Тақымын тайға бекіткен Самғат

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында атқа міну мәдениетіне ерекше тоқталып өтті. Өйткені, жылқы мен адам арасындағы қарым-қатынастың тарихы еліміздің теріскейіндегі жазық даласынан басталып, адамзаттың тағдырын түбегейлі өзгертті. Қамбар ата түлігін қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Батырлар жырларынан Ер Тарғынның Тарланы, Алпамыстың Байшұбары, Қобыландының Тайбурылы секілді ауыздықпен алысқан сәйгүліктердің болғанын білеміз. Көкпар, аударыспақ сияқты ұлттық ойындар жастарды кішкентай кезінен бастап жауынгерлік өнерге бейімдеген. Бала күнінен атқа мініп өскен баланың денесі шымыр, денсаулығы мықты болған.

Соңғы кезде ауданымызда ат жалын тартып мініп, тұлпардың құлағында ойнайтын жеткіншектер қатары көбейіп келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Шабандоздыққа бет бұрып, ұлттық спортпен айналысып жүрген жастар арасында Күреңбел ауылының тұрғыны Самғат Рахметулла да бар.
Самғат 2001 жылы аталған ауылда көпбалалы отбасында дүниеге келген. Күреңбел орта мектебінің биылғы түлегі. Ол алғашында ауылда 3 сыныптан бастап күреспен айналысып, біршама жетістіктерге жетті. 14 жасында «Спорт шеберлігіне үміткер» атағын иеленді. Сонымен қатар, аталған спорт түрінен өткізілетін аудандық, облыстық, республикалық жарыстардың жүлдегері атанды.
Бұғанасы бекіп, қабырғасы қатайға балаң жігіт былтырдан бері ұлттық ат спортының бірі – көкпар ойынына қатысып, облыстық «Әулиеата» жастар құрамасына мүшелікке кірді. Жас спортшы көкпардан ұйымдастырылған дүбірлі додаларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Мәселен, өткен жылы Көкшетау қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында екінші орынды иеленсе, биыл Қызылорда қаласында ұйымдастырылған жастар арасындағы Қазақстан чемпионатының чемпионы атанды. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы Самғат Қуанышұлы көкпардан «Спорт шебері» атағын иеленген, келешегінен зор үміт күттіретін жас көкпаршы.
Шабандоз алдағы уақытта бұданда үздік өнер көрсетіп, ұлттық спортымызды ұлықтауда өз үлесін қосуды, чемпион болуды мақсат тұтқан жанның бірі.
— Бала күнімде ат жалында ойнайтын көкпаршы, шабандоз Нұрдәулет Момынов ағама көп еліктейтінмін. Сондықтан да «Әулиеата» құрамасына мүшелікке алынғанымда қуанышымда шек болмады. Құрама бапкері Есжан Құрманбайдан көкпар ойынының қыр-сырын барынша үйренудемін.
Дода болған соң, аттан құлап немесе атпен бірге жығылатын жағдайлар жиі кездеседі. Тіпті жарақат алатын кезің де болады. Осының барлығына шыдауың қажет. Көкпаршы боламын деген адам жығылса да, жарақат алса да, қаймықпай қайта тұрып, берілмеуі керек. Сонда ғана мықты көкпаршы бола аласың. Өйткені, додаға түсу үшін біріншіден, жарамды атың, екіншіден, жүректі жігіт болуың керек. Ал, қалғаны бірте-бірте қалыптасады, — дейді көкпаршы жігіт.
Көкпар күштiнiң, аты мықты жалғыздың ғана емес, ұжымдық және ақылдың, батылдық пен қайсарлықтың ойыны. Мұнда тек білек күшіне сеніп, әрекет етуге болмайды, онда айла-тәсіл де көп маңызға ие екені белгілі.
«Жүйрік болар жылқыны, тай күнінен таныған» халықтың өкілі болғандықтан, жасынан жүйріктің жалына жармасқан Самғаттай шабандоздың ұлттық спорт саналатын көкпардағы алғашқы қадамынан-ақ самғай беретін саңлақ екеніне көз жеткізгендейміз.
Ұлттық ойын көкпар жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады. Сонымен қатар, ол аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын спорттың түрі екені белгілі. Сондықтан да ауыл жастарының да бұл ойынға қызықпайтыны жоқ шығар, сірә.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *