Қызғаныш оты жарға жыққан келіншек

(Жалғасы. Басы өткен санда)

–Қайран иесін таппай қор болған темекі,-деп Уәлихан әлі де сөне қоймаған темекіні көтеріп алды. –Шекпесең маған бермейсің ба ей!-деді сосын Алтайға қарап.
–Бір тал темекіден қалдың ба?-деді Алтай досына қарай күле.
–Канешна! Бес теңге ғой. Осы бір тал темекіні іздеп, әркімнен сұрап, қайыршы боп кететінімізді ұмыттың ба?!
–Қыздардың алдында авторитетті түсірмесей.
Әзіл әңгімемен бірталай уақытқа дейін жүрді.
–Жатақхана жабылып қалмай тұрып қайтайық,- деді Айжан асығып.
–Жабылса терезеден кіреміз. Одеялмен жігіттер тартып алады.
–Қой-е…
–Қоятыны жоқ.
Төртеуі күле-күле жатақханаға енген. Есік әлдеқашан жабылып қалыпты.
–Шынымен терезеден кіреміз бе?-деді Айжан мен Гүлжан жарыса. Екеуінің сөзі де, даусы да бірдей шықты.
–Ия. Басқа амал жоқ,-деді Алтай күліп.
–Осы сендер егіз емессіңдер ме?-деп сұрады Уәлихан даусы ұқсас шыққан екеуінен.
–Егізбіз, тек Айжан бір жыл алдын туылып қойған,-деді күліп Гүлжан. Бұл сөзге бәрі күлді.
–Ал, кәне, одеялмен шығасыңдар ма, ақ жаймамен ба?- деп қалжыңдады Алтай.
Екі қыздың көздері шарасынан шыға жаздады. Алтай кезекші апайдың терезесін қақты.
–Бұл кім ей?!-деген дауыс анық естілді.
–Біз ғой апай,-деді Алтай мен Уәлихан жарыса.
Терезеден сығалаған апай бұларды таныды. Әлден соң кілттің сылдыры мен тырп-тырп басып келе жатқан аяқ даусы естілді.
–Қаңғыбастар, қайда жүрсіңдер. Кіргізбей қояйын ба?-деді кезекші апай ұрысқандай болып.
–Кешіріңіз апай,-деді төртеуі де жарыса.
–Бір жолға кешіремін, келесі жолы қайталанбайтын болсын. –Үнемі осылай дегенмен өз анаң секілді мейірбан осы апайды жатақханадағы студенттердің бәрі жақсы көреді. Әйтпесе, есік ашқанына ақша талап ететіндері де бар. Немесе жер жеберіңе жетіп, ертеңіне кураторыңның құлағына жеткізетіндері де бар. Төртеуі аяқ дыбыстарын білдірмейін дегенмен тып-тыныш түнгі тыныштықта дәліз тапырақтап кетті.
Айжан мен Гүлжан бөлмелеріне келіп дереу шай қоюға кірісті.
–Ту, қарным ашып кетті ғой,-деді Гүлжан күліп. Кафеге болмаса асханаға апарса қайтеді. Ең құрығанда бір-бір шоколад әперсе де ішіміз майланып қалар еді.
«Иә» дегендей екеуі де бас шұлғып күлді. Нан салғыштың ішіне салған жарты нанға банканың түбінде қалған тосапты жағып жеп азық қылды. Ыстық шәй тоңып қалған денелерін жылытайын деді. Екеуін де ұйқы басып, маужырай бастады.
–Картоп қуырып жейміз бе?- деді Гүлжан қанағаттанбай.
–Менің ұйқым келіп тұр, өзің жей бер.
–Қойшы онда мен де жемеймін.
–Сабақ та оқымадық,- деді Айжан ертеңгі күнді уайымдап.
–Бір мәнісі болар,- деп Гүлжан есіней бастады.
Дегенмен, екеуі де ұйқы құшағына бірден еніп кете алмады. Екеуі де іштей ойланып жатыр. Сырттан түскен сәуле бөлме ішін алакөлеңке түске бояп алыпты.
–Не ойлап жатырсың, — деді Гүлжан, төбеге қарап жатқан Айжанға қарап басын жастықтан көтеріп.
–Ештеңе,-деді Айжан бәсең үнмен.
Дегенмен ойында Алтайдың жүргені рас еді. Оны Гүлжанның да ұнататынын сезетін сияқты. Тек дәл солай ма сол жағын дөп басып біле алмай қорқады. Сіңлісінен сұрауға дәті жетпеді.
Осы бір жігіттің жүрегіне күннен-күнге жақындап бара жатқанын өзі де біледі. Оны ойламайын десе де ойында жүреді. Айжан өз сезімін тұншықтыруға бекінді. «Оқуым керек» деп ойлады іштей. Орнынан атып тұрды да жарықты жақты.
–Не болды?-деді Гүлжан жарыққа үйрене алмай көзін сығырайтып.
–Сабақ оқимын.
–Қойшы-ей, жатшы, ұйықтайық.
Айжан дәптерлерін ақтарып оқуға кірісті.
–Алтай жақсы жігіт, ә?-деді әлден соң Гүлжан жастықтан бас көтермеген қалпы.
–Сені ұйықтап қалған шығар десем, Алтайды ойлап жатырсың ба?
–Иә.
Айжанның мына сөзден жүрегі дір ете қалды. Тұла бойы мұздап сала берді. Ары қарай сабақ оқуға шамасы келмей, бір нүктеге тігілген бойы үнсіз қалды. Жанарына үйірілген жасты көрсетпейін дегендей бөлмеден шығып кете барды.
Дәліз тып-тыныш екен. Студенттік өмір ұйықтап жатыр. Ұзын дәліздің арғы басындағы жалғыз терезеге әрең жетті. Терезені ашып терең-терең ауа жұтты. Дегенмен, екі тамшы жас үзіліп түсіп үлгерді. Ол осыдан қорқып еді. Гүлжанға да Алтайдың ұнайтынынан қорыққан. Енді не болар екен деп ойлады іштей. Не де болса бұған енді Алтайды сүюге болмайды.
Күздің суық желіне қалтырап ағаштардың жапырақтары төменге құлдилайды. Жатақхана бұрынғыдай қызық емес, Айжанның көңіліндей құлазып кеткен.
Айжан оймен болып тұрып қасына келген жігітті де байқамай қалды.
–Қарындас, -деген дауыстан селк етті.
–Шошып кеттің ба?-деді Қасымхан жылы жымиып.
–Жоға.
–Не істеп тұрсың?
–Жәй таза ауада дем алып.
–Таза ауа қандай болады екен, мен де көрейінші,-деді Қасымхан әдеттегі әзілқойлығына басып, ашық тұрған терезеден басын шығарып.
–О, керемет! Жүр қыдырып қайтамыз,- деді Айжанға күле қарап.
–Қой-е, тыныштық керек, — деді Айжан шын сеніп.
–Қалай қыдырдыңдар? –деді сосын қыздың бетіне сынай қарап.
–Жақсы. Саябақта жүрдік.
–Алтай ағаң ба, әлде…
Айжанның жанары жарқ етті. Жігіттің не айтпақ болып тұрғанын ұға қойды.
–Алтай ешкімім де емес, — деді ашуланып.
–Мен сені мұнда Алтайды ойлап тұрған екен десем, мен сияқты мамаңды ойлап тұр екенсің ғой.
Қасымханның күлгенде шұқырлана қоятын екі беті, жанып тұрған жанары Айжанның бір сәттік бұрқ еткен ашуын басып тастады.
– Сен де мамаңды ойлап шықтың ба?- деді сыңғырлай күліп.
– Иә, не мамаларын тек қыздар ғана ойлайды, қыздар ғана сағынады деймісің.
– Мамаңды емес, оның ыстық тамағын сағынған шығарсың, — деді Айжан да әзілдей.
Екеуі де табылып айтылған сөзге біраз күліп алды.
– Рас, рас, -деді Қасымхан күле басын шұлғып. – Тамағын да, өзін де.
Екеуі ұзақ әңгімелесті. Қасымхан әзілқой, көңілі ашық жігіт екен. Айжан бұрын араласып көрмеген соң жете білмейтұғын.
Айжанның түнде Қасымханмен әңгімелесіп тұрғаны ертесіне түсте-ақ Алтайға жеткен. Жатақхана ішінде «Қасымхан мен Айжан жүреді екен» деген әңгіме гулеп кеткен.
Кешкісін Алтайды көрді. Кешегідей емес салқындау амандасты. Күндегідей емес, бөлмелеріне бірнеше күн келмей жүрді.
Осылай жүргенде күз де бітіп, желтоқсан басталды. Студенттің бәрі жаңа жылға дайындалып жатты.
Қыстың күні қысқа болғасын ба уақыт тез өтеді екен. Жатақханада жаңа жылға би кешін ұйымдастырып жатты. Би кешіне бәрінен бұрын Гүлжан қатты дайындалды. Анасына жылап жүріп арнайы көйлек алдырды.
– Айжан сен не аласың? – деп сұрады Әлия қызынан көңілі қалмасын деп.
– Ештеңенің қажеті жоқ. Әншейін жатақханада болатын би кеші ғой. Несіне әуре боламын, – деді жылы жымиып Айжан. Әлия қызының ақылдылығына сүйсінді.
Би кешіне Қасымхан да ерекше дайындалыпты. Ол бұл кешке Аяз ата болып келеді екен. Кеш басталып жатақхананың әнші бұлбұлдары ән айтып кеш қыза түскен кезде жүргізушілер «ал, енді Аяз атаны шақырайық» демесі бар ма. Мұндайда тіпті еліріп кететін жастар емес пе. Бәрі бар дауыстарымен айғайлап, ысқырып Аяз атаны шақырды. Бұл дауыстар планетаның арғы бетіндегі Санта Клаустарға да жеткен шығар.
– Саңырау емеспін-ей, айғайламасаңдар да есітемін, – деп әдеттегі әзілімен бір күлдіріп, етегі елбең-елбең етіп Аяз ата – Қасымхан ортаға шықты. Арқалаған дорбасы өте үлкен, ауыр сияқты. Әрең сүйреп келеді. Ішінде не бар екен деп студенттер жағы алаңдаса, сценарийге тура келмейтін дорбаға қарап екі жүргізуші де аң-таң.
– Ал, студенттер сендердің айғайларыңды есітіп міне, со-она-ау төртінші қабаттан текпешектеп әрең түсіп келдім. Басқа жатақханаларға бармай, осы жатақханада әдемі қыздар, жақсы жігіттер бар деген соң әдейі тура осында келдім. Дорбамның ауырлығын қараңдаршы.
– Қарша қыз қайда?
– Қарша қыз?.. – деп қалды студенттер жағы жарыса айғайлап.
– Ия, айтпақшы Қарша қыз қайда?– деп сұрады жүргізушілер жарыса.
– Қарша қыз ба? – Аяз ата сәл кем үнсіз тұрды. – Жаңа төртінші қабаттан төмен түсіп, сыртқа шықсақ есік алдында бір мәшина тұр екен. «Е, бізді күтіп тұр екен ғой» деп жанына жақындай бергеніміз сол ішінен төрт жігіт шығып Қарша қызға бас салса бола ма. Содан олар ары тартты, мен бері тарттым, амал не төртеуіне шамам келмеді. Олар Қарша қызды басып алып қашып кетті. Көйлегін әрең шешіп алып қалдым. Қарша қыздарың енді Қарша келін болып отырған шығар, – деп Қарша қыздың көйлегін дорбадан алып шыққанда барша жұрт ду күлді.
– Ойбүй, енді қайтеміз, – десті жүргізушілер.
– Енді басқа Қарша қыз табу керек.
Осы сәт студенттердің арасында «кім болады?», «сен болсай» деген сияқты әңгімелер гулеп кетті.
– Таптым, – деді қуанған үні саңқ етіп жүргізуші қыз. Студенттер түгел тым-тырыс бола қалды. – Қазір Аяз ата мына гүлді лақтырады. Қай қыз қағып алса сол Қарша қыз болады.
– Жігіттер қағып алса ше?
– Онда «Қарша жігіт» болады! – деді біреуі тіліне ие бола алмай. Бұл сөзге бәрі күлді.
– Жігіттер жағы артқа тұрыңдар. Қыздар алға шықсын, – деді жүргізуші жігіт іске кірісіп.
Аяз ата бір шоқ гүлді теріс қарап тұрып қыздарға қарай басынан асыра лақтырды. Қалжыңбас жігіттердің бір-екеуі гүлге қолын созып қыздарды қағып-соғып іліп алды.
– Ту-у, қойыңдаршы жігіттер. Нормальный етіп өткізейік те кешті, – деп қыздар жағы наразылық білдірді. Гүлді қағып алған жігіт ортаға шығып балағының тізесінен ұстап иіліп сәлем бергендей бас иіп ишара жасады. Бұған студенттер жағы қыран топан күлді.
– Болмайды қайтадан, – десті Қарша қыздан үміткер қыздар жағы шулап. Бұл кезде Қасымхан Айжанның қайда тұрғанын жақсылап көріп алып еді. Аяз ата гүлін қайта лақтырғанда бір шетте өз қиялымен өзі болып тұрған Айжанның төбесіне топ етпесі бар ма. Қыздар жағы сүйрелеп «болмаймын» дегеніне қарамай Айжанды ортаға шығарады.
Қарша қыздың киімін кигенде әп-әдемі Қарша қыздың өзіне айналған Айжан Аяз атаға көмектесе кетті.
– Ал, енді балалар, кезек сыйлық үлестіруге де келіп жетті. Сендердің бәріңе менің арналған сыйлығым бар. Тек бәрің менің миымды ашытып, шуламаңдар,– деп қойды Аяз ата.
Сценарийден тыс мына сыйлықтың не сыйлық екенін білуге бәрі құмартып-ақ тұр.
– Ал, қане Қарша қыз көмектесіп жібер, – деп Аяз ата үлкен дорбаның аузын ашты. Студенттердің бәрі дорбадан не шығады екен деп алға қарай ентелей түсті.
– Мына сыйлық, – деді Аяз ата үлкен дорбаның ішіне басын тығып үңіліп, – осы кешті ұйымдастырып отырған тәрбиеші апайымыз Жұмагүл апайға, – деп бір қорап шоколадты алды. Қыз-жігіттердің бәрі қол соқты. Жұмагүл апай шын риза болып қалды.
– Ал, мынау, – деді дорбасына қайта қол сұғып, – осы кешті жүргізіп тұрған екі жүргізушіге. – Дорбасынан қолын шығарғанда студенттер де, жүргізушілер де таң қалды. Қазір ғана қолдарына ұстап тұрған папкаларының қалай Аяз атаның дорбасына кіріп кеткеніне таңданысып бас шайқай күлді.
– Ал, мынау – мына отырған музыкант жігітке! – деді дорбасынан бір түйір ирис кәмпитті алған Аяз ата музыкалық аспапта ойнап отырған курстасына лақтырып.
– Мына сыйлық осы жатақхананың «атаманы», бәріңнің «крышаларың» болып жүрген Салықбекке! – деп дорбадағы қолын жоғары көтергенде бәрі ду күлді. Таңертең ғана бүкіл жатақхананы басына көтеріп іздеп жүрген костюмі Аяз атаның дорбасынан шықты.
– Ой, сенің!.. – арғы жағын айта алмаған қалпы Салықбек арсалаңдап келіп костюмін алып кетті.
– Мынау жатақханамыздың «Мисі» Гүлнарға, — деді бір пай етікті шығарып.
– О, албасты! – деп Гүлнар бір пай етігін алып кетті.

(жалғасы бар)

Бақытгүл Ауданова

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *