Жарқын жобадан үлкен үміт күтеді

«Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасы» аясында өткен жылы қолға алынған бағдарлы бастамалар бүгінде жемісін бере бастады. Бұған дейін Мойынқұм ауданы, Айдарлы ауылының тұрғындары алғашқылардың бірі болып қаржысына қол жеткізгенін айтсақ, енді міне өзге елді мекендер де межелі сомаларын алып, еңселері тіктелуде. Бұл жайында «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясында өткен жиында облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев баян етті.

Мұратхан Жүнісәліұлының сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда бағдарламаның екінші бағыты мал шаруашылығын дамыту аясында ауқымды шаралар қолға алынып жатыр екен.
– Мал шаруашылығын дамыту және мал сатып алуға барлығы 6 миллиард 687 миллион теңге қарастырылса, бүгінгі күнге 388 өтінім мақұлданып, 1 миллиард 270 миллион 700 мың теңге шаруаларға берілді. Аудандардың арасында Байзақ ауданы көш бастап 60 азамат қаржысына қол жеткізсе, Сарысуда – 47, Жуалыда – 43, Т.Рысқұлов ауданында — 40 өтінім беруші өз қаржыларын алды. Көш соңында 17 мақұлданған өтініммен Мойынқұм ауданы келеді. Алайда аталған елді мекеннің жол қашықтығын ескеріп, бұған түсінікпен қарап отырмыз. Және ақшасын алғашқылардың бірі болып алған Айдарлы ауылының тұрғындары ай соңына дейін көрсеткіштерін жақсартатынына сенімдіміз.
Қазір қаржы тек жобаның екінші бағыты бойынша ғана берілуде. Және мал сатып алуды шаруалардың өз еркіне қалдырып отырмыз. Алайда олар төрт түлікті туысынан сатып ала ма, әлде базардан ала ма, ол мал міндетті түрде сырғаланып, ортақ базаға енгізіледі.
Қаржысын алғандарға мал сатып алуға екі ай мерзім беріп отырмыз. Осы уақыт аралығында олар мал сатып алуға міндетті. Оны тексеретін арнайым комиссия да құрылып қойды. Егер межелі мерзімде мал алмаса, онда оған қатаң шара қолданылатын болады, -дейді облыс әкімінің орынбасары.
Осылайша аймақ басшысының ауыл шаруашылығы саласына жауапты орынбасары пилоттық жоба аясында алғашқы қаржы кімдерге беріліп жатқанынан хабардар етті. Және Мұратхан Жүнісәліұлы тәулігіне шаруалардың 200-ден аса өтінімі қаралып, бұл жұмысқа 70-ке жуық азамат жұмылдырылып жатқанын да жеткізді.
Демек жоспардан ауытқымау үшін бар күш салынуда. Ол түсінікті де. Себебі тұрғындарға мал сатып алуға қаржы беріліп болғаннан кейін бағдарламаның өзге бағыттары бойынша да қаржы игеруге кезек берілмек.
— Жобаның екінші бағыты бойынша қаржыны үйлестіріп болғаннан кейін өзге бағыттарға басымдық береміз. Мәселен бірінші бағыт үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану үшін қазір ұйымдастыру жұмыстары басталып кетті. Бұл бағыт бойынша 199,2 миллион теңгеге құрылған 11 ауыл шаруашылығы кооперативінен өтінім түскен болса, қажетті тұқым, тыңайтқыш, химиялық қорғау заттарын сатып алу үшін келісім шарттар жасалуда. Бұл жұмыстар 1 наурыздан бастап толықтай жүйесін табады. Және 18 жылыжай салуға түскен өтінім де мақұлданып қойды. Оған қаржы қаңтар айының 20 жұлдызынан кейін беріледі.
Ауыл шаруашылығы кооперативтеріне қажетті құрал-жабдық, қондырғы және техника сатып алу үшін 1 070,9 миллион теңге қаралған болса, қазір 194 техника алуға өтінімдер мақұлданып отыр. Олардың қатарында сүт қабылдау тенкері, сүт тасымалдағыш автокөлік, сүт сауатын аппарат, рефрижиратор, МТЗ-82 тракторы және комбайн бар. Осы тұста айта кетерлігі сатып алынған техниканың өзі кепілге қойылатындықтан шаруаларға ауыртпалық салынбайды. Сондай-ақ техниканың 50 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланатындықтан оның құнын өтеу тағы жеңіл бола түсуде. Жалпы техника сатып алуға қаржы 1 ақпаннан бастап беріледі.
Бесінші бағыт ауыл тұрғындарының жеке кәсіп ашуға қаржыландыруға 319,6 миллион теңге қаралып, «Тараз» микроқаржы ұйымдары арқылы құжаттар қабылданып жатыр. Аталған ұйым кәсіп ашуға ниетті азаматтардың бизнес жоспарларын жасауға да көмек беруде. Бұл бағыттағы қаржылар қаңтар айының соңынан бастап өтінім берушілерге беріле бастайды, -дейді облыс әкімінің орынбасары М.Шүкеев.

Сайын ТҰРЛЫХАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *