Балалық шақтың баяны

«Нұр Отанның» кезекті бір жиынында кездесіп қалған автор:
– Жақында романым шықты, — деді. Оны ақын ретінде білетін мен іштей таңданып қалдым.
– Мемуарлық роман, – деді ол одан сайын таңдандырып. – Бірінші кітабы…
Роман – жүгі ауыр дүние. Әлбетте, Жазушылар одағының мүшесі ол қандай жанрда шығарма тербегісі келсе де, өз еркі. «Дегенмен…» деген бір ой көңілге келген.
Мемуарлық романның да өз жауапкершілігі бар. Мемуарлық шығарма автор өміріне негізделгенмен, бас кейіпкер өмірі тұтас бір дәуірдің шындығын ашып жататындай, бай, әрі тартысты болуы қажет болса керек-ті.
Осындай ойлармен ақын Үміт Битенованың «Балабақшадан басталған…» атты романын (Мемуарлық роман / Бірінші кітап. – Алматы: «Нұрлы Әлем», 2019. – 320 б.) қолға алғанбыз.

Шығарма «Жетіге жеткенше», «Оқушы Сәуле», «Класс старостасы» деген үш бөлімнен тұрады. Туындының «Жетіге жеткенше» деген бірінші бөлімінің атауы да оқырманын бір ойлантып тастайтыны сөзсіз.
Апырай, кім жетіге жеткенге дейін өмірін жақсы біледі дейсің. Алаңсыз балалықпен өткен, тіршіліктің парқын біле бермейтін бір кезең емес пе еді? Сирек те болса, кейбір ерекше жайлар есте қалуы мүмкін. Ал одан бергі ғұмырдың әр алуан қызығы мен қиындығы, күресі мен тартысы, жігіттік не бойжеткен шақтың қайталанбас романтикасы қайта есте айқын сақталмай ма?! Алғашқы жеңісің мен жеңілісіңді де ұмытпауың мүмкін. Тұрақсыздығың мен өкінішің, жаныңды жегідей жеген мұң-шерің болуы мүмкін.
Алайда, шығарманы оқи отырып, автордың негізгі ойын көңілге түйгендей боласың. Туындының бас кейіпкерінің балалық шағынан басталған бір сәбилік қайғы мен мұң шығарманың тұтас желісін ұстап тұр екен. Ол – әкесі мен қос бірдей бауырынан машина апатынан тосыннан айырылуымен байланысты. Бөлімге, тақырыпшаларға бөлінген шығарма «тірі адам тіршілігін жасайды» дегендей, балалық шақтың әр алуан кезеңін, қуанышы мен жарқын беттерін қамтып, бейнелеп жатқанмен, туындының негізгі пафосы мен ішкі әуенін, басты тінін қапыда айырылған әке мен туған қос бауырына деген мәңгілік сағыныш, іздеу, орнын жоқтау сарыны ұстап тұрған тәрізді.
Егерде осы күтпеген қайғы, ең жақын адамыңды жоғалту болмаса, бұл шығарма жазылмас па еді деп те ой түйесің. Автор беймезгіл өмірден озған қымбатты жандарына әдеби белгі қоюға бекінгендей, үлкен тәуекелмен қаламды қолға алған екен дейсің. Біздіңше, шындығы да сондай. Уақыт озғанмен, адамның адамдығы да, асқақтығы да, жаратылысының өзгешелігі де осында. Күрделі өмірдің қайталанбас болмысы да, бәлкім, осында болар. Өйткені ол тағдыр, жазмыш. Оны өзгерту адамның қолынан келмейді. Дегенмен, ақ парақтай басталған тап-таза көңілге, жас жүрекке түскен ауыр салмақты, өкініш пен сағынышты ешкім де жоққа шығара, не өшіріп тастай алмайды екен. Ол тіпті Құдіреттің де қолынан келмейді екен. Әлбетте, кім-кімге де әкесі, ет-бауыры қымбат. Автор әкесінің балаларына деген шексіз қамқорлығын, өнерпаз жанның балаларын өнерге баулуын, ыстық ықыласы мен көңілін, ақжарқын бейнесін әдемі де әсерлі суреттейді.
«Үйде арқа-басы кеңіп, уақыты болып, көңілденген кездерінде әкем бізге әлгі Радж Капурдың әндерін айтып береді. Айтып бергеніңіз не, әкемнің жеке өз басы-ақ бүтін бір концерт. Қолы өмірі босамайтын анамызды ине-жібімен қоса отырғызып қойып, уілдеп, домаланған Мұрат-Муркамызға дейін бәрімізді төрге көрермен ғып, қаздай тізіп жайғастырған әкем түкпірдегі бөлменің пердесін сахна шымылдығына айналдырады. Өзі конферансье. Өзі әртіс. Өзі әнші. «Концерттің» басталғанын хабарлаған «жүргізушінің» сөзінен кейін қолшапалақтанып бола бергенде «сахнаға» басында мыж-мыж шляпасы бар, костюм-шалбары да жұпыны, мұрын астында қылтиған қысқа қияқ мұрты жүзін мүсәпір кейіпке түсіріп тұрған Радж Капур шыға келеді! Иә, кәдімгі «Қаңғыбас» пен «420-шы мырза» киносындағы, сүйіктісі, бай қызы Ритасына қолы қысқалық етіп, өмір бойы жете алмай жүретін Раджа. Атақты киножұлдыз Радж Капурдың ең ұтымды сомдаған роліндегі кейіпкер. Ұшына оралған түйіншегі бар таяғын иығына асып алған Раджа бөлмеміздің ашық жерін айнала билей, әндетіп жүр».
Әуелі үндіс тілінде ойнақы басталған ән кейін орысшасына, одан соң қазақшасына ауысады. Шағын үй мен бөлменің шаңырағы қуаныштан, балалардың көңілді күлкісінен желп-желп еткендей. Бұл өткен ғасырдың 60-жылдарындағы көңілді балалық шақтың бір көрінісі. Бүгінгідей емін-еркін телевизор да жоқ. Бірақ балалық кездің қуанышы мен шат күлкісі қай кезде де бір басынан асып-тасып төгіліп жататын кез. Әкесінің әнін автор бала көңілмен өрбітеді. Өйткені әкесі балаларын жақсы көреді. Оның ішінде өзі «Әллә» деп атап кеткен сүйікті қызын айрықша еркелетеді.
Шығармадағы «Кененнің «Ақ ешкісі» деген тақырыбындағы суреттеулер де әке образын аша түскен. Кішкентай Әлләнің Марат ағасы бесінші сыныпқа, Самат ағасы үшінші сыныпқа көшіп, жазғы демалысқа шыққан екеуі Құлан ауданындағы Құмарық ауылы мен Малдыбай стансасындағы әкесінің екі бауырының үйіне қыдырып кеткен. Кішкентай Әллә да, үй іші де, тіпті әкесі де оларды сағынып қалыпты. Әкесінің шешесіне есік алдындағы талдың көлеңкесіне алаша төсетіп, көрпе салғызып, жайғаса отырып алып, домбырамен төгілткен әні бұл жолы Кененнің әйгілі «Ақ ешкісі» болады. Зарлы ән кім-кімге жеңіл тимеген. Базар-Назарынан қоса қабат айырылған Кенен ақынның жүрек жарған қайғысы ақ ешкіге арналып зар төгеді. Осы бір мұңды да зарлы саз мектепке енді баратын кішкентай Әлләнің де жүрегін жаулап алған.
«- Базарым-ай, Назарым-ай,
Қу шешектен болды-ау сенің ажалың-ай, ақ ешкі.
«Е-ее, бә-се-ее-е, Базар мен Назар екеуі бірдей өліп кеткен екен-ау. «Ажал» деген сөз сондай жағдайды меңземей ме.
– Қарағым-ай, шырағым-ай,
Сендерді ойлап, өкпе-бауыр езілді ғой… иккігай, иккігай… –
дей берген әкеме қосылып жылап жібердім!
Қорқып, бізден шошып кеткен Таня тәтемізді елемей, папам мені құшақтай алып, шашымнан иіскей қыстыға өксіді. Марат пен Самат ағама деген сағынышымыз ба, Кенен ақынның шешек ауруынан шетінеген Базар-Назар екі ұлына деген аянышымыз ба… білмедім, бізді тежеп, тоқтатуға бата алмай, жалтақтаған тетя Таняға ұяла күлімсіреген мамамның мұрны да пышылдап қалыпты. Көзінде – жас. Бар болғаны «О несі-ей, жамандық шақырғандай… елдің бәрін жылатып…» дей берді күйеуіне қысыла күбірлеп».
Оқырманын бей-жай қалдырмайтын осындай эпизодтар «Жетіге жеткенше» бөлімінің шынайылығын арттыра түскен. Өйткені өнерпаз әке, отбасын шаттыққа бөлеп, балаларына мейірім-шапағатын төккен әке тұлғасы, бәлкім, суреттеуде бала көңілімен өрістетілсе, өрістетіліп-ақ берілген болар, бірақ әлі мектеп жасына жетпеген бала көңілдің шындығымен, шынайы түйсінуімен суреттелген. Оның әке мен ана арасындағы үлкендерге тән қарым-қатысты, өмірдің қайшылықты сәттерін түсінбеуі де мүмкін еді.
Жалпы, шығармада қарапайым отбасының тірлігі бейнеленген. Күйеуінен, қос бірдей баласынан айырылған Тұрсын ананың ендігі жердегі шаңырақты шайқалтпаудағы қажырлылығы, балаларын тәрбиелеп жетілдірудегі, оларды әрдайым аналық шапағатына бөлеудегі тынымсыз әрекеті, шексіз мейірімі шынайы суреттеледі. Жалғызбасты анаға мұның бәрі жеңіл тимеген. Қазақ жұрты мұндай қиын сәтте отбасын жалғыз қалдырмаған. Шығармада нағашы жұртының қамқорлығы, қарапайым ауыл адамдарының демеуі мен қайғыны бөлісе көтеруі, алдағы өмірге бірге қадам басуы – қазақ халқының игі, жақсы дәстүр-салты көрініс береді.
Тіршілік, өмір бәрібір бір орнында тұрып қалмайтын еді. Уақыт өзінің жаңа сәтін, кезеңін алдыға тосады. Әкесінің еркелетіп айтқан Әлләсі мектепке барып, Сәуле атанады, мектеп бітірерде өзінің құжат бойынша қойылған есімі Үміт екенін біледі.
Қарапайым отбасындағы тәрбие, бауырмалдық тағылым шығармада тұрақты желі болып өрілген. Мектепке барған Сәуле бейнесі кластас достарымен қарым-қатыста, жаңа ортада толыға түседі. Мемуарлық туынды Сәуле атымен баяндалатындықтан, шығарманың композициялық тұтастығында бұл образдың атқаратын қызметі ерекше деп білеміз. Ал Сәуле қоғамдық жұмысқа белсенді қатысатын, жалаңқат озат оқушы ғана емес, оның жаратылысында сезімталдық, талант ұшқыны бар. Осы қасиет кейіпкердің біршама терең ашылуына мүмкіндік берген. Өйткені ол не нәрсеге болсын, бейтарап қарай алмайды. Қайбір тұста болмасын, сезім толқыны, елгезектік алдыға шығып отырады. Ол бірде өлең жазуға ұмтылысымен көрініс берсе, енді бірде өз-өзімен ойға кетуге бейім, келесі мезетте сезім толқынымен өзімен-өзі арпалысып, қиял дүниесімен тым алысқа, биікке шарықтайды. Ол мектеп оқулықтарындағы өлеңдерді өзгелерден бұрын жаттап алады. Ол әкесі тәрізді суретші болуды, ән айтуды жаны қалайды. Әнді жаңғыртып, толықтырып отыруға ұмтылады. Ол мектептің қандай тірлігінде болмасын, алда жүруді ұнатады. Осы жайлар кейіпкердің балаң көңіл толқынысымен, бірде өршіл қиялымен, бірде мұңды күйді, толассыз сағынышты басынан өткеруімен өріліп, шығармаға лирикалық, психологиялық реңк береді.
Шығарманың өн бойын көктеп отыратын осы психологиялық реңк ең соңғы парақта да мектеп бітіру кезіндегі әсершіл көңіл кейіпкердің әкесіне арнаған өлеңімен түйінделеді.
Сенен қалған өнерім – қылқаламым,
Әке, мұным өзіңе ұқсағаным.
Арманым ол – өзіңдей әнші болу,
Кешір бірақ, домбыра ұстамадым.

Қалам алып, қолыма өлең жазам,
Мендегі сол ұстаған күй-домбырам.
Жұбатамын өзімді бұл да болса
Әкетайым, өзіңнен қалған мұрам, —
деп келетін өлең жолдары кейіпкердің алдағы арман-мұратымен шектесіп жатыр.
Туындыда 60-80-жылдардағы Үшарал ауылының тыныс-тірлігі мен келбеті автордың сол уақыттағы еңбек адамдарын, мектеп мұғалімдерін, жақсы араласқан көрші-көлемдерін, оқушы достарын суреттеуімен кең көрініс береді. Сол кездегі қарапайым адамдардың бір-біріне деген бауырмашылдығы, ұстаздардың шәкірттері алдындағы беделі мен білім-тәрбие жұмысындағы жауапкершілігі, мықты талабы, бүгінде тарихқа айналған кешегі кеңестік жүйенің мектеп өміріндегі көрінісі бейнеленеді. Кеңестік кезеңдегі білім жүйесін сол уақытты басымыздан өткерген біздер жоққа шығара алмаймыз. Әрине, идеология, сенім бөлек болғанмен, жас жеткіншектің қалыптасуында артықшылықтары болғаны сөзсіз. Октябрят, пионер, комсомол буындарының мектептегі орны Сәуленің тікелей араласуымен біршама суреттеледі. Сол кездегі қара тақта мен ақ борға жүгінген мектеп мұғалімдерінің де аяулы бейнелері көрініс берген. Сол бір кездері алақандай Үшаралда өзге ұлт өкілдері, оның ішінде орыстар көп болатын. Олардың бір-бірімен қарым-қатынастарынан достық көңіл аңғарылатын. Өйткені олар түрлі қиыншылық кезеңде қазақ жеріне келіп, қазақ ұлтының қамқорлығын, қара нанды бөліп жеген бауырмалдығын, кішіпейілділігін көрген. Солардың ұрпақтары қазақты жатсынбайтын, бауырындай көретін. Уақыт қалыптастырған осы бір ізгі сезім де шығармада орнымен көрініс берген деп білеміз.
Мемуарлық шығарма да әдеби туынды болғандықтан, көркем, әсерлі болуы талап етіледі. Шығарманы тұтасымен алғанда, біздіңше, композициялық босаңдық байқалатын тәрізді. Бір арнадағы ширыққан тартыс жетісе бермейді. Туынды, әрине, өмірбаяндық, деректік негізге құрылғандықтан, бұған мүмкіндік аз да шығар. Дегенмен, көркем шығармадағы жинақтау деген шартты негізге алып, суреттелетін оқиғаларды ірілендіру, тұтастандыру қажет пе еді деп ойлаймыз. Мемуарлық туындыдағы аталатын көптеген есімдер, бәлкім, өздері, таныстары үшін қажет болар, ал жалпы оқырманға қызықты болмайтын тәрізді және осы баяндаулардағы қайталаулар да композициялық босаңдыққа сеп болған сияқты. Тіл көркемдігі де автордың басты назарында болуы қажет. Орыс тілі сөздерінің орынды-орынсыз қолданылуы байқалады. Бұл ескертпелерді біз алдағы шығармаларында ескерер деген жақсы ниетпен айтып отырмыз.
Тұтастай алғанда, туынды өзіндік айтары бар, 60-80-жылдардағы ауыл тұрмысын, мектеп өмірін, балалық, оқушылық кезеңді қызықты бейнелеген шығарма.

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
филология ғылымдарының докторы, профессор,
М.Х. Дулати атындағы университеттің «Дулатитану»
ғылыми-зерттеу орталығының директоры

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *