Игі іс жалғасын табуда

Жыл басынан бері Тараз қаласында қоныстой көбейіп, әр жеті сайын пәтер кілттерін табыс ету дәстүрге айналды. Соңғы екі аптада жаңадан бой көтеріп жатқан №15 ықшамауданда 80 пәтерлі екі тұрғын үй пайдалануға берілсе, дүйсенбі күні аталған ықшамауданда тағы бір 80 пәтерлі үй ел игілігіне ұсынылды.

Көптен бергі армандары орындалған тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Бірінің жанарын қуаныштан жас торласа, екіншілері езулерін жия алмады. Баспаналы болу бақыты бұйырған тұрғындардың қуанышымен бөліскен Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай пәтер кілттерін салтанатты түрде табыс етті.
– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамту мақсатында алға қойған мақсат-міндеттері бүгінде Тараз қаласында жемісті жүзеге асырылуда. «Нұрлы жер», «7-20-25», «Бақытты отбасы» бағдарламалары халықты баспанамен қамтамасыз ету ісін ілгерілетуге оң ықпалын тигізуде. Қайсыбір бағдарлама болмасын ел игілігіне қызмет етіп, талайдың алыс арманын жақындата түсті. Тұрғын үй мәселесін шешу мақсатындағы кешенді жұмыстар алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жүзеге асырыла беретін болады. Өткен жылы Тараз қаласында 16 тұрғын үйде қоныстой тойланса, ағымдағы жылы 19 үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз.
Жыл басынан бері де шаһарда 80 пәтерлі үй пайдалануға беріліп үлгерді. Бүгін тағы да мемлекеттік бағдарлама аясында 80 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйді ел игілігіне ұсынғалы отырмыз. Құрметті тұрғындар, қоныстарыңыз құтты болсын. Шаңырақтарыңызда тек қуаныщ болсын. Жақсылықтар жалғаса берсін,–деген Кенжебек Мамашбайұлы пәтер кілттерін тұрғындарға табыс етті.
Ал пәтер кілтіне ие болып, қуанышқа кенелген тұрғындар атынан сөз алған Арман Қарабаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, облыс, қала басшылығына риясыз алғысын білдіріп, еңбектеріне табыс тіледі.

Еркін САЙЫН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *