Кәсіпкерлік көкжиегі кеңейіп келеді

Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойы қарсаңында облыс әкімінің тапсырмасымен облыстың әрбір ауданына баспасөз тур ұйымдастырып, аудандардың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен таныстыру тапсырмасы берілген болатын. Осы мақсатта бастау алған баспасөз-туры Т.Рысқұлов ауданында жалғасын тапты.

Аталған ауданға табан тіреген БАҚ өкілдері әуелі «Қаракөз» сауда орталығының жұмысымен танысты. Салынғанына 40 жыл болған ғимаратты жеке кәсіпкер Нұрлан Қауымбаев сатып алып, оған жөндеу жұмыстарын жүргізіпті. Қомақты қаржыға үлкен сауда орталығын жасаған кәсіпкер бүгінде 20-дан астам аудан азаматтарын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Азық-түлік және кеңсе тауарлары, шаруашылық заттары сынды екі бөлімнен тұратын жеке кәсіпкердің сауда орталығы толықтай цифрландырылған. Яғни, бейнебақылау камералары және автоматтандырылған кассалармен жабдықталыпты.
Негізінен ауданда кәсіпкерлік саласында алға жылу бар. Ол үшін кәсіпкерлік бөлімі мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының аудандағы филиалы ауқымды жұмыстар атқарып жатыр екен. Мәселен, Жастар жылы аясында кәсіпкерлер палатасы жұмыссыз, тұрақты табысы жоқ 18-29 жас аралығындағы азаматтарға арналған «Жас кәсіпкер» жобасын іске қосыпты. Кәсіпкерлер палатасы аудандағы филиалының директоры Қайрат Үскенбаевтың айтуынша, жыл басынан бері «Бастау бизнес» жобасы бойынша 224 адам оқып, оның 77-сі 238 миллион теңге көлемінде несие мен грантқа қол жеткізген. Сонда й-ақ «Жас кәсіпкер» бойынша 70 адам оқытылып, оның 22-сі 19 миллион теңге грант алып, кәсібін ашыпты. Сонда й жастың бірі Айсұлу Доспенбетова. Ол 505 мың теңге грант алып, аудан орталығынан фотосалон ашыпты. Қазіргі таңда түрлі құжаттарға қажетті фотоларды жылдам түсіру, видео-слайд, шақыру қағаздары мен безендіру жұмыстарын жасаумен айналысуда. Алдағы уақытта кәсібін одан ары кеңейтіп, ауыл азаматтарын тұрақты жұмысқа қабылдауды жоспарлап отыр екен.
Сондай-ақ аудан орталығындағы құс шаруашылығы бойынша «Зейнеп» жеке кәсіпкерлігінің де жұмысы жүйелі. Күрке тауық асыраумен айналысатын Қуаныш Тәжиев ауданды жұмыртқа және құс етімен қамтамасыз етіп отыр. Ол үшін аудан орталығындағы базардан арнайы орын да алыпты. Бүгінде күрке тауықтың «Бархотный», «BIG 6» және «Кең кеуделі» тұқымдарын өсіріп жатқан кәсіпкер оның балапандарын сатуды да кәсіп көзіне айналдырған.

Сонымен қатар аталған ауданда мал шаруашылығымен мақтана алатыны баршаға мәлім. Сондай қожалықтың бірі Қызылшару ауылындағы «Ал-Рай» шаруа қожалығы. Негізін 1993 жылы қалаған қожалықты Қанат Әбдраймов басқарады. Өрісін төрт түлікке толтырып алған қожалық қазіргі таңда мал бордақылауды қолға алыпты. Ол үшін Кеңес заманынан қалып кеткен ескі мал қораларды қайтадан жарақтандырып, мал бордақылауда. Бүгінде 250 қой, 40 ірі қара мен 40 жылқы семіртіп жатқан Қанат Әбдраймов оның көлемін 1000 басқа дейін жеткізуді жоспарлап отыр екен. Әрине, мұндай жұмыстар мемлекет қолдауынсыз кең қанат жаймайтындығы белгілі. Бұл орайда, қожалық сиыр мен қой өсіруге мемлекеттен субсидия алып отырған көрінеді.
Мұнан соң пресс тур мерейлі Меркі жерінде жалғасын тапты. Аудан әкімі Мейірхан Өмірбек әуелі БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, 90 жылдық тарихы бар ауданның әлеуметтік – экономикалық дамуына тоқталып, барлық салада серпін, ілгерілеу бар екенін баса айтты.Сонымен қатар ауданның ауылшаруашылығы саласына жеке тоқталды.
Баспасөз туры Мақсұт Несіпбаевтың «Ар-Ас» шаруа қожалығының жұмысымен танысудан бастау алды. Мұнда 80 бие сауылып, соңғы технологиялармен жабдықталған құрылғылардан күніне 70-100 литрге дейін қымыз шығарылуда. «Тау қымызы» аталған қымыз шөлмектерге құйылып, еліміздің бірнеше өңіріне экспортталуда.
Германиядан әкелінген бие сүтін салқындатқыш, жылытқыш құрылғылар қымызды үш айға дейін сақтауға мүмкіндік тудырады.
Бұдан кейін ақпараттық топ өкілдері «Минасип» қожалығына арнайы барды. Шаруашылық басшысы Алипаша Ахметов жұмыс барысын таныстырды. еркі ауданында сүт бағытындағы жұмыстар алға ілгерілеуде.Жылына аудан аумағында 27 мың тонна сүт жиналса, оның 85 пайызы үй іргесінде сиыр ұстап, сүтін өткізіп отырған тұрғындар өткеруде. Мәселен, қожалық иесі 100 бас симментал тұқымды сиырды баптап, табысқа кенелуде. Ол мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланып, несие алудың арқасында ісін дөңгелетіп отыр. Күніне 1.8 тонна сүт жинап, «Меркі ірімшік» зауытына өткеруде. Ресейдің Алтай өлкесінен әкелінген сиырлардың біреуі 25 литр сүт беретін көрінеді.Шаруашылық 11 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Келесі кезекте Жамбыл ауылдық округіндегі Талдыбұлақ ауылында пайдалануға берілген фельдшерлік-акушерлік пунктіге табан тіредік. Көп жылдардан бері ауылдықтардың арманы болып жүрген дәрігерлік пункт ел игілігі үшін қызмет етуде. Барлық заманауи құрылғылармен жабдықталған ғимарат 10 келушіге бірден қызмет етуге даяр.
Ауданда жастарды кәсіпке тарту жолдары да бір жолға қойылыпты. «Жас кәсіпкер» бағдарламасы аясында 262 жас кәсібін ашуға 505 мың қайтарымсыз несие алып, өз кәсіптерін бастап та кеткен. Ақтоған ауылдық округінің тұрғыны, жас кәсіпкер «Жаңашыл жоба» деп танылған жобасы арқылы 2,5 миллион теңге қайтарымсыз несие алып, жылыжайына қиярмен қатар лимон ағаштарын өсіруде. Алғашында қияр өндірісімен айналысқан жас кәсіпкер енді лимон өсіруді де қолға алыпты. Данияр Әбдіразақовтың айтуынша, лимон үш жылдан кейін өнім бере бастағанда оның табысы 5 есеге асады деп күтуде. Өйткені, бір тал лимон ағашы 40 келіге дейін өнім беріп, жүз жыл жасайды екен.
Мұнан соң БАҚ өкілдері құтты мекен Қордай ауданына табан тіреді. Журналистерді арнайы қабылдаған аудан әкімі Болатбек Байтөле аймақта атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, қордайлықтар биылғы жылды сәтті аяқтап, барлық межелер орындалғандығынан хабардар етті. Оның айтуынша, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына кәсіпорындар айтарлықтай үлес қосып, ауыл азаматтары жұмыспен қамтылып, өнім көлемі ұлғайып отыр екен.
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту аясында Қордай ауданында «Флагман» сауда-саттық үйі жұмыс істеуде. Кәсіпкерлер тауарлардың бағасын бірқалыпта ұстап, халыққа адал қызмет көрсетіп келеді. Сауда үйі заманауи типте салынған. Мұнда тұрмысқа қажеттінің бәрі бар. Отандық тауар өндірушілердің өнімін де осы жерден табуға болады. Жеке кәсіпкер,сауда үйінің иесі Айгерім Жылқыбекова тәулік бойы жұмыс жасайтын сауда үйімен таныстыра келе, мұнда қажеттінің бәрі бар екенін тілге тиек етті.
Сонымен қатар мұнда білім саласы қарқынды дамуда. Нақтырақ айтқанда, ауданда жеке меншік балабақшалардың саны жылдан жылға артып келеді. Нәтижесінде балабақша кезегінде тұрған бала саны азайып отыр. Іс-сапар барысында барған «Нұрсила әже» бөбекжайы да қазір 75 балаға тәлім-тәрбие беріп отыр. Балдырғандарға 4 мезгіл тамақ беріледі. Қосымша үйірмелер мен сабақтар өткізіледі екен.
Ауыл шаруашылығы саласында үлкен қолқанат болып отырған «Қордай Корм» құрама жемнің түр-түрін шығарып, аудандағы малдың қысқы азығын қамдауда. Мұндағы жем-шөп құнарлы әрі дәрумендерге бай. 2017 жылы құрылған өндіріс қазір бірқатар жетістіктерге қол жеткізіп үлгерген. Құрама жемнің 7 түрін зерттеп, нарыққа шығарады.
Өндірістік кооперативінің басшысы Талғат Сәрсенбаев қазіргі таңда айына 1000 тонна жем шығаратынын айтады. Ол үшін техникаларды Ресей мен Украинадан алдарыпты. Кооперативтің ендігі жоспары айына 12 тонна құрама жем шығару.
Сондай-ақ аудандағы баламасы жоқ бастамалардың да қолға алынғанына көз жеткіздік. Мәселен, салат жапырақтарын шығарумен айналысатын «Гринвилл» серіктестігі ТМД елдерінде жоқ дүниені іске асырып отыр. Яғни, смарт-жылыжайда «Базилик», «Руккола» сынды салат жапырақтарын нарыққа шығарып отыр. Тіпті, кешенде «тилапия» балықтары да өсіріледі екен. Айта кетерлігі, ол балық суда өсетін салат жапырақтарына тыңайтқыш есебінде қолданылуда. Оңтүстік Кореялық технологияларды тиімді пайдаланып отырған серіктестік тауарларын Алматы қаласы мен көрші Қырғыз еліне өткеруде. Жұмысын бастағанына не бары 7 ай ғана болған серіктестік алдағы уақытта салат жапырақтарын облыстағы сауда орталықтарына да өткеруді жоспарлап отыр.

Еркін САЙЫН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *