«Жасыл шырша жанында билеп барлық бала жүр…»

Жаңа жыл мерекесінде Мемлекет басшысынан бастап жергілікті атқарушы органдарға дейін балаларға арнап шырша тойын ұйымдастырады. Жыл сайын өзгешелігімен тәнті ететін балаларға арналған «Президент шыршасы» бұл жолы да өткен жылдардағылардан ерекше болды. Биыл облысымыздың 9-13 жас аралығындағы 200 бала Қазақстан Республикасы Президентінің жаңажылдық шыршасына қатысты.

«Біз – еліміздің жарқын болашағымыз!» тақырыбымен ұйымдастырылған шырша жанындағы мерекеге қатысқан әр балаға мемлекет басшысының атынан 100 мың теңгенің көлемінде жаңажылдық сыйлықтарға сертификат берілді. Алуан түрлі костюм киіп келген балақайлар өлең оқып, ән шырқап, билеп, Аяз ата, Ақшақармен қосыла ойын ойнады. Бұл мереде шырша жанынан ертегі кейіпкерлері де табылып, балаларға барынша көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Үлкен көгілдір экраннан еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев балаларды мерекемен құттықтап, бақытты балалық шақ, баянды болашақ тіледі. Сый-сияпатқа, ыстық ықыласқа бөленген балалар періштедей пәк көңілдерімен елдің амандығын, тыныштығын тіледі.
Айта кетейік, биылғы жылғы Президент шыршасына қатысқан 200 баланың 63-і ата-ана қамқорлығынсыз қалған, 68-і көп балалы, 61-і аз қамтылған отбасынан шыққан, 8-і мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндер.
Айта кетер жайт, мереке аясында Президент шыршасынан бір күн бұрын балаларға арнайы мерекелік бағдарлама ұйымдастырылып, балалар «Тараз-Арена» спорт кешенінде эстафеталық жарыстарға қатысып, облыстық драма театрының әртістері дайындаған жаңажылдық қойылымды тамашалаған еді. Сондай-ақ, облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Тараз қаласындағы «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешеніне экскурсия жасаған болатын.

«Ауыл-аймақ»-ақпарат

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *