Өтер жылға өкпе жоқ, Келер жылдан үміт көп!

«Өткен жылға өкпе жоқ, жаңа жылдан үміт көп» демекші, бірер күнде қарақиік жылын тәмамдап, жаңа мүшелдің басы – тышқан жылына да қадам басқалы отырмыз. Осылайша, тағы бір жылды артта қалдырып, тарих еншісіне тапсырамыз. Өткелі отырған жыл еліміз үшін жетістіктерге толы болды десек, артық айтқанымыз емес. Халқымыз «ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» деп, келер жылдан үлкен үміт күтіп, жақсылықтар тілейді. Ескі жылды шығарып салып, жаңа жылды қарсы алып тұрып әрбір адам баласы өткеніне көз жүгіртіп, істеген ісіне баға береді.

Бұл жыл ел есінде Елбасы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өз лауазымын тапсыруымен есте қалады десек, артық айтқанымыз болмас. Осындай сарабдал шешім қабылдау арқылы ол жаңа саяси дәуірді бастап, жаңа бағытқа жол ашты. Нәтижесінде, жаңа президент сайлауы өтіп, ел тізгінін білікті, тәжірибелі саясаткер Қасым-Жомарт Тоқаев ұстады. Бұл сайлауға әлем сарапшылары жоғары бағасын берді.
Өтіп бара жатқан жылдың тағы бір маңызды оқиғасы ретінде Елордамыз – Астана қаласының атауының ауысқанын айтуға болады. 20 наурыз күні Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев ел астанасының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертуді ұсынған болатын. Бұл – Тәуелсіз Қазақстанның аяғына тік тұрып, жаһан жұртшылығына аузына қаратарлық мемлекет болуына өлшеусіз үлес қосқан Ұлт көшбасшысына деген құрметіміз болды.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің алғашқы Жарлықтарының бірімен көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін ұлғайтуы және бірқатар азаматтардың несиелерін кешіруі де ұзақ жылдар бойы жадымызда болары сөзсіз. Нәтижесінде, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 343 мың көпбалалы отбасы ай сайын мемлекеттен 42 500-74 375 теңге аралығында жәрдемақы алатын болып шешілді. Сондай-ақ, 507 363 азаматтың жалпы құны 105,1 млрд теңгені құрайтын кепілсіз тұтынушылық кредиті кешірілді. Бұл әрекетімен жаңа приезидентіміз елдің басты байлығы – оның азаматтары екенін тағы бір дәлелдеді.
Әрине, жыл ішінде қабырғамызды қайыстырған жай да орын алғанын жасыра алмаймыз. Ол – Түркістан облысы Арыс қаласында орын алған оқиға. 24 маусым күні болған әскери қоймадағы жарылыс салдарынан қаланың 45 мың тұрғыны мекендерін тастап шыққан. Арыстағы апаттың салдарын бүкіл қазақ жұдырықтай жұмыла көтеріп бақты. Жарылыс салдарын жойып, қираған қаланы қалпына келтіру үшін елдегі 17 өңір мен қаладан барған жасақтар шаһарды 17 секторға бөліп, бүлінген үйлер мен нысандарды қара суық түскенше қолданысқа берді.
Ал, жылдың басты жетістігі деп оның Жастар жылы болып белгіленуі болды. Жыл ішінде жас буынның әлеуетін арттыруға бағытталған сан тұрлы шаралар қолға алынды. Жобалар жүзеге асты, ауқымды жұмыстар жүргізілді.
Ал, Жамбыл өңірінде жыл ішінде ондаған мәдени, әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Тараз қаласының өзінде саябақтар ашылып, облыс бойынша мектептер мен денсаулық сақтау нысандары ел игілігіне тапсырылды.
Бұдан бөлек, «Тұрғындардың тұрмыстық әл-ауқатын арттыру» жобасының Үкімет алдында қолдау табуы жылдың маңызды жетістіктерінің бірі болғаны сөзсіз. Оның аясында өңірімізде 10 ауылдық округ пилоттық жобаға еніп, оларға 7,2 млрд. теңге көлемінде несие бөлу туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта бұл жоба табысты жүзеге асуда.
Жамбылдықтар үшін жылдың басты оқиғасы – облысымыздың 80 жылдығы екені даусыз. Жыл бойы мерейлі датаны мерекелеу мақсатында жүздеген мәдени-көпшілік шаралар өтті. Ал кеше Тараз қаласында мерекеге орай ондаған нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде «Көне Тараз» және «Тектұрмас» этно-мәдени кешендерін ерекше атап өтуге болады.
Қорыта келе, бұл жылға еш өкпеміз жоғын айту керек. Өйткені, 2019 жыл елімізде мол табысын әкелді. Ал, келер жылдан көп үміт күтеміз. Тышқан жылы да табалдырығымыздан тынымсыз еңбек еткен халқымызға бақыт берекесімен енсіз.
Бірер күннен соң есіктен кіріп, төрімізге аттайтын жыл жаңа жетістіктер мен мол табыстың басы болғай! Сөз соңында, ұлы даланы ұлықтап, мәңгілігін мекен тұтқан барша Жамбыл жұртына жылдарыңыз нұрлы, айларыңыз арайлы болсын дейміз. Келер жыл келелі дүниесімен, мол табыстарымен қуантсын! Жаңа 2020 жыл баршамызға құтты болсын!

Мұратхан ӘЛІМХАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *