Жаңа тұрғын алабы іске қосылды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауының негізгі бағыты тұрғындардың әл-ауқатын арттыру болып табылады. Осы ретте жалпыұлттық мереке – Тәуелсіздік күніне орай ауданымызда көптеген игілікті шаруалар жүзеге асырылды. Соның бірі – «Көктөбе» тұрғын алабының ашылуы.

170 жер теліміне шақталған, сметалық құны 612,0 млн. теңгені құрайтын «Бауыржан Момышұлы ауылындағы «Көктөбе» жаңа тұрғын алабын инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету» объектісінің құрылысы биыл жазда жүргізілген болатын. Мердігер компания «Талас-Құрылыс» ЖШС аумағы 30 гектарды алып жатқан алапта жалпы ұзындығы 5,9 шақырымдық көше-жол желісін салып, 4,2 шақырым газ құбырын, 7,1 шақырым ауыз су құбыры, 6,1 шақырым электр желілерін жүргізіп берді.
Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан жаңа тұрғын алабының ашылу салтанатына жиналған ауыл тұрғындарының қарасы мол болды. Ауыл әкімі Көбейсін Хайралапов, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Дәуренов жиналғандарды мерейлі мереке – Тәуелсіздік күнімен құттықтап, ауыл-аймақтарда осындай өркенді өзгерістердің жалғасын таба беретініне сенім білдірді.
Жаңа инфрақұрылым объектісінің лентасын ауыл әкімі Көбейсін Хайралапов, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Дәуренов қиып, көпшілік «құтты болсын» айтысты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *