АУҚЫМЫ КЕҢ АУДАННЫҢ АБЫРОЙЫ ДА АСҚАҚ

2019 жылы еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық өмірі өзгеріске толы болды. Сабақтастыққа негізделген саяси жүйе экономиканың барлық секторындағы дамудың діңгегіне айналды.
Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауынан туындаған міндеттерді іске асыру нәтижесінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика байқалды.

Өткен жылы аудандағы егіс алқаптарына дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 16 697 гектарға, майлы дақылдар 2 820 гектарға, қант қызылшасы 1 207 гектарға, картоп 680 гектарға, көкөніс 6 555 гектарға, бақша 2 326 гектарға және мал азығы дақылдары 23 260 гектарға, барлығы 53 545 гектар алқапқа орналастырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 126,5 гектарға артық көрсеткіш саналады. Егін орағы нәтижесінде 13 836 гектар масақты дәнді дақылдар алқабынан 31 957 тонна өнім алынды. Өнімділік көрсеткіші әр гектардан 23,1 центнерді құрады.
Ауданда ауыл шаруашылығының барлық түрін дамытуға мол мүмкіндік бар. Президент Жолдауында дамудың негізгі ресурсы ретінде басымдық берілген агросекторда есепті жыл ішінде нәтижелі жұмыс жүзеге асты. Оның ішінде, игерілмей жатқан жерлерді пайдаға жарату жұмыстары жанданды. «Қазақстан Ғарыш сапары» акционерлік қоғамы аудан бойынша 139 шаруашылықтың 3 706 гектар егістік жерлері игерілмей жатқанын анықтады. Жайылым жерлерді зерделеу жұмыстарының нәтижесінде 3 054,25 гектар жайылымдық жері бар 63 жер пайдаланушының малы жоқтығы анықталды. Игерусіз қалған суармалы және суарылмайтын егіс алқаптарын мақсатты пайдалану бойынша жүргізілген түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде 20 шаруа қожалығының 326,61 гектар жер учаскесі (жайылым 174,45 гектар, егістік 151,93 гектар) мемлекет меншігіне қайтарылды.
Жерлерді мақсатты пайдалануда суармалы егістік көлемін арттыру жұмыстарына да басымдық берілуде. Ауданда 78 каналды жөндеу жұмыстары басталып, оны 2021 жылға дейін аяқтау жоспарлануда. Осы жұмыстардың нәтижесінде 28 137 гектар суармалы алқаптар толығымен ағынды сумен қамтамасыз етіліп, суармалы дақылдардың өнімін екі есеге ұлғайту көзделуде. Тек қызылша алқабының көлемін 4 000 гектарға жеткізу жоспарлануда.
2019 жылы аудандағы 31 шаруа қожалық жалпы құны 372 млн. 800 мың теңгені құрайтын 66 жаңа техника сатып алды. Әр ауылдық округте машина техникалық стансасын құру мақсатында, «Жеті-төбе» ауыл шаруашылығы кооперативі лизинг арқылы 34,3 млн. теңгені құрайтын ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Осы Дихан ауылдық округіндегі техниканың 300 гектарға дейін егін алқаптарын игеруге қуаты жетеді. 2020 жылы Қостөбе және Түймекент ауылдық округтеріне де техникалар алу жоспарлануда.
Өңірде жылыжай шаруашылықтарын дамыту бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Аудан бойынша жалпы көлемі 5,2 гектарды құрайтын 5 жылыжайлар шаруашылығы бар. Сондай-ақ, жалпы көлемі 0,95 гектарды құрайтын 9 отбасылық жылыжай жұмыс істейді.
Соңғы жылдары аудандағы ауыл шаруашылығы саласында су үнемдеу технологиясы кеңінен қолданылуда. Өткен жылы тамшылатып суару әдісі 1 346 гектар аумаққа енгізілді.
Егін шаруашылығымен бірге ауданда соңғы жылдары мал шаруашылығының да даму қарқыны жоғары. 2018 жылдың 11 айымен салыстырғанда 2019 жылы мүйізді ірі қараның саны 2 908 басқа, қой мен ешкінің саны 22 009 басқа, жылқының саны 2 065 басқа, түйенің саны 28 басқа, шошқаның саны 118 басқа және құстардың саны 80 397 басқа өскен.
Есепті кезеңде аудан бойынша 13 604 тонна ет, 42 782 тонна сүт және 12 млн. 491 мың дана жұмыртқа өндірілді. Қазіргі таңда, ауданда 9 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс жасайды.
Мал шаруашылығы өнімділігін арттыру мақсатында әр елді мекендердегі қоғамдық падаларға асыл тұқымды бұқалар қосу және қолдан ұрықтандыру жұмыстарын жандандыруымыз қажет.
«Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасы» аясында, аудандағы Қостөбе, Түймекент ауылдық округтері пилоттық ауыл ретінде таңдалып алынды. Қостөбе ауылында аталған жобаға тұрғындардың 98 пайызы, ал, Түймекент ауылында 95 пайызы қатысуға ниет білдіріп отыр. Алдын ала есеп бойынша осы 2 ауылдық округ тұрғындарына 2,5 пайыздық мөлшермен 1,5 млрд. теңге көлемінде несие беру жоспарлануда. Бүгінгі күні 300 млн. теңге көлемінде несие беріліп, мал сатып алынуда.
Бүгінде ауданда ресми тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны 7 047-ні құрайды. Оның 6 000-ы нақты жұмыс істеп тұр.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы аудан бойынша 193,8 млн. теңгеге 7 жоба жүзеге асырылды. Өткен жылдың 11 айында бизнесті қолдау шараларының мемлекеттік бағдарламалары аясында 2 160 тұрғын жалпы сомасы 1,245 млрд. теңге шағын несиеге қол жеткізді.
Қазақстан Республикасының индустриалды-инновациялық дамуының 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Мырзатай ауылдық округінде «Әулие-Ата Феникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 148 млн. теңгені құрайтын инновациялық жобасы іске асырылып, 5 жаңа жұмыс орны ашылды. Осының нәтижесінде қосымша 31,5 млн. теңгенің өнімі алынды.
Мемлекеттік бағдарлама тетіктерін пайдаланып, Жаңатұрмыс ауылдық округінде жеке кәсіпкер Ләззат Жабатаева көкөніс консервілеу цехы мен көкөніс сақтау қоймасын салу бойынша инновациялық жобаны қолға алды. Жобаны іске қосу 2021 жылға жоспарлануда.
Бурыл ауылдық округінде «GRAND FOODS PREMIUM» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құны 500 млн. теңгеге жеміс пен көкөністі өңдеу және консервілеу цехының құрылысы мен өндірістік жабдықтарын сатып алу бойынша бизнес-жобасын іске асырып жатыр.
Мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті қолдау шараларын айқын сезінген аудан кәсіпкерлерінің экспорттық әлеуеті де артты. «Әулие-Ата Феникс» ЖШС-і Қырғызстан Республикасы мен Ресей Федерациясына 147,9 млн. теңге болатын 269 тонна бройлер етін экспорттады. «Rоlа» ЖШС-і Қытай Халық Республикасына 15,3 млн. теңгені құрайтын 40,4 тонна кеспе және Ресей Федерациясына 178 тонна макарон өнімдерін экспорттады. «Нұрлы жай» шаруа қожалығы Өзбекстан Республикасына 176 бас бұқа, «Дулат» шаруа қожалығы 100 бас бұқа және «Есалы»шаруа қожалығы 28 бас түйе өткізді. «Март» жеке кәсіпкерлігі Ресей мемлекетіне 1 500 келі шұжық өнімдерін жөнелтті.
Есепті кезеңде өңірде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының кепілдеме тетігі бойынша 71 млн. теңгеге 4 жоба іске асырылды. Бағдарламаның несие пайыздық ставкасын субсидиялау тетігі бойынша 151 млн. теңгеге 9 жоба қанағаттандырылды. Ал, инфрақұрылым жүргізу тетігі бойынша 2 жоба дайындалып, аймақтық үйлестіру кеңесінде қаралып, мақұлданды.
«Бизнестің жол картасы — 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 29 жасқа дейінгі азаматтарға берілетін мемлекеттік грантқа 43 жас кәсіпкер құжаттарын тапсырып, оның 8-і 15 млн. 500 мың теңге грантты жеңіп алды.
2019 жылы «Алель-Агро» АҚ-ы ірі жобаны іске асыруда. Осы жұмыс нәтижесінде екі-үш жылдың ішінде 45 мың тонна тауық етін өткізуге қол жеткізілмек. Жоба құны 11,8 млрд. теңгені құрап, 300 жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Аудан бойынша 43 елді мекеннің 20 елді мекені орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған.
2019 жылы Талас және Сарыкемер ауылдарының ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстарына республикалық және облыстық бюджеттерден 656 млн. теңге бөлініп, жұмыстар басталды және Көкбастау, Жаңатұрмыс, Бурыл ауылдарында су қабылдау имараттары мен су құбыры құрылысына және су жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстарына жобалық — сметалық құжаттары дайындалып, қаржыландыру үшін тиісті бюджеттік өтінімдер ұсынылды. Биыл Байзақ, Қостөбе, Көктал, Сеңкібай ауылдарына ауыз су желілерінің құрылыстары басталады. Оның ішінде, Қостөбе және Сеңкібай ауылдарына ауыз су желілері биыл пайдалануға беріледі. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 3,7 млрд. теңге бөлініп отыр.
Ауыз сумен қамту үлесін арттыру мақсатында, үстіміздегі жылы Аққия, Сарыбарақ, Үлгілі, Базарбай және Қызыл жұлдыз ауылдарында су қабылдау ғимараттары мен ауыз су жүйелері қайта жаңғыртылмақ.

Нұржан НҰРЖІГІТОВ,
Байзақ ауданының әкімі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *