Республикалық айтыстың аудандық іріктеуі өтуде

«Ел іші – өнер кеніші» деген халық даналығы. Сол өнер халықтың бүтін болмысынан сыр шертіп тұратын, өзіндік сыр мен сымбаты жарасқан төл мұра болса тіптен жақсы. Осындай атадан балаға мирас болып қалған қазақ халқының рухани қазынасының бірі – айтыс өнері. Соңғы жылдары ақындар айтысына нықтап ден қойылып сөз маржанын тереген айтыскерлерге қолдау мен құрмет артып келеді. Жауһар жыршыларға деген мұндай назар Жамбылда да жоқ емес. Соның бір айғағы ретінде Аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтің облысқа әкім болып келген сәттен бастап-ақ, өңірде ақындар айтысын дамытуды қолға алуы. Сол уақыттан бері Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет архивтер және құжаттама басқармасы «Облыстық халық шығармашылығы орталығының» ұйымдастыруымен биыл үшінші мәрте «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» атты республикалық ақындар айтысы өтпек.

Жыл сайынғы дәстүрден жаңылмай «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» атты республикалық ақындар айтысының аудандық іріктеу кезеңі басталып та кетті. Аталмыш тақырыпта облыстық кезеңге жолдаманы сарапқа салу мақсатында апта басында Жамбыл ауданында айтыс өткен болатын.
Айтысты аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев пен айтыскер ақын Ербол Қамбатыров ашып беріп, жарысқа қатысқалы отырған жыр жүйріктеріне сәттілік тіледі. Дүбірлі додаға іріктеу мақсатында ұйымдастырылып жатқан айтыс қызықты әрі тартысты бәсекеге толы болды.
Шараға қазылық ететін қазылар алқасының төрағасы «Айтыс ақындары мен жыршы, термешілері халықаралық одағының» облысытық филиалы төрағасы Ахметжан Өзбеков және алдын ала бекітілген ережеге сай айтыс ақындарының тәлімгерлері әрі қазылар алқасының мүшелері Айтмұханбет Исақов, Алтынкүл Қасымбекова және Ербол Қамбатыров болды.
Жалпы айтысқа 10 ақын қатысты. Оның үшеуі көрермен қауымға әлі таныла қоймаған, бұрын сахнаға шықпаған ақындар. Тұңғыш рет айтысқа қатысып отырған үштіктің ішіндегі Мұхтар Қонарбаев есімді 11 сынып оқушысы облыстық айтысқа жолдама алды. Сонымен қатар, Нұрлыбек Құрманов, Шапағат Сәбитқызы, Талап Құдайберген, Бақнұр Нұрман есімді тағы да 4 ақын облыстық айтысқа жолдама алып, барлығы 5 ақын келесі кезеңге өтті.
Келесі күні дәл осы тақырыпта республикалық ақындар айтысының аудандық іріктеу кезеңі бойынша Байзақ ауданында айтыс өтті. Айтысқа барлығы 3 жұпты құраған 6 ақын қатысты. Бес ақын облыстық кезеңге жолдама алды. Атап айтқанда Дидар Басығараев, Бубайда Будеева, Дархан Әбдіманат, Ернұр Бейсен және Әліпбай Нұртай облыстық кезеңде өнер көрсететін болады. Алдағы күндері қаңтар айының жиырма тоғызыншы жұлдызына шейін Сарысу және Талас, Меркі және Т.Рысқұлов Шу және Мойынқұм, Қордай, Жуалы мен Тараз қалалық мәдениет үйлерінде айтыстың аудандық іріктеу кезеңі жалғасады.
Естеріңізге сала кетсек, «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» республикалық ақындар айтысының ауылдық іріктеу кезеңінде Сарысу ауданына қарасты ауылдық іріктеуден 11 ақын аудандық бәсекеге жолдама алған болатын. Ал, Байзақ ауданына қарасты ауылдық іріктеуден 6 ақын өтті. Жамбыл ауданына қарасты ауылдық іріктеуден 10 ақын, Шу ауданына қарасты ауылдық іріктеуден 14 ақын, Мойынқұм ауданына қарасты ауылдық іріктеуден 5 ақын аудандық айтысқа өтті. Жуалы ауданына қарасты ауылдық іріктеуден 5, Т.Рысқұлов ауданына қарасты ауылдық іріктеуден 13, Меркі ауданына қарасты ауылдық іріктеуден 18, Қордай ауданына қарасты ауылдық іріктеуден 8 және Талас ауданына қарасты ауылдық іріктеуден 14 ақын өткен.
Аталмыш шараның ауылдық іріктеу кезеңінде бас-аяғы 104 ақын үздік деп танылған болатын. Ендігі кезекте ауданнан оза шапқан жыр жүйріктері облыстық бәйгеде бақ сынап, ол сыннан да сүрінбей өткен жерлестеріміз жыр алыбы Жамбыл Жабаевтің туған күніне орай өтетін «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» республикалық ақындар айтысында еліміздің өзге де өңірлерінен келген айтыскерлермен жарысқа түсетін болады.

Елдар БОРАНБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *