Ауыл азаматы жастарға спорт залын сыйлады

Қазақ даласы қолы кең Атымтай жомарт азаматтардан кенде болмаған. Әрдайым, еліне, туып-өскен жеріне пайдасын тигізуді ойлаған мұндай жандар қашан болсын қол ұшін созудан қашқан емес. Ал, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан «Туған жер» жобасы жомарт жүректі азаматтардың еліне қолдау көрсетуіне үлкен түрткі бола түсті.

Осындай атпал азаматтың бірі Шу ауданы Ақсу ауылының тумасы Нұрболат Ахметов. Ол жуырда ғана туған ауылының төрінде ауыл жастарына арналған шағын спорт залын ашып, жерлестерінің алғысын алды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде елімізде салауатты өмір сүру салтын қалыптастуыру үшін халқымыздың 30 пайызы спортпен шұғылдануы қажеттігін айтқан болатын. Осыны негізге алған ауыл әкімі Талғат Итекеев пен ауыл ақсақал ардагерлері ақылдаса келе, ауылдағы ескі әкімдік ғимаратын ауыл жастарына берген еді. Ал жастар болса, аз уақытта ауыл демеушілерінің арқасында көнерген ғимаратты қалпына келтіріп, жөндеп алды.
Спорт залының ашылу салтанатына ауыл тұрғындары көптеп жиналды. Жаңа ғимаратының лентасын ауыл әкімі Талғат Итекеев пен Ақсу ардагерлер алқасының төрағасы Нұрғазы Төлендиев қиды.
Салтанатты жиында ауыл әкімі Талғат Итекеев, Ақсу ардагерлер алқасының төрағасы Нұрғазы Төлендиев, ауыл тұрғындары Оңлахан Сырлыбаев, Бауырхан Айтқожаев, Ж.Баласағұни атындағы шағын орталықты орта мектеп директоры Шарафат Агибаева, Баласағұн дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі Нұрлыхан Мәмбеталиева, кәсіпкер Шәміл Сәрсенбаев жүрекжарды тілектерін білдірді.
Жиын соңында ауыл иманы Жаманкеев Байзақ құран оқып, ақсақалдар батасын берді. Сонан соң ауыл тұрғынджары арнайы жайылған дастарханнан ауыз тиіп, тарқасты.
Айта кетер жайт, Ақсу ауылы атақты спортшыларды өсіріп, тәрбиелеген елдімекен. Мұнда Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мырзатай Нұрғожаев, грек-римші балуан Сыдықов Жасұлан және тағы басқалар қазақ спортынының дамуына өз үлестерін қосып келген.

Төреқұл Әлханұлы,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ардагер-ұстаз,
Шу ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *