Қызғаныш оты жарға жыққан келіншек

(Жалғасы. Басы өткен санда)

Қалаға келген соң-ақ, Гүлжан Алтайдың нөміріне телефон соқты.
– Алтай сәлем. Мен ғой Гүлжан. Шара әпкеңнің көршісі, – деді әп сәтте ақ.
– А, қалайсың Гүлжан, – деді Алтай таң қалғанын жасыра алмаған қалыпта. – Тыныштық па?
– Тыныш. Бүгін біздің банкетіміз. Соған сені шақырайын деп.
– Аяқ астынан шақырғаның не? Ертерек айтпайсың ба?
– Білесің ғой ауылда телефон жоқ.
– Гүлжан бара алмасам ренжіме. Кейін бір ауылдарыңа қонақ болып барармын. Шақырғаныңа рахмет.
– Ту-у, Алтай, келші. Келмесең өкпелеймін…
– Көреміз. Бірақ, бүгін кешке бара алмайтын шығармын.
Гүлжан Алтайды көндіре алмасын сезді.
– Жарайды. Онда ауылға міндетті түрде келетін бол, – деді қоштасып жатып.
Қыздарға «жігітім» деп сыртай таныстырып қойып еді. Келмесе қыздары мұның сыртынан күлетін шығар деп ойлады іштей Гүлжан.
– Келетін болды ма?- деп сұрады құрбы қыздары жамырап.
– Ертерек айтпадың ба дейді. Бүгін жұмысы көп екен.
– Күйеу баланы көреміз ба десек,- құрбы қыздары сықылықтай күлді.
– Күйеу бала емес, жезделерің, — деді Гүлжан да қалжыңдай.- Асықпаңдар көресіңдер.
Шашын сәндетіп кешке оралған Гүлжан көңілді еді. Банкетте де гүлдей құлпырып көңілді жүрді.
Банкет біткен соң Әлия мен Қанат бір «үһ» деген. Бәрінен енді құтылдық па деп кең тыныстаған. Бірақ, бұл тыныштық көпке ұзамады. Банкет өткен түннің ертесіне қатты шаршаған Гүлжанның ештеңеге шамасы келмей күн ұзағына ұйықтады.
Тек ертеңіне шаршауы шығып, ес жиған Гүлжан таңғы ас үстінде-ақ тағы бір проблеманың құлағын қылтитты.
– Бізді қай жақта оқытасыңдар? – деді әкесі мен анасына кезек-кезек көз тастап.
– Қайда болушы еді, ауданға да. – Анасы алдымен жауап қайтарды.
– Не?
Гүлжанның екі көзі шарасынан шығып кетті. Әкесі Гүлжанға алара қарады.
– Мен ауданда оқымаймын.
– Онда өзің біл. Қызым Айжан оқи береді, солай ма? – Айжан үнсіз бас изеді. Көнбеске амалы не? Үлкен қалаларға баруға жағдайлары жоқ. Кімге өкпелейді. Әкесі мен шешесін қинағанда не шықпақ?..
– Маған бәрібір, оқысам болды, – деді Айжан.
– Маған бәрібір емес, – Гүлжанның даусы қатты шықты. – Қыздардың бәрі үлкен қалаларға кетіп жатыр. Мен ғана… Сендер-ақ өмірі «жоқ, жоқ» деп отырасыңдар. Гүлжан жылап үйден шығып кетті.
– Мына қыздың мінезі қалай-қалай болып барады? – деді әкесі іштей күрсіне. Әлия үнсіз қалды. Қай жерден қателік жібергенін өзі де білмейді. Әйтпесе, бар баласына бірдей тәрбие беріп жатқан жоқ па? Айжанның мінезі, түсінігі мүлде басқаша. Ал, Гүлжан… Жоқ, мұны бұлай қоюға болмайды. Оны қайтару керек. Бірақ, қалай?..
Әлияның басы мең-зең. Ештеңені түсінбейтін, түсінгісі де келмейтін мына қызын қалай қайта тәрбиелеуді ойлауда.
– Айжан, — деді үлкен қызын шақырып. – Мына Гүлжанның мінезі қалай-қалай болып барады өзі. Сендерді үлкен қалада оқытқысы келмейді дейсің ба әкеңнің. Жағдай жоқ болса қайтейік.
– Мама, Гүлжан өзі бала кезінен сондай ғой. Қайтесіз, оған бола ойланып. Мен оған түсіндірейін. Ауданда да оқып жатқандар көп қой.
– Сөйтші қызым. Өзің түсіндірші. Ақшаның жайын ойлаймын деп жүрек ауру болайын дедім ғой.
Әлия бір жағы жетіспеушілікті ойлап, бір жағы қыздарының ертеңін ойлап біраз отырды.
– Гүлжан,- деді Айжан өз бөлмесінде бүрісіп жатқан сіңлісінің жанына келіп
–Не?!.
–Осы өзіміздің ауданның орталығына түсе берейік. Несі бар? Басқалар да оқып жатыр ғой. Көресің, мақтанып жүрген қыздарыңның көбі ертең ауданда оқиды. Біздің де қыздар сөйтіп еді ғой. Енді міне көбі осында оқып жүр. Папам мен мамамды қинай бермеші. Мамамның жүрегі ауырып отыр.
«Мамамның жүрегі ауырып отыр» деген сөзді естіген соң Гүлжан жібиін деді.
–Жарайды, қайтеміз енді,- деді жастықтан басын көтеріп.
Қарызданып-қауғаланып жүріп Қанат екі қызын оқуға түсірді.
Оқуда жүргенде де Гүлжан Айжанға сөзін өткізіп жүретін. Тумысынан жуас Айжан Гүлжан не десе де көне беретін.
–Гүлжан сіңлің емес, тура әпкең сияқты, — дейтін күліп бірге оқитын қыздары.
Оқуға түскен соң өздерінен үлкен курстағы қыздармен табысып кету қиынға соқпады. Әсіресе, Алтаймен жақсы араласып кетті.
Танысқан күннен бастап Алтайды сырттай иемденіп алған Гүлжан енді оны маңайындағы мың қыздан қызғанайын деді. Есіл дерті оқу емес, Алтай. Оны бірге оқитын курстастарынан да, құрбыларынан да қызғанады. Сабақ жайына қалды. Сабақ үстінде де Алтайда ойлап отырады. Қоңырау соғыла сала есікке жүгіреді. Қыз-жігіттердің ішінен Алтайды іздейді. Оны көрсе жүрегі өрікпіп, қуанышы алаулап кетеді. Ал егер Алтайдың әлдебір қызбен сөйлескенін, не бірге тұрғанын көрсе жүзі сұрланып шыға келеді.
Алтай да Айжан мен Гүлжанға іш тартып, қарындастарындай қамқорлық көрсетеді. Содан ба үлкен курстың жігіттері бұларды қатты сыйлайды.
Оқудың алғашқы айы әп-сәтте-ақ өтіп кетті. Жан-жағымен, құрбыларымен танысып, үйреніскен апалы-сіңілі екеуі жатақхананың өміріне де үйрене бастады.
«Студенттік өмір қызық» дейтіндерге таң қалды Айжан. Несі қызық? Қайта қиын сияқты ғой. Одан да мектебім жақсы екен деп ойлайтын Айжан. Жаңа ортаға енді ғана бойы үйреніп келеді. Оның үстіне бұларды жас санай ма үлкен курстың жігіттері де қырындап қояды. Тек Алтайдан ғана аяқ тартатын сияқты. Әйтпесе…
Гүлжан екеуі таңғы тоғыздан кеткеннен түсте кездеседі. Қайсысы сабақтан ерте келсе сол тамақ дайындап қояды. Осындайда Айжанның есіне анасы түседі. Бұлар мектептен келгенде ыстық тамағын дайындап қоятын. Киімдерін жуып, үтіктеп беретін. Енді бәрі өздеріне қалған. Түске дейін сабақ, түстен кейін кітапхана. Оның үстіне үйін, ата-анасын, екі бауырын сағынады. Сабақтан қиналған сәттерінде ауылға тартып кеткісі келеді де тұрады.
Осылай жүргенде бірде кешкісін бөлмелерінің есігін Алтай қақты. Есікті ашқан Гүлжан таңданысын жасыра алмады.
–О, Алтай, кел, кір,-деді қуанып.
– Қалай жағдай, — деп қол созып Айжан да жылы шырай білдірді.
– Қалайсыңдар, не істеп жатырсыңдар?..
–Сабақ оқып отырған,-деді Гүлжан. –Мен шай қойып жіберейін,-деді сонан соң.
–Жоқ, рахмет. Әуре болмай-ақ қой. Тамақтанып келе жатырмын.
–Жәй жүрсің бе? –деп сұрады Гүлжан шыдамай.
–Жәй, өзім. Сендердің жағдайларыңды білейін деп.
Онсыз да әңгімеге жоқ Айжан Алтаймен ортақ әңгіме таба алмай кітабынан көз алмай отыр.
–Оқу қалай, қиналып жатқан жоқсыңдар ма?
–Жоға үйреніп қалдық.
–Айтпақшы ертең ауылдарыңа барасыңдар ма?
–Иә, барамыз.
–Мен де әпкемнің үйіне барып қайтпақпын.
–Жақсы болды ғой, — деді Гүлжан қуанып.
Алтай кітаптан көз алмай отырған Айжанға қарап қояды. Ұзын-ұзын кірпіктерін қағып-қағып кітаптан көз алмай тоыр. Оқып отыр ма, жоқ па белгісіз.
Айжан жігіттер айтқандай шынымен сұлу. Алтайдың жүрегіне күн сайын жақындап барады. Бірінші курсқа түскен қыздарды бір сүзгіден өткізетін үлкен курстағы жігіттердің әдеті емес пе. Айжанға да олардың көзі түскен. Алтай «қарындасым» деген соң ғана олар үндемей жүр.
Алтайдың өзі Айжанды ұнатып қалған сияқты. Осы кезге дейін шын ұнатып қалудың не екенін білмеген. Қайта қыздардың өзі бұған сезімін білдіріп қойып жүретін. Бұл болса ондайды сезгенде сол қыздан аулақ жүретін. Сөйтіп жүріп екі жылын өткізіпті. Қыздарға қырғидай тиетін бірге оқитын жігіттерге қызығатын. Енді міне, ойда жоқта мына қыз есін алып барады.
–Неге үндемей қалдың? Әңгіме айтссаңшы, — деді Гүлжан ойланып қалған Алтайға.
–Әңгімені сендер айтыңдар. Қалай студанттік өмір қызық па екен?
–Бізге әзірге қиын болып жүр. Сендерге рахат қой, биыл бітіресіңдер. Ал, біз әлі үш жыл оқимыз.
–Бізде оқуға алғаш түскен кезде солай дейтінбіз. Үш жыл да көзді ашып-жұмғанша өтеді де кетеді. Қайта студенттік өмірді қызықты етіп өткізген жөн.
– Айтпақшы, сендер жігіттерді айтамын, өздерің тамақ істейсіңдер ме? – деп сұрады Гүлжан таңданысын жасырмай.
–Кейде өзіміз жасаймыз, азық-түлік болса, — деді күліп Алтай.
–Болмаса қайтесіңдер?
Алтай Гүлжанның пысықтығына таң қалды. Әрі сөзшең, әңгімешіл екен.
–Азық-түлік болмаса, жақсы араласатын қыздарға қонаққа барамыз. Кейде қыздар өздері тамаққа шақырады. Кейде… Алтай күлді. Айжанның жанары өзіне бұрылғанын сезді.
–Не кейде?.
–Кейде қыздардың қазанын ұрлаймыз.
Үшеу де күлді. Айжан күлсе тіпті әдемі болып кетеді екен. Үшеуі тағы біраз әңгімелесіп отырды.
–Жарайды, ертең түсте бірге қайтамыз, — деп Алтай қоштасып, қайтуға ыңғайланды.
–Келіп тұр, үйді көрдің, — деді Гүлжан қоштасарда.
–Жақсы Айжан, — деді Айжанға арнайы бұрыла көз тастап.
–Жақсы, -деді Айжан да күлімсіреп, орнынан қозғалмаған күйі.
Алтай есіктен сыртқа беттеді. Гүлжан есікті «сарт» еткізіп іштен іліп алды. Гүлжанның қуанышында шек жоқ. Алтай есік сыртында біраз тұрды. Терең дем алып, дәлізге бет алды.
Ертеңіне түсте Айжан сабақтан келгенде Гүлжан жиналып отыр екен. –Үф!, Келдің бе әйтеуір? –деді Гүлжан көп күткенін білдіріп. –Алтай екі рет келіп кетті, бізді күтіп жүр.
– Сендерге сабақ болмады ма? – деп сұрады Айжан сіңлісінен.
– Үш пар болды.
Осы кезде есік қағып Алтай кіріп келді.
– Қане, кеттік пе? – деді кіре сала.
– Сендер кете беріңдер. Бізге түстен кейін куратор жиналыс жасайтын болыпты.
–Не?! – Гүлжанның ашуы бұрқ етті.
–Мені күтпей-ақ қойыңдар, — деді Айжан жай ғана. –Мен жиналыстан кейін барамын.
–Мақұл, -деді Гүлжан.
–Жоқ, бірге қайтамыз. Біз күте тұрамыз, — Алтай Гүлжанға қарады. Гүлжан амалсыз көнді.
–Онда мен тамақ жасайын, -деп Гүлжан ас қамына кірісті.
–Мен көмектесейін, -деді Айжан қарап тұруға ұялып. Гүлжан қуанып кетті. Екеуі бірлесіп тамақ істеді. Тамақ дәмді шығыпты. Тек макароны езіліп кетіпті. Үшеуі тамақтанып алды.
–Таң қаламын, — деді Алтай тамақ үстінде де әңгімешіл қалпы. Екі қызда Алтайға жалт қарады. –Қыздар пісірген тамақ неге тәтті болады. Біз жігіттерде барымызды салып тамақ пісіреміз ғой, бірақ, сонда да түк дәмді болмайды. Ал, қазанға қыздардың қолы тисе болды тамақ дәмді болып шыға келеді.
–Сендер тамақты мейірлене істемейсіңдер де,- деді Гүлжан Алтайға қарап.
–Мейірленгені қалай?- деді Алтай.
–Сендер апыл-ғұпыл дайындай саласыңдар.
–Иә, дұрыс айтасың. Бізге тезірек піссе болды ғой, — деді Алтай күліп.
Айжан келгенше Алтай мен Гүлжан күтіп отырды. Екеуі біраз әңгіменің басын қайырды. Үшеуі ауылға бірге барды.
Кешкісін Әлия Шараның үйін тамаққа шақырды. Алтайды қыздарына қорған болып жүрсін деген ой еді бұнікі. Айжан әдеттегідей бірқалыпты. Гүлжан болса қуанышты еді. Күннен күнге Алтайға жақындай түскеніне қуанып жүр.
Алтай да Айжанға шын ғашық болды. Енді уақытты босқа өткізуге болмайды. Әпкесі Шара да Айжанның мақтауын асырды. Енді Алтай Айжанға қалай сезімін жеткізудің жолын таппай қиналды. Айжан Гүлжан секілді ашық-жарқын емес. Көп сөйлемейді де.
Алтай жатақханадада бұлардың бөлмесіне көп келетін болып жүр. Мұны өзге жігіттер де байқап қалған.
–Қарындасым деп жүріп Айжанды өзің айналдырып жүргеннен саумысың, — десті жігіттер. Алтай алғашында үндемей құтылатын. –Мен оны бұрыннан танитынмын, бұрыннан ұнатамын, — деді Алтай.
–Бәсе, екі жылдан бері неге қызбен жүрмейді деп таң қалып жүрсек,-деп жігіттер жамырай жөнелді.
–Маладес! Мынауский қызды таңдапсың,- деп бас бармағын шошайтқан Серғазы «солай ғой, ә» дегендей жігіттерге қараған.
–Жолың болыпты, — деді біреуі. Асылхан ғана үнсіз қалды. Оның да Айжанға ғашық болып жүргенін бұлар біледі. Бірақ, Асылхан қай қызға ғашық болмады. Айжанның да басын қатырып үлгерер еді, бірақ, Алтай «Ол менің қарындасым» деп, о баста-ақ тыйым салып қойғанды.
–Бөлмеде отыра бергендерің жарамайды. Бір мезгіл серуендеп, көңіл сергіту керек. Жүріңдер саябаққа барайық,- деді бір келгенінде Алтай. –Барсақ барайық, — деп келісе кетті Гүлжан қуанып. Айжан барғысы келмесе де амалсыз келісім берді. Алтай досы екеуі алдын ала келісіп қойып еді. Төртеуі саябаққа келді. Үлкен қалалардағы секілді керемет болмаса да, осы саябақтың барына шүкір. Мұнда әткеншектер болмаса да, ағаш көп. Қалың көлеңке. Талай-талай жылдан бері, талай-талай ғашықтардың сырының куәсі болған кәрі ағаштардың жапырағы желмен бірге тербеліп тұр.
–Кеш қандай керемет, — деді Гүлжан сезімге беріліп.
–Иә, тамаша ғой ә, қарындас, — Алтай досым деп таныстарған Уәлихан Гүлжанның жанынан қалмай келеді. Саябақтың тар аяқжолына түскенде Алтай Айжанмен қатарласа қалды. Гүлжан іштей қызғанып кетті, ештеңе білдіргісі келмеді.
–Қыздар балмұздақ жейсіңдер ме? – деді Уәлихан дүңгіршектің қасынан өтіп бара жатқан тұста.
–Сен алып берсең, жейміз, — деді Алтай қыздардан алдын жауап қатып.
Уәлихан екі балмұздақ пен екі тал темекі ала келді. Екі қызға екі балмұздақты ұстатты да, бір тал темекіні Алтайға ұсынып:
–Міне, саған қаймақты балмұздақ,- деді күліп.
Екеуі де темекіні еріндеріне қыстырып, тұтатты.
–Сен темекі тартасың ба?-деп сұрады Гүлжан.
Айжан да Гүлжан да Алтайдан мұны күтпепті.
–Өмір үйретті ғой,-деп күлді Алтай.
–Нешінші сыныптан бастап тартасың?
–Он бірден бастап үйрендік қой.
–Ту-у, темекі тартатын жігіттер мүлде ұнамайды,-деді Гүлжан еркелене.
–Саған ше?-деді Алтай Айжанға. Айжан «маған да» деп қуақылана жымиды.
–Онда шекпегенім болсын,-деп Алтай ерніндегі темекіні жолжиектің шетіне лақтыра салды.

(жалғасы бар)

Бақытгүл Ауданова

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *