«Ауданның денсаулық сақтау саласы жаңа жүйеге толық дайын»

дейді Жуалы аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Батихан Алпысбай

Алдағы 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздің денсаулық сақтау саласына мемлекет пен азаматтардың денсаулығына ынтымақты жауапкершілігін көздейтін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылатыны белгілі.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру дегеніміз (МӘМС) – бұл ең алдымен халықтың денсаулығын сақтау саласындағы мүдделерін әлеуметтік қорғаудың мемлекеттік жүйесі. МӘМС жүйесіне қатысушыларға уақтылы, қолжетімді, сапалы медициналық және дәрі-дәрмектік көмек ұсыну қамтамасыз етіледі.
МӘМС жүйесінің артықшылықтары әлеуметтік әділдік, бірлік, жауапкершілік және қызмет сапасының артуы, бәсекелестік болып табылады, азаматтарға медициналық қызметті таңдау еркіндігі мен қолжетімділігіне мүмкіндіктер беріледі.
Елімізде жаңа жүйені жүзеге асыру мақсатында арнайы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылды. Жүйе нақты енгізілген мезгілден бастап азаматтар осы қорға ай сайын міндетті жарналарын аударып отырады. Ал, қорда сақталған қаржы науқастанған жандардың емделуі үшін емханаларға беріліп отырады.
— Жаңа жүйе енгізілгенде тұрғындарға медициналық көмектің екі пакеті ұсынылады. Оның біріншісі, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын медициналық көмектің мемлекет кепілдендірілген көлемін ұсынатын базалық пакет, мемлекет есебінен медициналық көмек алу, мұнда жедел жәрдем қызметі, санитариялық авиация, әлеуметтік ауруларға, сонымен қатар төтенше жағдайларда, профилактикалық екпе кезінде көрсетілетін медициналық көмек түрлері енеді. Бұл қызмет барлық азаматтар үшін қолжетімді. Екіншісі, жаңадан құрылатын медициналық сақтандыру қоры ұсынатын сақтандыру пакеті. Яғни, бұл пакетке енетін қызмет түрлері азаматтардың әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударған жарнасы арқылы жүзеге асады. Екінші қызмет түрлеріне амбулаториялық-емханалық көмек, стационарлық көмек, стационарлық алмастыратын көмек, қалпына келтіру емдік-шаралары, медициналық оңалту, паллиативтік көмек және жоғары технологиялық көмек кіреді.
Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС қорына жарна төлеуден босатылатын табысы аз, әлеуметтік аз қамтылған азаматтардың 15 санатын белгілеп отыр. Оған балалар, көп балалы аналар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Батыр ана» атағын алғандар, ҰОС қатысушылары және мүгедектері, мүгедектер, жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар, интернатта тәрбиеленіп жатқандар, бала тууға, бала асырап алуға, 3 жасқа дейін бала күтіміне байланысты демалыстағы тұлғалар, күндізгі оқу түрінде білім алып жатқандар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, іс жүзінде 3 жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған жұмыссыз азаматтар, зейнеткерлер, әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік қызмет және құқық қорғау органдары жұмыскерлері, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде сот үкімі бойынша жазасын өтеп жүрген адамдар, уақытша ұстау абақтылары мен тергеу абақтыларындағы азаматтар жатады.
Медициналық сақтандыру ең алдымен адамның өз денсаулығына жауапкершілігін арттырады. Сонымен қатар, сақтандыру қорына жарна төлеу арқылы азаматтар қалаған дәрігеріне барып, емделуге мүмкіндік алады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында ақшасы бар азаматтардың емдеу ақысы дәрігерлерге сол қордан төленеді.
Медициналық қызмет үшін жасалатын төлемдер қордағы ақшадан алынатын болғандықтан, енді емдеу мекемелері арасында бәсекелестіктің басталатыны сөзсіз. Өз кезегінде бәсекелестік медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттырады.
Азаматтардың МӘМС қорына аударған барлық сақтандыру жарналары туралы мәліметтер ашық түрде болады. Сақтандыру жарнасын төлеген азаматтар арнайы желідегі «жеке кабинетінен» төлемдердің барлығын ашық түрде көре алады. Қорда жиналатын қаражаттың медициналық қызметтерге бағытталуы өте маңызды, сондықтан қаржы емделетін әрбір азаматқа тікелей бағытталады, — дейді аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Батихан Алпысбай жаңа жүйенің артықшылықтары туралы әңгімелей келе.
МӘМС жүйесі жөнінде жауапты болып бекітілген аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Нұрбай Ергебековтің айтуынша, денсаулық сақтау саласында аталған жаңа жүйені енгізуге дайындық үш жыл ілгеріден басталған. Барлық медицина қызметкерлеріне және тұрғындарға жаңа жағдайда жұмыс істеу тәртібі түсіндірілген.
Осы ретте аудандық орталық аурухана ауданның жергілікті мемлекеттік атқарушы органдарымен тығыз байланыста жұмыс істеуде. 2017 жылдан бастап ауданда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бес институционалдық реформа-100 нақты қадамын» іске асыру аясында МӘМС негізгі бағыттарын іске асыру мақсатында аудандық штаб құрылды. Аудан тұрғындарымен тиісті деңгейде түсіндіру жұмыстары барысында халықтың түрлі әлеуметтік топтарымен сауалнама жүргізілді. Штаб құрамында әртүрлі сала, соның ішінде денсаулық, әлеуметтік қамсыздандыру, жұмыспен қамту және ақпарат салаларының өкілдері енгізілді. Биылғы жыл басынан бері жергілікті ақпарат құралдарында 20-дан астам мақала жарық көрді.
Қазіргі таңда аудандық орталық аурухананың емхана бөліміндегі тіркеу орнында МӘМС жүйесі туралы ақпарат бұрышы жұмыс істеуде. Оған жауапты болып тұрақты маман бекітілген. Бұл бұрышта келушілерге жаңа жүйенің артықшылықтары туралы үлестірме материал таратып беріледі және бұл материалдар қабылдау жүргізіп, ем-дом тағайындайтын әр дәрігердің жұмыс кабинеттеріне қойылған.
Дәрігердің қабылдауына жазылу да электронды форматта жүзеге асырылуда. Бұл процесс тіркеу орнында орнатылған арнайы құрылғыдан іске асырылады. Емделуші осындағы арнайы маманның көмегімен немесе жеке өзі құрылғының экранына өз ЖСН-ін теріп, тиісті дәрігердің қабылдауына жазыла алады. Немесе «DAMU MED» медициналық ақпарат жүйесіне тіркеліп, сол арқылы үйінде отырып, дәрігердің қабылдауына жазылу, кезегін бақылау мүмкіндігі бар.
Бүгінде барлық медициналық ұйымдарда МӘМС жүйесінің артықшылықтары туралы көрнекі ақпарат құралдар бар. Келушілер назарына аудандық орталық емхананың екінші қабатындағы теледидардан, орталық алаңда, орталық емхананың кіріберіс жақ қабырғасына орнатылған LED-экраннан тақырыптық бейнероликтер тәулік бойына ұсынылады.
Тараз қаласындағы МӘМС қоры Жамбыл облыстық филиалы қызметкерлері ауданымызға келіп, халыққа қызмет көрсету орталығында, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында, ауылдық округтерде болып, тұрғындармен кездесулер, қабылдаулар ұйымдастырды. Одан бөлек, аудандық орталық аурухана қызметкерлері арасынан бір дәрігер, бір орта буынды медициналық қызметкер Алуа Көлбай мен Раушан Ұзынғазиева Тараз қалалық № 2 ауруханасында арнайы ұйымдастырылған семинарларға қатысып келіп, ауданның медициналық ұйымдарының қызметкерлерін каскадтық әдіспен оқумен қамтыды. Оқудың әр кезеңі аяқталғаннан кейін қызметкерлер сынақ тапсырды. Нәтижесі күткендегідей болды.
2017 жылдан бері ауданның денсаулық сақтау саласында «DAMU MED» медициналық ақпарат жүйесі енгізілген. Бұл жүйе барлық салалардағы ақпарат жүйелерімен интеграцияланған. Адам өз ЖСН-ін құрылғыға енгізген жағдайда, оның мәліметтері электрондық форматта көрініп тұрады және оған көрсетілетін медициналық қызметтер пакетінің түрі осыған қарай анықталады. Және бұл қызметтер пакеті республиканың кез келген өңірінде жарамды, яғни азамат сапармен қай өңірде жүрсе де, сол пакетті ала алады. Тек тұрған жерінде уақытша тіркелуі шарт.
— Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың МӘМС-не бірыңғай жиынтық төлем төлеу арқылы қатысу мүмкіндігі бар. Бірыңғай жиынтық төлем салық органдарында бейресми жұмыспен қамтылғандар қызметін тіркеудің оңайлатылған тәртібін көздейді. Оның көлемі ауылдық жерлерде тиісті жылға бекітілген АЕК-тің тең жартысын құрайды, яғни 1325 теңге. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар көрсетілген соманы аудандық аурухананың емхана бөліміндегі тіркелу орнында арнайы орнатылған төлем терминалынан, немесе аудандағы кез келген екінші деңгейдегі банктердің төлем терминалдарынан әр айдың 25-не дейін төлеуі шарт. Сонда ғана ол медициналық қызметтің толық пакетіне қол жеткізе алады.
Ауданда бүгінде санаты анықталмаған азаматтармен де жұмыс жеткілікті деңгейге жүргізіліп отыр. Жергілікті мемлекеттік уәкілетті орган – аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәліметіне қарағанда, бүгінгі таңда ауданда 739 азамат өзектендірілмеген, яғни өз мәртебесін анықтамаған, соның ішінде қайтыс болған азаматтар – 6, қоныс аударғандар – 15, бірыңғай жиынтық төлем төлеуден бас тартқан азаматтар саны – 537. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, — дейді аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Нұрбай Әбілқасымұлы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *