Ауылдағы руханият ошағы

Билікөл ауылдық округінің Қарабастау ауылдық кітапханасы 1954 жылы ашылып, сол уақыттан бері оқырмандарын білім нәрімен сусындатып келе жатқан жайы бар. Үш бөлімнен, яғни абонементтен, балалар бөлімі мен ақпараттық цифрландырылған орталықтан тұратын кітапхана қорында бүгінде 9 309 кітап болса, оның 5 526 данасын мемлекеттік тілдегі кітаптар құрайды.

Биылғы жылдың тамыз айында ауылдық кітапханада ақпараттық цифрландырылған орталық ашылды. Орталықта «Е.Gov» электронды үкімет порталы арқылы оннан астам анықтама беріледі. Тұрғындар аудан орталығына бармай-ақ электронды цифрлы қолтаңбасы арқылы ала алады. Сондықтан да тұрғындар мұнда көптеп келіп, ақпараттық орталықтың қызметіне жүгінуде. Бұл орталықтың ашылуы ауылдық кітапханаға бір жағынан тұрғындарды тартуға бірден-бір септігін тигізуде.
— Кітапхана — адам бойында ғылым мен мәдениетті қалыптастыратын ошақтың бірі. Мұнда қазақ әдебиетінің небір майталмандары мен дүлдүлдерінің тарихи шығармалары бар. Ол кітаптарды оқырмандарға жеткізу біздің басты мақсатымыз саналады. Сонымен қатар кітапханаға оқырмандарды көптеп тарту мақсатында түрлі тақырыпта іс-шаралар өткізілу үстінде. Рухани ошаққа таяуда ашылған ақпараттық орталықтың пайдасы мол болып отыр. Әсіресе, балаларға. Себебі, олар жаңашылдықты жандары сүйеді. Кітапханаға келіп, керекті кітаптарын оқып, танысып, мәз болып тарқасады, — дейді кітапханашы Гүлсім Жұмаханова.
Кітапхана «Балалы ел – бақытты ел» мақсатты кітапханалық бағдарламасы аясында жұмыс істеуде. Осы ұзақ мерзімді бағдарламаны іске асыру арқылы кітапханада оқырмандар аясын кеңейтуді, бүгінгі жас ұрпақты елін, жерін сүйетін, егеменді еліміздің ертеңі болар білімді, ұлтжанды, саналы да парасатты азамат етіп тәрбиелеуге, олардың сана-сезімін оятып, рухани байытуға атсалысады.
Қарабастау ауылдық кітапханасының кітап қорын халықтың үлкен мәдени мұрасын, оның ішінде заманауи ұлттық мәдениет, фольклор және салт-дәстүрлерін, ғасырлар бойы жинақталған ұлттық әдебиет пен жазба үлгілерін, мемлекеттік тілде әлемдік ғылыми ойлар, мәдениет және әдебиет жетістіктерінің үздіктері негізінде толықтыра отырып, осы бай мұраны оқырмандарға кеңінен насихаттауды мақсат тұтады.
— «Балалы ел – бақытты ел» бағдарламасы аясында балалар ақын-жазушыларының еңбектері аясында жарыққа шыққан басылымдарды оқырмандарға тарату мақсатында түрлі қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктермен бірлесе отырып, көпшілік іс-шаралар ұйымдастыруды көздейді. Ұлттық мәдениет пен жазудың сан ғасырлық тәжірибесін қорыту, әлемдік ғылыми ой-сананың, мәдениет пен әдебиеттің үздік жетістіктерінің кітапхана қорларына жетіп, оны оқырмандар арасында кеңінен насихаттау мен тарату – Қарабастау ауылдық кітапханасының мақсаты, кітапханалық бағдарламасы аясындағы жұмыстардың негізгі бағыты,- дейді кітапханашы.
Ауылдық кітапханада жастардың қоғамдық-саяси өмірге белсене араласуы, елдің саяси өміріндегі жастардың қызығушылығын қоғам назарына бұру, жас адамдардың өнегелік және рухани дамуын қалыптастыру, оларды патриотизмге тәрбиелеу мақсатында «Мерей» қызығушылық клубы ерікті түрде құрылған. Клуб терең ойлы, өткір сөзді, тың идеялар мен тұщымды пікірлерін ортаға салатын жалынды жастарды біріктіріп, ауылдық көлемде жұмысын атқарады. Үйірме мүшелерін №3 Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектептің оқушылары құрайды.
Кітапханашы үйретуші ұстаз іспетті. Демек, көркем әдебиет арқылы оқушылардың рухани дүниесі байып, халық өсиеттерінен нәр алып, кітапқа деген ынтасы артады. «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» деп дана Абай айтқандай, мектеп оқушылары оқығандарын көңілге тоқи жүріп, біраз жетістіктерге де жетіп, нәтиже көрсетіп отыр. Мәселен, аудандық «Абай оқулары» байқауынан жүлделі ІІ орынды Ұлболсын Ермағамбет иеленсе, тұрақты оқырманның бірі Айшабибі Ақберген аудандық «Әлемді кітап арқылы танимын» атты байқаудан жүлделі 1 орын иегері атанды. Ал, Ұлжан Қожамбаева мен Айшат Мейірхан да аталған байқауға қатысып, өз өнерлерін көрсете отырып, ІІ, ІІІ орынды қанжығаларына байлап қайтты. Сонымен қатар өзге де белсенді оқырмандар кітапханаішілік белгілі бір мақсатты шараларға тұрақты түрде қатысып, өз үлестерін қосуда. Мұның бәрі ауылдық кітапхананың жанынан құрылған «Мерей» қызығушылық клубының балалармен жүйелі жұмыс жасағандығының көрінісі.
«Әрбір адамның ең жақсы досы, өмірлік досы кітап болуы тиіс» деп заңғар жазушы Мұқтар Әуезов айтқандай, әр адам кітапханаға білімін шыңдаймын деп келсе, онда ол адамның рухани баюына жол ашады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *