Қайтарымсыз қаражат – кәсіпкерге көмек

Шағын және орта бизнесті дамытуда мемлекеттік бағдарламалардың беретін көмегі ұшан-теңіз. Аталған бағдарламалар арқасында өз кәсібін ашып, шаруасын дөңгелеткендердің қатары күн санап өсіп келеді.

Сарыкемер ауылының тұрғыны, көп балалы ана Ланнура Кужекова өткен жылдың қыркүйек айында «Жан» дүкенінің екінші қабатын жалға алып, өз қаражаты есебінен тігін машинасы мен қажетті құралдарды алып, жеке тігін цехын ашқан болатын. Қосымша құрал-жабдықтарды алу мақсатында «Атамекен» ҰКП-на жүгінген еді. 2019 жылдың қазан айында «Бастау Бизнес» жобасы арқылы қысқа мерзімді оқу курсын тамамдап, бизнес-жоспарын қорғап шығады. Соның нәтижесінде қайтарымсыз грантқа ие болған Ланнура тігін цехына қосымша бір электронды тігін және тамбурды кесте машинасын сатып алған-ды.
— «Балалар мен үлкендерге арналған көйлектермен қатар, халқымыздың ұлттық киімдері: камзол, бешпет, шапанның алуан түрін тігеміз. Одан бөлек, киім-кешекті қысқарту, қалпына келтіру қызметтерін де көрсетеміз. Дайын өнімдердің бағалары сән үлгілері мен тігу-пішу күрделігіне қарай қойылады. Бүгінгі таңда ұлттық нақыштағы киімдерге деген сұраныс артып келеді. Дайын өнімдеріміздің денін Алматы, Шымкент, Атырау қалаларына жіберіп отырамыз. Алда жоспарларым көп. Болашақта кәсібімді кеңейтіп, тұтынушылардың көңілінен шығып жатсақ еңбегіміздің жанғаны деп білемін», — деп сөзін түйіндеді Ланнура Ерғазықызы.
Кәсіпкер өзінен бөлек үш адамды жұмыспен қамтып отыр. Бірі киімді пішеді, бірі тігеді, бірі моншақтармен көмкереді.

Гүлжан Русланқызы,
Байзақ ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *