Құрылыс қыста да тоқтамайды

Шақпақ ауылдық округінің Тәттібай Дүйсебайұлы ауылының үстіңгі жағындағы тау баурайынан салынып жатқан «Қаралма» тау-шаңғы базасындағы құрылыс жұмыстары қыс мезгілінде де тоқтаусыз жүргізілуде.

Бүгінгі таңда тіршілікке қажетті инфрақұрылымдардың дені тартылған, тақтайдай тегіс жол, электр желілері, газ және ауыз су құбыры бар. Коттедждер қалашығынан бой көтерген 23 коттедждің 15-і қолданысқа берілуге дайындалып жатыр. Олардың сыртқы әрлеу жұмыстары аяқталып, қасбеті мен ішкі әрлеуі жүргізілуде. Бес коттедждің қабырғасы көтеріліп, төбесі жабылуда. Объект басында 72 адам еңбек етуде.
Бас мердігер «ТаразСпецСтрой» ЖШС-нің учаске бастығы Василий Журавиннің айтуынша, бүгінде объектідегі құрылыс жұмыстарының 70 пайызға жуығы атқарылған. Жақында ұзындығы 300 метрлік бірінші аспалы желінің құрылысы аяқталып, сынақтан өткізілген, іске қосу-баптау жұмыстары жүргізілген. Одан бөлек, тау-шаңғы базасы әкімшілігі, кафе, мейрамхана, қонақүй ғимараттары бой көтерген. Ұзындығы 2,5 шақырымдық үлкен аспалы желінің құрылысы басталған. Бүгінде үлкен аспалы желінің діңгектері орнатылып, жолаушыларды мінгізу терминалының, диспетчер станциясының қабырғасы тұрғызылуда. Кешеннің аумағы абаттандырылып, 100-ден астам шырша егілген.
Учаске бастығынан тау-шаңғы базасының келешегі туралы сұрағанымызда, ол болашақта коттедждер қалашығының кеңейетінін, мұнда қосымша 20 шақты коттедж салынатынын айтты. «Нысан пайдалануға берілгенімен, құрылыс жұмыстары тоқтамайды, әлі 1-2 жыл бойына жүргізіледі. Базаның аумағы толығымен көріктендіріліп, демалушылар үшін жазғы спорт алаңы, басқа да көңіл көтеру-сауық орындары салынатын болады, сонымен бірге ашық бассейн салу жоспарда бар. Кешен жаз мезгілінде жылқымен серуендеу, велотуризмді дамыту орнына айналады»,- деді ол.
Бас мердігердің өкілі кешендегі құрылыс жұмыстарын қалай болғанда да осы жылдың аяғына дейін толық аяқтап, ел игілігіне беруге тырысатынына сендірді.

Абылайхан СӘРСЕН,
Жуалы ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *