Мекемелердің мәселелері – назарда

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Тараз қаласындағы бірқатар нысандарды аралады. Аймақ басшысы алдымен «Жамбыл су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына барып, алдағы жоспарларымен танысты.

Мекеменің тыныс-тіршілігінен хабардар еткен кәсіпорын директоры Марат Смаилов бірқатар мәселелерді ашып көрсетті. Өз кезегінде аймақ басшысы бүгінгі күннің талабы қаланың су-кәріз жүйелерін жамап-жасқау еместігін алға тартып, салаға талдау жұмыстарын жасау арқылы істі бір жүйеге келтіру қажеттігін жеткізді. Бұл бағытта бірінші кезекте қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің аталған салаға қатысты жоспарын бекітіп, жұмысты жандандыру керектігін баса айтты. Аталған жоспарды арнайы жиында қарайтындығын да тілге тиек етті. Сондай-ақ өңір басшысы облыстағы елді мекендердің ауыз су мәселесін шешу мақсатында жаңадан құрылған бірыңғай оператордың да ісін жүйеге келтіруді тапсырды. Бұдан өзге сала мамандары мекеменің аудандардағы бөлімше қызметкерлерінің біліктілігін саралап, кадр мәселесін де тиімді шешу қажеттігі айтылды.
Сонымен қатар облыс әкімі А.Аққозиев көшесінде орналасқан «Саңыраулардың қазақ қоғамы» Қоғамдық бірлестігінің «Тараз оқу-өндірістік кәсіпорны» мекемесінде де болып, жұмысымен танысты. Бүгінде төсек жабдықтары мен арнайы жұмысшыларға арналған киімдер тігумен айналысатын кәсіпорынның шешілмей тұрған мәселесі өндірген өнімге тапсырыс алу екен. Көтерілген мәселе бойынша аймақ басшысы жауапты тұлғаларға өңірдегі мекемелердің мемлекеттік тапсырысын жүйеге келтіруді жүктеді.
Келесі кезекте аймақ басшысы «Асар» Жамбыл облысы мүгедектер ұйымдарының одағы» заңды тұлғалар бірлестігінде болды. Бірлестік жетекшілерінің уәжіне құлақ асқан аймақ басшысы «Мамыр» саябағының аумағында орналасқан ғимараттарына жақын арада жөндеу жұмысы жүргізілетінін жеткізді. Ол жөнінде бірлестік басшыларына жоспарларын дайындау керектігін ескертті. Сондай-ақ автобекет аумағындағы Талас өзенінің бойында орналасқан көпірге техникалық тексеріс жұмыстарына қанықты. Өз кезегінде облыс әкімі жауапты тұлғаларға аталған жұмыстың сапалы және уақытылы аяқталуы бойынша тиісті тапсырмалар берді.

Облыс әкімінің
баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *