Қимайтын затыңды бер…

Қазақтар мүшел жасында қандай ырымдарға сенген?

Қазақта мүшел жас өте қауіпті кезең болып саналады. Сондықтан оған қатысты түрлі ырым-тыйымдар бар. Сонымен қатар, мүшел жасқа келген адамға бағалы затын біреуге сыйлау керек деген ұғым бар. Этнограф Болат Бопайұлы бұл ырымның не үшін жасалатынын айтып берді.

«Мүшел жас — қауіпті кезең»

– Қазақ есебінде адам өмірінің әр он үш жылында бір мүшел айналып келіп отырады. Мұнда бір нәрсені қанық білуіміз керек. Мүшелінің алғашқысы немесе бірінші мүшел 13 жылда қайырылса, қалған мүшелдер 12 жылдан қайрылып отырады. Мәселен, жүзден асып жығылған адамның мүшел жасы 9 рет айналып келеді.
13 жас — бір мүшел, 25 жас — екінші мүшел, 37 жас — үшінші мүшел, 49 жас — төртінші мүшел, 61 жас — бесінші мүшел, 73 жас — алтыншы мүшел, 85 жас — жетінші мүшел, 97 жас — сегізінші мүшел, 109 жас — тоғызыншы мүшел деп есептеледі. Болат Бопайұлының сөзінше, қазақ халқы мүшел жасқа қауіппен қараған.
«Қазақ мүшел жасты «қатерлі жас», «қауіпті кезең» деп есептеген. Адамның өмірі әр он екі жылдан бір қайырылғанда қамыстың буын-бунағына ұқсайды деп қараған. Жел ұрған қамыс буынынан сынады. Өмірдің де буыны мүшел жас деп қараған. Сондықтан мүшел жасында алыс сапарға жалғыз шықпаған, той жасамаған, өлімді жерлерге көп бармаған, адамдармен шармаяқтасып ұрыспаған», — дейді маман.

Мүшел жаста қандай сыйлықты кімге беру керек?

Этнограф мүшел жасқа келген адамның бағалы затын сыйға тарту керек екенін айтады.
– Мүшел жасқа шыққан кезде адам өзінің қимайтын бір затын жолдас-жорасына, тілеуін тілеп жүретін қарияға, құрбысына, болмаса ауылдағы дуалы ауызды адамға беріп, содан бата алған. Бұл рухани тұрғыда желпініп, сергек жүріп, өз өмір бағытын дұрыстау жолында жасалған іс. Қимайтын затын садақаға бергеннен кейін көңілі кеңейіп, сергіп қалады екен. Өзіне төнген қауіп-қатер, сырқат садақа беру арқылы кетеді деп сенген. Бұл сыйлық — аман-саулық, бақыт жолында берілген садақа, — дейді ол. Маманның айтуынша, сыйлықты көбіне бата алу үшін берген.
– Бұрын байлар, жомарттар мүшел жасқа келгенде атын не қымбат тонын, алтын жүзігін, жан садақасы деп малдай, заттай сыйлаған. Мүшел жаста өзі ұзақ ұстаған затын беру керек деп ойлаған. Мұндай сыйлықты жәй адамдар емес, бата бере алатын, дуалы ауызды, жылы лебізді адамдарға береді, — дейді Болат Бопайұлы.
Бірақ мүшеліңде біреуге сыйлық бермесең, қауіп-қатер келеді дегенді білдірмейді екен.
– Әрине, өзіңе қымбат затыңды сыйламасаң, міндетті түрде ауыр сырқатқа ұшырайсың, қауіп-қатер келеді деген сөз емес. Бұл ұлтымыздың тіршілігіне қабылданып кеткен ырымды кәделер. Дүниесін сыйға тарту арқылы қазақта рухани түрде серпіліп қалатын болған. Оның үстіне, мүшел жасқа келгеннен сый алған адам үшін де бұл үлкен құрмет саналады, — дейді этнограф.

Мүшел жастағы адамға қандай тыйым салынған?

Этнографтың айтуынша, қазақ халқы мүшел жастағы адамға түрлі қауіп-қатер төнуі мүмкін деп сенген. «Қазақ халқы мүшел жасқа толғанда жалғыз өзі ұзақ сапарға шықпайды. Өйткені мүшел жаста адам әлсіз күйде болады, қауіп-қатердің арасында өмір сүреді деп ырымдаған. Одан қалды, қазақ мүшел жасында сәнді киініп, көрікті болып, көзге түспейді. Себебі ондай жағдайда тіл мен көз тез тиеді деп қорыққан. «Мүшел жастағы адамның бір аяғы көрде, бір аяғы жерде болады» дейтін сенім бар», — дейді Болат Бопайұлы.
Оның айтуынша, қазақ халқы мүшел жасқа толған жылы өз жасын жасырады. Не бір жас кемітіп, не арттырып айтады. Себебі мүшел жастағы адамға тіл-көздің сұғы тиеді деп ойлаған. Сонымен қатар, этнограф мүшел жасқа келгенде мал сойып, қан шығару керек деген сенімнің дұрыс емес екенін айтады.
– Адам өз мүшел жасында қай жануардың жылында туса, сол жануарды соймайды. Жәндіктерді де беталды өлтіре бермейді. Қан төгілген дұрыс емес деп сенген. Негізі мүшел жаста қан шығармайды, — дейді ол.

Қайрат Нұрлықасымұлы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *