Жаңа техника – шаруалар игілігіне

Аймақта «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы табысты жүзеге асуда. Жуырда ғана жоба қатысушыларына тиімді шарттармен несие беріле бастағанын айтып едік. Ал күні кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметов өңірде өнімнің табысын арттырып, өрісін кеңейтуді көздеген шаруа қожалықтарына ауыл шаруашылық техникаларын салтанатты түрде табыс етті.

Аймақ басшысы әуелі «Атакент-Тараз» сауда орталығының алаңында қаздай тізілген, дала жұмыстарына сақадай сай су жаңа ауыл шаруашылығы техникаларымен жіті танысып шығып, кооператив төрағаларымен, шаруалармен пікірлесіп, қанатқақты жоба аясындағы игі істі бағдарлап өтті. Бұдан кейін пилоттық он бір округте құрылған кооперативтерге 194 бірлік техниканы табыстаған облыс әкімі сөз сөйлеп игі бастаманың мән-жайын тағы да кеңінен түсіндірді.
– Былтырдан бастап облысымызға маңызды жауапкершілігі үлкен жоба басталған болатын. Жобаның басты ерекшелігі халықты жаппай қамтуға мүмкіншілік береді. Нәтижесінде, 7,2 миллиард теңге республикалық, 2 миллиард теңге жергілікті бюджеттен, жалпы 9 миллиардтан астам теңге бүгінгі таңда он аудандағы он бір ауылдық округке бөлініп отыр. Аталған қаражаттың 6 миллиард теңгеге жуығына 40 мыңдай мал мен құс сатып алынғалы отыр.
Ендігі кезекте біз алынған малдың барлығын жемшөппен қамтамасыз етуіміз керек. Жем шөпті ауладағы 6 соттықтан жинай алмаймыз. Сондықтан біз ауылда тұратын халықтың жеке иелігіндегі жерлерін қоса отырып, кооперативке біріктірдік. Ендігі жерде алынып отырған техника осы жерлерді тиімді пайдалануға ат салысуы керек. Көктемгі, күзгі дала жұмыстарын тиісті деңгейде атқаруымыз қажет. Одан бөлек ауланың ішіндегі жерлерді де осы шағын техникалармен өңдеуге жағдай жасалып отыр.
Жобаның ауқымы кеңейе береді. Оны кеңейту біздің міндетіміз. Техникалар елдің игілігіне жарасын, – деп облыс басшысы аудан, ауыл әкімдеріне техникалардың арнайы тұрағына жер бөлінуі қажет екенін айтып, шаруаларға жобаның өміршеңдігін іспен дәлелдеуді тапсырды.
Айта кетсек, ауыл шаруашылығы кооперативтерін қажетті техникалармен қамтамасыз етуге 1 070,9 миллион теңге қарастырылып, ол қаржыға кооперативтерге қажетті техникалардың 29 түрінен 194 дана техника алынған екен. Оның ішінде 33 трактор, 11 комбаин, 3 камаз көлігі және тағы басқа 147 дана агросалаға қажетті техникалар бар. Атап айтқанда, Байзақ ауданы, Қостөбе ауылындағы «Қостөбе-2019» кооперативіне 14 дана, Түймекент ауылындағы «Түймекент-2019» кооперативіне 18 дана, Жамбыл ауданы, Бесағаш ауылындағы «Іске Сәт» кооперативіне 22 дана, Жуалы ауданы, Бәйтерек ауылындағы «Атамекен Бастау» кооперативіне 19 дана, Қордай ауданы, Жаңатұрмыс ауылындағы «Жаңатұрмыс-Бірлік» кооперативіне 19 дана, Меркі ауданы, Сұрат ауылындағы «Сұрат Даму» кооперативіне 19 дана, Мойынқұм ауданы, Айдарлы ауылындағы «Айдарлы Агро-2019» кооперативіне 13 дана, Сарысу ауданы, Саудакент ауылындағы «Саудакент 2019» кооперативіне 20 дана, Талас ауданы, Үшарал ауылындағы «Талас-2020» кооперативіне 18 дана, Т.Рысқұлов ауданы, Құмарық ауылындағы «Құмарық-Тау» кооперативіне 17 дана, Шу ауданы, Жаңақоғам ауылындағы «Омар-Шу» кооперативіне 15 дана техника табысталды. Бұл техникалар Беларусь, Украина, Түркия, Ресей, Польша және өзіміздің отандық зауыттардан шыққан. Сала мамандарының мәліметінше, ауыл шаруашылығы техникалары «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 5 пайызбен қосымша кепілсіз лизингке беріліп отыр. Алдағы уақытта осы техникалардың күшімен үй іргесіндегі 1 071,7 гектар және ауыл сыртындағы 77 362 гектар жерлер игеріледі деп күтілуде.

Сайын ТҰРЛЫХАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *