Тәуелсіздік тұғыры берік болсын!

Ағымдағы жыл – өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өркендеу жолында тағы да бір қарышты қадамдар жасалған жыл болды. Бұл туралы ҚР Тәуелсіздік күні мерекесіне орай өткен салтанатты шарада облыс әкімі Асқар Мырзахметов баса айтты.

Тәуелсіздіктің 28 жылғы тарихында елімізбен бірге Жамбыл өңірі де өсіп, өркендеу мен жаңғырып, жаңаруды бастан кешті. Аймақ басшысы салтанатты шарада баяндама жасап, Тәуелсіздік тағылымына тоқталып, бағасын бағалай білудің маңыздылығын жеткізді. Сондай-ақ, аймақта атқарылған ауқымды жұмыстар барысын тілге тиек етті.
«Осы жылдар ішінде барлық қазақстандықтармен бірге біздің облыс тұрғындары да лайықты үлес қосты. Бүгінде Жамбыл облысы серпінді даму жолына түсті деп айтуға болады. Ағымдағы жылы облыстың аралық экономикалық өсімі 5 пайыздан асады. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 6,5 пайызға, негізгі капиталға салынған инвестициялар 15 пайызға артты.
Бұл ретте жеке инвестициялардың үлесі 20 пайызға артты. Жыл басынан бері 430 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, ал жыл бойынша 485 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ең төменгі жалақы 1,5 есеге артты. «Еңбек» бағдарламасы 36 мың адам қатысып, 27 мың адам жұмыспен қамтылды. 18 мың жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде 11,5 мыңы тұрақты.
Білім беру саласында 15 мектепке дейінгі ұйым ашылды, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 100 пайызға жетті. Сондай-ақ, ауыл халқын алғашқы медициналық көмек нысандарымен 100 пайыз қамту, ағымдағы жылы 65 медициналық мекеме салу нәтижесінде болып отыр. Жамбылдықтардың әл-ауқатын жақсартуға мемлекеттік және салалық бағдарламалар бағытталған. Жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдау жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде халықтың табысын арттыруда маңызды перспективалар ашылуда»,-деді Асқар Исабекұлы.
Сондай-ақ, өңір басшысы жыл басынан бері 123 әлеуметтік-экономикалық нысандар жаңадан ашылып, бірқатар нысандар қайта жаңғыртылғанын жеткізді. Оның ішінде 20 білім, 65 денсаулық сақтау нысандары болса, 18 тұрғын үй, 130 спорт алаңдары ел игілігіне берілген.
Шара барысында ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес мемлекеттік және қоғамдық қызметте cіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін наградталған бірқатар азаматтарға марапаттары табысталды. Атап айтсақ, «ҚҰРМЕТ» орденіне ие болғандар қатарында жазушы, «Жамбыл» журналының бас редакторы Несіпбек Дәутаев, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Жамбыл филиалының (ЖЖФЗ) бас инженерінің орынбасары
Александр Малыш, ақын, еңбек ардагері Шырын Мамасерікова, облыс әкімінің аппаратының басшысы Рүстем Дәулет, «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Бақберген Мәуленов, Мойынқұм ауданының әкімі Мәден Мұсаев, «Мейірім» медициналық орталығының директоры Гүлдара Нұрымова, облысы әкімдігінің энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров, облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мәдиева бар.
Ал, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Минералды тыңайтқыштар» зауытының №01 цехының слесарь-жөндеушісі Жексен Әкіжанов пен «Жамбыл электр жүйесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі филиалының Красногор тарату электр жүйесі электослесарі Эдуард Штарк III-дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды. Бұл награданы Нұр-Сұлтан қаласында Мемлекет басшысының өз қолынан алғандар арасында Тараз қаласының тұрғыны «Қазақстан темір жолы-Жүк тасымалдау» акционерлік қоғамының «Жамбыл жүк тасымалдау бөлімшесі» Жамбыл пайдалану локомотив депосы вагон қараушы-жөндеушісі Хомутенко Николай да бар екенін айтып өту керек. Сондай-ақ, Тараз қаласының тұрғыны «Айнұры» татар-башқұрт мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Амир Халиков ІІ дәрежелі «Достық» орденімен, Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әртісі Бақыт Шағырбаев «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері» атағымен марапатталған.
Жиында өзге де бірқатар азаматтарға «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарі, ҚР-ның «ҚҰРМЕТ» грамоталары, ҚР Президентінің Алғыс хаты және
«Барыс» төсбелгісі табысталды. Шара соңы жергілікті өнерпаздардың конуерттік бағдарламасына ұласты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *