Қызғаныш оты жарға жыққан келіншек

Ол бала кезінен қызғаншақ еді. Анасы базардан әпкесіне көк, бұған қызыл шұлық әкелсе әпкесінің көк шұлығы әдемідей көрінетін. Қызғаныш оты алаулап, іштей өкпелеп те қалатын.
Әпкесін әкесі сәл еркелетіп жақсы сөйлеп жатса да бұның қызғанышы оянып бұртиып, басқа бөлмеге тығылып алатын. Осы әдеті өскенде де қалмады. Сыныптыс қыздардың бірі әдемі, не жаңа киім киіп келсе, қызғаныштан жарыла жаздайтын. Сол қызға бірнеше күн сөйлемей қоятын.

Алғашында үндемей қалатын әдеті, кейін-кейін өзгерді. Енді ол өзінен асып кеткендерді кекетіп-мұқатып өшін алатын дәрежеге жетті.
Бірақ, осы қызғаншақтығының пайдасы да тиді. Ол өзінен ешкім асып кетпеуі керек деген пікірді ұстанып мектепте үздік оқыды.
Қызының тырысқақтығына қуанған әкесі, бұл бұртиған сайын мұның бұл қылығын қызық көретін. Ал, анасы болса іштей қызының бұл мінезінен секемденсе де, үлкейіп ақылы кіргенде қояр деп үндемейтін.
Бірақ, «ауру қалса да әдет қалмайды» деген сөз бекер айтылмаған екен.
Былтыр әпкесі Айжан мектеп бітірді. Анасы әупірімдеп жүріп банкетке көйлек тіктіріп берді. Бұл кезде Айжанның қуанышында шек жоқ еді. Әдемі көйлегін қайта-қайта киіп, айна алдына келіп, шашын сәндеп әлек болатын. Ал, бұл іштей қызғаныштан жарыла жаздайтын.
Ойында ештеңе жоқ Айжан сіңлісімен кеңескісі келіп:
– Гүлжан, қарашы шашымды былай етсем қалай болады?- деп шашын әр түрлі үлгіге салып сұрай беретін.
– Қойшы-ей, білмеймін,- дейтін бұл жынданып.
Айжан мектеп бітіретін жылы әкесінің бар тапқаны соған кетті. Соңғы қоңырауға дей ме, сыйлыққа дей ме, банкетке дей ме, әйтеуір қырғын ақша кетті. Айжан үйге «ақша» деп келген сайын мұның шекесі тырысатын. Әкесі мен анасы тұңғыш перзенттерінің мектеп бітіргендеріне қуанып Айжан не десе де орындайтын. Ал, Гүлжан ақша сұраса алдымен анасы қарсы шығатын.
–Мама, мен киім алайыншы, — деді көктем шығысымен. Сыныптас қыздарының бәрі құлпырып жаңа киім киіп шыққанда бұл қалай құр қалсын.
– Қызым, ақша болса қанеки, жаңа киім алып берер едім. Көріп отырсың ғой…
Анасы тағы да бұрынғы әңгімесін бастап келе жатыр еді Гүлжанның ашуы бұрқ етті.
– Маған келгенде өмірі жоқ дейсіңдер. Айжан не десе де алып беріп жатырсыңдар ғой!…
– Айжан мектеп бітіріп жатыр ғой қызым. Келесі жылы сен де мектеп бітіресің…
– Қойыңызшы! – Гүлжан ашуланып бөлмеден шығып кетті.
Анасы өткен жолы да осылай деген. «Айжанның киімдерін кие тұр. Сен кимегенде оларды енді кім киеді» дейді. Сонда бұл қашанға дейін әпкесінің ескісін киіп жүрмек.
Гүлжанның осыған жыны келеді. Айжан үнемі жаңа киім киеді, ал бұл бала кезінен бері Айжанның ескісін киюмен келеді. Осындай да Айжанның орнында болмағанына өкінеді.
Соңғы қоңырау да жақындап қалды. Әпкесі соңғы қоңырауға арнап та жаңа киім алды. Қызғанып кетті. Менде аламын деп қиғылықты салды.
–Соңғы қоңырауға киім аламын дегені несі?!-деп бірінші анасы ұрысып шықты. – Кие бер күнделікті киіміңді. Келесі жылға, бірінші қыркүйекке алмайсың ба? Миллионердің қызындай о несі-ей?-деп кейи жөнелді.
– Гүлжан папаммен мамамды неге қинай бересің? — деп ақылгөйсіді Айжан.
– Сен өзіңді білші. Өзің киім алғанда бәледейсің. Сонда сен ғана киінуің керек пе, бұл үйде?!
Гүлжанның ашуы мұрнының ұшына келді. Айжан не десе де айтқанын істейді, ал бұның айтқаны өмірі жерде қалады.
– Мен мектеп бітіріп жатырмын. Келесі жылы сен де бітіресің, сол кезде саған да әпереді, — деді Айжан үлкендігін білдіріп.
–Иә, әпереді. Келесі жылы тағы да сенен қалған киімдерді ки дейді, көресің ғой. Банкеттің көйлегін, екеуің де киесіңдер деп тіктірді ғой. Келесі жылы тағы да сенің көйлегіңді киемін… – деп Гүлжан көзіне жас алды.
Айжан ойланып қалды. Бір жағынан Гүлжандікі де дұрыс. Үнемі бұған сыймай қалған киімдерді киеді. Қайтеді енді. Бүлінбеген, жыртылмаған, тап-таза киімдер. Гүлжан кимегенде кім киеді оларды. Тастауға обал болса…
Оның үстіне бас-басына киім алып бере беретін жағдайлары да шамалы. Әкесінің азын-аулақ айлығы қайсыбіріне жетсін.
– Менің көйлегімді кисең несі бар екен,- деді Айжан сіңлісін жұбатып. – Жұрт әркім киіп тастаған көйлектерді де жалға алып жатыр ғой. Сен менің көйлегімді кисең не болыпты?
–Қыздар күлмей ме?
– Не деп күледі екен? – Айжан таң қалды. Ол ешқашан бұлай ойламайтын. Ол адамдарды киіміне қарап таңдаған емес. Құрбыларымен де бар-жоқтығына қарамай жақсы араласатын.
–Былтыр әпкесі киген көйлекті киіп алыпты дейді ғой, — деді Гүлжан жыларман халде.
– Несі бар екен? Біздегі Шырай ше, сол да үш жыл бұрын бітірген жиен әпкесінің көйлегін алып киейін деп жатыр ғой. Оған күліп жатқан ешкім жоқ.
– Сендер күлмесеңдер біздің қыздар күледі!
Осылай деді де Гүлжан үйден шығып кетті.
Банкет күні де жетіп келді. Әпкесі құлпырып кетті.
– Ту-у, осы қызыңды сұлу етіп туғансың да, Әлия, — деді көршісі Шара әпке Айжанның шашын сәндеп жатып.
Көзі мойылдай әдемі Айжан айнаға қарап отырған күйі жылы күлімсіреді. Екі бетіндегі шұқыршығы ойнақтап, тіпті, сұлуланып кетті. – Осы қызыңды өзім келін қыламын-ау, — деді сонан соң.
–Ой Шара әпке, кімге, Ертайға ма? – деді Айжан сықылықтай күліп. Бұл сөзге бәрі күлді. Шараның үш қыздан соң тапқан тәтті баласы Ертай енді ғана мектеп табалдырығын аттаған бала.
–Ертайға болса болды. Екеуміз құдағи боламыз, — деді әзілдей Әлия.
–Шүкір інілерім бар ғой. Биыл бірінші курсты бітіріп жатыр.
–Өткенде келген бе?- деп сұрады Айжан екі бетінің ұшы қызарып.
–Иә, иә, көрген екенсіңдер ғой. Во, мынандай жігіт! – Шара бас бармағын шошойтты.
Гүлжанның жанар оты жарқ етті. Екеуі танысып еді. Есімі Алтай. Сымбатты, сұңғақ. Жігітпісің – жігіт! Онымен танысқан сәттен бастап-ақ ұнатып қалған.
–Аты Алтай,- деді Шара Гүлжанның ойын оқып қойғандай. – Айжанның теңі. Екеуі жүзікке көз қойғандай бір-біріне сай болады.
–Қой, қой,- деп сөзге араласты Әлия. – Енді ғана мектеп бітіріп тұрған қызымды бұзба сен. Алдымен оқуға түссін. Дипломын алсын. Жігіт те, күйеу де қашпас. – Әлияның аналық қызғанышы оянды ма кім білсін, Шараның мына сөздеріне іштей тыжырынып қалды.
Гүлжан тіпті тырысып қалды. Айжан әпкесі тағы да алдын орап кетті. Іштей Айжанды да Шараны да жек көріп кеті.
Банкет бітіп Айжан оқуға түсуге әрекет ете бастады. Осы сәт Гүлжанның ойына тың ой келді. Егер Айжан оқуға түссе әкесінің бар тапқаны тағы да Айжанға кетеді. Ал, Гүлжан тағы да «ақша жоқ» деген сөздің құрбаны болады. Осыны ойлаған Гүлжан қалай да Айжанның алдын орауға әрекет жасады.
–Айжанды қайда оқытсақ екен? –деп әңгіме бастады бірде әкесі шай үстінде. Бұл кезде Айжан сыртта жүрген.
– Бір айлықпен қалай оқытпақсың?- деді анасы көңілсіз.
–Қиналсақ та оқытайық. Екеуміз де оқымағанбыз, соның кесірін тартып келеміз. Енді балаларымыз оқып, білімді азамат болсын.
Әкесі көсіліп сөйлеп отыр. Гүлжан іштей әкесіне де қарсы келіп отыр.
–Әке, — деді ол әкесі сөзін тауыса бергенде. – Айжан биыл күте тұрса қайтеді. Келесі жылы мен де мектепті бітіремін. Екеуміз бірге тапсырамыз. Бірге оқимыз, — деп өз ойын айтып салды.
– Мұның да дұрыс екен,- деді әкесі құптағандай болып.
– Қой, Айжан биыл түсе берсін, сен келесі жылы мектеп бітірген соң түсерсің. – Анасы тағы да Айжанды жақтап отыр. Гүлжан ашуға булықты.
– Жоқ, Гүлжан дұрыс айтады. Екеуі де келесі жылы бірге түссін, бір-біріне серік болады, — деді әкесі.
– Айжан биыл түссе келесі жылға дейін біршама үйренісіп қалады. Гүлжанға қорған болады дегенім ғой, — деді анасы күмілжіп.
Гүлжан қуанып кетті. Бұл қуанышын Айжанға жеткізбек боп сыртқа шықты.
– Айжан, — деді анадайда қызыл-сары гүлдің жапырақшаларын тырнағының үстіне жапсырып отырған әпкесін көріп.
–Гүлжан қарашы, тырнағым қандай ұзын. Айжан ойында түк жоқ сүйрік саусақтарын көрсетіп Гүлжанға қарады. Гүлжанның қуаныштан жүзі бал-бұл жанып тұр.
– Не болды, қуаныштысың ғой?
– Сен оқуға түспейтін болдың. – Гүлжан кекете жымиды.
–Не дейсің?
– Әкем айтты. Екеуміз келесі жылы оқуға бірге түседі екенбіз.
– Қойшы.
Айжанның манағы бал-бұл жанған жүзі сұрланып үйге кірді.
– Әке, мені биыл оқуға түсірмейсіз бе? – деді әкесіне еркелей тіл қатып.
– Көреміз қызым, — деді әкесі теледидардан көз алмаған күйі. Әрі қызының меселін қайтаруға да дәті жетпей тұр.
– Әке, – деді Айжан әкесінің қасына отыра қалып.
– Қызым, мені дұрыс түсін. Жетер-жетпес жалақым бар, сені оқытамын ба, әлде мына бауырларыңа жеткіземін ба? Өзің ойлашы. Биыл бір басыңа қанша қаражат кетті. Келесі жылы Гүлжан мектеп бітіреді. Оған да соншама қаражат керек. Сен оқуға түссең тіпті көп ақша керек болады. Сонда мен не істеймін? Қайдан ақша табамын?…
Айжанның көзіне жас келді. Булығып жылап сала берді.
– Қызым жылама. Келесі жылы Гүлжан екеуіңді міндетті түрде оқуға түсіремін, сәл ғана шыда, — деді әкесі қызын бауырына басып.
Айжан жылап бірнеше күн тамақ та ішпеді. Гүлжанның қуанышында шек жоқ. Ыңылдап ән салып жүріп, үйдің бар шаруасын атқарып тастағанын өзі де білмей қалады.
Анда-санда әпкесінің солғын түрін көргенде ғана өтірік мұңайған кейіп танытады.
– Ту-у, біз қашан жұрт сияқты өмір сүреді екенбіз, — дейді Айжанға жалпақтап. – Қашан жұрт сияқты асып-тасып жүреді екенбіз? Келесі жылы тағы да ақша жоқ деген сылтау болмай екеуміз де оқуға түссек жақсы болар еді.
Айжан әкесін де қинай беруді жөн көрмеді. «Мейлі, -деді іштей. – Келесі жылы Гүлжан екеуміз бірге түсерміз». Осылай жүргенде бір жыл да өте шықты. Есірген Гүлжан ақша шашудан алдына жан салмады.
– Мама, ақша берші,-деп тұрады күнде таңертең мектепке кетер алдында.
– Қызым-ау тағы неге?-дейді Әлия кейіп.
– Суретке түсіп едік, соны алуым керек.
– Күніге суретке ақша дейсің, не істейсің сонша суретті. Жоқ ақша!
– Ту-у, маған келгенде өмірі «жоқ» дейсіз. Былтыр Айжанға «жоқ» демей-ақ, тауып беретін едіңіз…
– Айжан сен сияқты ақша шашқан емес. Одан кейін сен қыз неге Айжанды күндей бересің? Ол әпкең ғой, ұят емес пе.
– Өтірік пе!? Ол ақша сұраса бере беретін едің ғой.
Қызының бірбеткей, қайтпас болып келе жатқанына Әлия таң қалды. Кімге тартты екен? Қай жерде қателесті екен?…
Әлия ойланып қалды. Гүлжан есікті тарс жауып кете барды.
– Осы қызың бір түрлі ұрысқақ болып барады,- деді бірде күйеуіне Әлия.
– Гүлжан ба? Білмеймін, бірақ әлі бала ғой, есі кірген соң қояр.
– Қайдам?… Айжанды көре алмайтынына таң қаламын. Қызғаншақ…
– Қойшы сенде, қайдағыны айтпай. Қызың туралы қалай олай дейсің?
Әлия үнсіз қалды. Гүлжан жайлы бұрынырақ ойлау керек еді. Еркелік пе, қызғаныштық па, осының екі арасын айыра алмай әлек.
– Мен банкетке көйлек тіктіремін, – деді бірде төбеден жай түскендей. Анасы Әлия да, әпкесі Айжан да аңтарылып қалды.
– Көйлегің бар ғой, – деді жай ғана Айжан.
– Мен оны кимеймін!
– Несі бар екен? Неге кимейсің? – Сөзге Әлия араласты.
– Кигім келмейді! – Әлияны мына қыз шаршатайын деді.
– Кимесең кимей-ақ қой. Шаршадым сен қыздан.
– Маған басқа көйлек алып бересіз.
– Қайдан?!.. Аспаннан ба?!. Салбырап көйлек түссе өзің-ақ қағып ала бер!
– Былтыр Айжанға тіктіріп бердіңіз. Маған келгенде үнемі жоқ дейсіз…
– Айжанға екеуің киесіңдер деп тіктірген жоқпын ба? Жап-жаңа көйлек қой. Айжан бір-ақ рет киді.
– Сонда мен тағы да Айжаннан қалған киімді киемін ба?
– Басқа нәрсенің бәрін жаңадан алып беріп жатырмын ғой. Ақша жоқ қой қызым, болмаса сенен аяймын ба? – Әлия кемсеңдеп көзіне жас алды.
Былай тартсаң былай жетпейтін тұрмыс титығынан шаршап жүргенде мына қызының қылықтары мүлде қинап жіберді.
Дегенмен, Гүлжан өз айтқанын істеді. Айжан киген көйлекті құрбысына жалға беріп, өзі жалға қаладан көйлек алдырды.
Банкет болатын күні Әлияның үйінен тағы да дау шықты. Гүлжан қалаға барып шашымды сәндетіп келемін деп тағы да өнер шығарды.
– Көп сөзді қой. Шара әпкең шашыңды сәндеп береді, – деді Әлия сөз осымен бітті дегендей даусын көтеріп.
– Керек емес! – Гүлжан қайтар емес.
– Онда банкетіңе де қатыспайсың. Менің басымды ауыртпа қыз!
–Қой барса барып келсін, – деді әкесі ана мен қыздың арасына түсіп. Бүгін соңғы күні ғой. Қызыңның көңілін қалдыр ма.
– Мың теңгені далаға шашқанша, сол шашты мына Шара да сәндейді ғой. Былтыр қыздың бәрі осы Шараға келді ғой. Биылғылар білмеймін қайдан шыққандарын. Шетінен байбатшаның қыздарындай ғой, түге! Шаш сәндеу не теңдері!..
Әлия өз алдына шыж-быж болып жүргенде әкесі Гүлжанның қолына мың теңгені ұстатты. Гүлжан қуанып кетті.
– Тағы да бес жүз, – деді Гүлжан бес саусағын көрсетіп.
– Жетпей ме?
– Барып қайтатын жолым ше? – деді Гүлжан әкесіне.
Қызының ойланбайтынына көзі жетті. Сонда да өзі айтып қойған соң амал жоқ тағы бес жүз теңгелікті ұстатты. Азық-түлікке деп сақтаған ақшасы еді. Қызының соңынан қарап бос қалтасын сырттай сыйпалап қала берді.
Мейлі, бұл күнде өтер. Енді екеуін қалай оқуға түсіремін деген ойға қалды. Осыны ойлағанда басы мең-зең болып кетеді.

Бақытгүл Ауданова

(жалғасы бар)

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *