әлде ырың-жырың жалғаса бере ме? Сыздауық неден шығады? Суықтан. Көңілдегі сыздауық ше? Ол неден шығып жатыр?
Бір себебі – тілдік талап. Халықтың мемлекеттік тіл туралы талабы дұрыс. Бір мемлекетте тұрып, екі тілде, екі арнада, екі бағытта, бір-біріне қарсы екі жағалауда тұрып тіл табысу қиын…
Сыздауық жарылмай тұрмайды. Береке мен бірлік – Мемлекеттің мемлекеттік тілінде! Бір тілде сөйлейтін, бір тілде түсінісетін қоғамды орнықтыра алмасақ, Абай айтқан «бас-басына би болған өңкей қиқым» деңгейінен аса алмаймыз. Қазақ – төзімді, шыдамды ұлт. Талай қиындыққа шыдадық. Намыстан жаралған халықпыз. Ендігі таңда елдік намыс жолында болайық! «Жалқау қазақ, бейқам қазақ, епсіз қазақ» деген сөз келтірмейік!
«Жауыз қазақ» деген жаман атқа қалмайық! Бірінші кезекте әр қазақтың баласы өз отбасын дұрыстауға ұмтылса деймін: ұлың бетімен кетпесін, қызың шектен шықпасын, үлкеннің сөзі аяқ астында қалмасын; мынау жалпақ елді толтыратын ұрпақ жалғассын, солардың дені сау, білімді, иманды болып өсуін қадағаласын; әр әулет тіршілік көзін – кәсібін, нәсібін тек еңбектен тапсын; атқа мінген азаматтарды аяқтан шалудан, айтаққа еруден, қызылкөз қызғаныштан, дабыра мен даңғазадан, ысырап пен қанағатсыздықтан сақ болсақ!
Бір-бірімізге тек «болсын» дейікші! Қап-қоржынымызға береке толсын дейікші! Бір кезде «Қазақ қазаққа болыспаса, сол қайғы» деген мақала жазып едім. Мынадай сабырдың суы сарқылып, абыр-дабырдың ахуалы орнығып тұрған шақта сол сөзімді тағы да қайталағым келеді. Өзімізді елдің қоры деп сезінбейік. Өзімізді елдің зоры деп те сезінбейік. Қазақ болайық!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *