Дария дайындаған дәмді торттар

Дария Cүлейменованың Жуалы ауданындағы Бауыржан Момышұлы ауылында дәмді де ерекше дизайндағы кондитер өнімдерін тапсырыспен дайындап жүргеніне біршама уақыт болды.

Жас кәсіпкер мемлекет қолдауына сезініп, ағымдағы жылдың қыркүйек айында өз жеке кәсібін ашты. Бойындағы іскерлік қабілеттеріне күмәнданған кейбір жас кәсіпкерлерге қарағанда, ол бизнес әлеміне батыл қадам басты. Осының аз алдында Дария нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылған «Жас кәсіпкер» кәсіпкерлік негіздерін оқыту жобасында оқып алған-ды.
– Биылғы жылдың елімізде Жастар жылы жариялануы әсіресе, жастарға мол мүмкіндіктер ашты. Барлығы өзім жүлдегер болып табылатын «Жас кәсіпкер» конкурсынан басталды. Байқаудағы тәлімгерлердің бірі мені оқуға шақырды. Оқу курсын сәтті аяқтап, қолыма сертификат алған соң, қайтарымсыз грантқа өтініш білдірдім. Жобаны сәтті қорғап шықтым да, жеңіп алған 505 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грант қаражатын пайдаланып, кәсіпке қажетті жабдықтар сатып алдым, — дейді жас кәсіпкер.
Бағдарламаның көптеген артықшылықтарын қоспағанның өзінде, кондитер өнімдерін сақтайтын тоңазытқыштар сатып алуының өзі Дарияның кәсібіне айтарлықтай оң әсер етті.
Дарияның негізгі мамандығы – биология пәнінің мұғалімі. Дегенмен, бұл оның өзіне мүлдем басқа жолды таңдауына кедергі болған жоқ. Оған қоса, кәсіпкер өзінің жеке ісін өркендету үшін білімін жетілдіретін «алтын кеніш» тапқандай болды.
Бүгінде елімізде жастар кәсіпкерлігін дамытуда көптеген тың жобалар қолға алынуда. Мұның бәрі жастардың кәсіпкерлік әлеуетін көтеру үшін үлкен қолдау. «Жас кәсіпкер» жобасы шын мәнісінде Дария үшін шағын бизнесінің бастауы әрі кәсіпкер ретінде де есею жолы болды. Ол қазір «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Жас кәсіпкер» жобасынан үйренген білімі мен жинаған тәжірибесін жетілдіріп, іс жүзіне асыруда.
– Бізге жоба аясында мамандар бизнес-жоспар, қаржы жоспары дегеннің не екенін және оларды қалай жасайтынын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Сол кезде бизнеске жаңадан қадам басқан мен үшін бұл өте маңызды болды. Аталған жоба менің кәсіпкерліктегі алғашқы мектебім десем де болады. Дайындаған кондитер өнімдерімізді, торттар мен бәліштерімізді сатып алғысы келетіндер болса, бізді интернеттегі «Instagram» әлеуметтік желісінен тауып ала алады, — дейді Дария Сүлейменова сөз соңында.
Айта кетелік, «Жас кәсіпкер» кәсіпкерлік негіздерін оқыту жобасы нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылды. Жыл басынан бері ауданда оқуға қабылданған 150 азаматтың 100-і өз ісін ашуға және ілгерілетуге гранттар жеңіп алды. Осылайша, жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал ететін кәсіпкерлік субъектілерді мүмкіндігінше көп қамту жоспарлануда.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *