Экономикалық даму бойынша алдыңғы қатардамыз

Жамбыл облысы өткен жылдың қорытындысына сәйкес экономикалық өсім бойынша алдыңғы қатарда. Бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылды. Мемлекет басшысына өңірлердің экономикалық көрсеткіштері туралы баяндаған ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Жамбыл облысының үздіктердің қатарында екенін тілге тиек етті.

«Әрбір өңір ел экономикасын дамытуда маңызды рөл атқарады. 2019 жылдың қорытындысына сәйкес 7 көрсеткіш бойынша 8 өңірде — Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Атырау, Алматы, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша озық өсу қарқыны қамтамасыз етілді»,-деді өз сөзінде Үкімет басшысы. Сондай-ақ, Асқар Ұзақбайұлы
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде Еуропалық Қайта Құру және даму банкімен бірлесіп жеті өңірде, оның ішінде Жамбыл облысында да көп бейінді аурухана іске қосылатынын жеткізді.
Айта кетейік, облыстың дамуында оң динамика сақталып отыр. Өткен жылғы экономиканың өсуі 105,5 пайызды құраса, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй, инвестиция, сауданың өсуі республикалық орта көрсеткіштен жоғары. Ал, құрылыс жұмыстары 109 пайызға орындалған.
Бюджеттік кірістер артығымен орындалып, 99,9 пайызға игерілген. Ол өңірлер арасында жоғарғы көрсеткіштің бірі. Сол сияқты, былтыр өңірде кәсіпкерлерге 8,6 миллиард теңге шағын несие берілсе, екі мың адамға 505 мың теңгеден 1,2 миллиард теңге грант бөлінген. Бұл да республикадағы алдыңғы нәтижеге ие.
Сонымен қатар, отырыс барысында Асқар Мамин Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасынан күтілетін нәтижелерге тоқталды.
«Халықтың 60 пайызы ауылдық жерлерде тұратын Жамбыл облысында жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытуды ынталандыру бойынша шаралар кешені қабылдануда. Осы жоба аясында таяу екі жылда ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару 34 пайызға, кәсіпорындар жүктемесі 30 пайызға өседі, 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады», — деді Үкімет басшысы.
Айта кетейік, аталған жобаның пилоттық кезеңі өңірдегі 11 ауылдық округте іске асуда. Жобаның бес бағыты шеңберінде жалпы 7 886 аула қамтылады деп күтілуде. Оның 2 459 өтінімі «Тараз» ӘКК АҚ-ы арқылы тікелей несилендерілуде десек, қажетті тұқым, минералды тыңайтқыш және химиялық қорғау заттары кооперативтер арқылы қаржыландырылмақ.
Бүгінде 18 жылыжай құрылысы бойынша өтінім қабылданып, мақұлданған. Сондай-ақ, мал шаруашылығын дамыту бойынша қазіргі таңға дейін 1 297 өтінім мақұлданып, 3797 миллион теңгеге мал сатып алынуда. Осы және жобаның өзге де бағыттары аясында жұмыстар қызу жалғасу үстінде. Оған құжаттар қабылдау шарасына 70-тен аса маман жұмылдырылып, тәулігіне 200-ден аса құжат айналымнан өтуде.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *