Ардагерлер әрдайым қатарда

2019 жыл қазфосфаттықтар үшін мерекелі жыл болды десе болғандай. «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылғанына мерейлі 20 жыл толды. Жиырма жыл ғаламдық өлшеммен алғанда ұзақ уақыт емес. Дегенмен, осы жиырма жылдың ішінде «Қазфосфат» ЖШС-і республикамыз бойынша фосфор өндірісі саласын талап деңгейінде жолға қойған, төрт аяғынан тең тұрған, алыс-жақын шетелдерге танылған ірі компанияға айналды. Жамбыл облысы химия өнеркәсібінің тұғыры болып қалыптасты. Фосфор өнімдеріне әлемдік рынокта сұраныстың көбейіп отырғаны компанияның келешекте қазіргіден де көлемді жұмыстар атқаруына тура келетінін білдіреді.

«Қазфосфат» ЖШС-нің филиалы «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің негізін қалаған оқиға алғашқы фосфорит кені 1946 жылғы 5 желтоқсан күні өндірілген болатын. Фосфорит кені өндіріле бастағанына міне биыл 73 жыл толды. Осы жетпіс үш жылда кешенде мыңдаған адамдар жұмыс істеді, зейнеткерлікке шықты, біздің ардагерлеріміз атанды. Олардың басым көпшілігі жергілікті тұрғындар. Сонымен қатар көрші Түркістан облысы, Созақ ауданы мен Талас ауданының тұрғындары.
«Ауылыңның қасында төбе болса, ерттеулі тұрған атың, ауылыңда қария болса, жазулы тұрған хатың» деп қазақ атамыз бекер айтпаған. Бұл қағида әсіресе өндіріс саласына қатысты айтылған ба деп қаласың. Өндіріс саласында еңбек еткен ардагерлердің өмір тәжірибелерін, білім, біліктілігін кейінгі ұрпаққа жеткізіп отыру аса қажет. Себебі, өндіріс саласының кез-келген адам түсіне бермейтін қыр-сыры мол. Ардагерлердің ақыл-кеңестерін кейінгілерге жеткізіп, оларды бір-бірімен ұштастырып, жалғастырып отырудың пайдасы зор. Ардагерлерге құрмет кешен басшылығының үнемі назарында. Мерекелі күндері оларды іс-шараларға құрметтеп шақырып, сый-сияпат жасау дәстүрге айналған.
Жаңа жылда кешендегі ардагерлер ұйымының жұмысын жандандыру қолға алынды. Кешен басқармасының ғимаратынан арнайы бөлме жабдықталып, ардагерлердің игілігіне ұсынылды. Бөлмеге компьютер жинағы, телефон байланысы, техникалық және әдеби кітаптар, шахмат, дойбы, қойылды. Жаңа жасақталған ардагерлер ұйымының төрағасы сайланды. Төраға болып еңбек ардагері Қасымбеков Асылбек сайланды.
Ардагерлерді өздеріне арналған бөлмемен таныстыру кезінде ауданымыздың белгілі ақыны, орталық байыту фабрикасының жұмысшысы Талғат Хусайынов авторлық «Мерекелік арнауын» нақышына келтіріп орындап, жиылғандарды бір серпілтіп тастады. Өз кезегінде ардагерлер ұйымының мүшесі Б.Асылбеков кешен басшылығына осындай қамқорлық жасап отырғаны үшін үлкен алғысын білдіріп, өздерінің өмірлік тәжірибелерін жастарға үйретуге жалықпайтындықтарын, әркез қатарда болатынындықтарын жеткізді. Кешен басшысы М.Б.Сәрсенов ардагерлерді келе жатқан жаңа жыл мерекесімен құттықтай отырып, олардың жұмысына табыс тіледі. Мерекелік сый-сияпат жасады.

Д.Ақділда,
«Қаратау» тау-кен өңдеу кешені әкімшілік-шаруашылық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі бас менеджер

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *