Тұрғындар тұрмыстық табысын арттырады

Жуалы ауданында қанатқақты өңір болып таңдалған Ақтөбе ауылдық округінде халықты арзан пайызбен несиелендіру басталды

ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев-тың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында Үкімет пен барлық деңгейдегі атқарушы билікке азық-түлікті, киім-кешек пен басқа да күнделікті тұтынатын заттарды өзімізде өндіруге негіз қалайтын «қарапайым заттар экономикасы» жобасын қалыптастыруды тапсырған болатын. Жолдауда сондай-ақ осындай шарапаты мол игілікті бастама арқылы жергілікті жерлердегі халықты жұмыспен қамти отырып, тұрмысын жақсартудың мол мүмкіндігі қарастырылған-ды. Осыған орай бүгінде аймақтарда тиісті шаралар қолға алынуда. Мәселенің маңыздылығын ескерген облыс әкімі Асқар Мырзахметов өңір экономикасын көтерудің бірден-бір тетігі ретінде осы бағытқа аса басымдық беріп отыр.

Аймақ басшысы бағдарламаны жасақтауға кіріспей тұрып, жергілікті атқарушы органдардың алдына әрбір елді мекенге талдау жүргізіп, олардың өндіріс әлеуетін анықтап алу, соның ішінде ауыл тұрғындарының көп тұтынатын өнімдері мен қажет ететін қызмет түрлерін зерделеу, соған орай өндіріс орындарын, шағын цехтар, монша, шаштараз, тігін шеберханаларын ашу туралы міндет қойды. Тиісті жобаларды аудан, ауылдық округ әкімдіктерімен бірлесе отырып, шынайы мәлімет негізінде ғана әзірлеу қажеттігі қатаң ескертілді.
Жүргізілген кешенді зерделеу барысында елді мекендерде шағын кәсіпорындар ашуға, кооперативтер құру арқылы жаңа тұрақты жұмыс орындарын құруға, тұрғындар тұтынатын өнімнің өзіндік құнын төмендету мүмкіндігіне баса назар аударылды. Жобаларды іріктеуде қажетті шикізат көзі, мамандар қажеттігі, несиелендіру шарттары да қатаң сараптан өткізілді.
Осылайша, Жолдауда міндеттелген «қарапайым заттар экономикасын» енгізу жөнінде облыста нақты жоспар жасақталды. Осы ретте Жуалы ауданында да мақсатты іс-шаралар атқарылуда. Әр ауылдық округтің орналасқан жері, халқының қандай кәсіпке бейімділігі зерделеніп, әр өңірдің жобаға қатысты басты көрсеткіштері сараланған «Тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсарту жобасы» түзілді.
Ауданның күнгей бөлігінде орналасқан, табиғаты мен климаттық жағдайы шаруашылық жүргізуге қолайлы Ақтөбе ауылдық округі бағдарламаны іске асырудың пилоттық өңірі ретінде таңдап алынды.
Ауылдық округ әкімдігі арнайы әзірлеген жобаға сай өңірдегі төрт елді мекендегі 494 аулада барлығы 2 603 халық тұрады. Соның ішінде жұмысқа жарамды адамдар саны 1 410, аула саны 482 болып белгіленді. 87 аулада көп балалы отбасылар тұрса, 94 отбасы мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алады. Округте 101 шаруа қожалығы тіркелген. Жоба нақты іске асқанда жеке қосалқы шаруашылықтан ай сайын орта есеппен 100 000 теңгеден астам кіріс алынады деп болжамдалуда.
Өңірде жалпы үй іргесіндегі егіске жарамды жер көлемі 78 гектарды құрайды, оның барлығы ағын сумен қамтылған. Пайдаланылмай жатқан жер көлемі 7 гектар. Елді мекен ішінен үй іргесіндегі жер көлемін тағы да 3,5 гектарға ұлғайтуға мүмкіндік бар.
Бүгінде округтегі 456 аулаға қарасты 7,1 гектар үй іргелік жер тиімді пайдаланылуда. Мұнда қызанақ, қияр, картоп, пияз, жоңышқа және түрлі жеміс ағаштары отырғызылған. Мәселен, қызанақ 240 ауладағы 200 соттықта бапталуда. Дақылдан алынатын орташа өнімділік әр соттығына 230 келіден деп есептелген болса, жалпы өнім 46 тоннаны құрамақ. Соның 13,8 тоннасын тұрғындар жеке тұтынуға қалдырып, 32,2 тоннасын орташа алғанда 60 теңгеден өзгелерге сатқанда, 1 932 мың теңге табыс табуға болады. Сондай-ақ қиярдың жеке тұтынудан қалған 46,2 тоннасын 50 теңгеден өткеріп, 2 310 мың теңге таза табыс алуға болады. Жеміс ағаштары келтіретін пайда әлдеқайда қомақты, 382 ауладағы 1500 соттық жерден 36,750 мың теңге түсіру көзделген.
Жобада сондай-ақ пайдаланылып жатқан жердің өнімділігін арттыру туралы ұсыныстар қамтылуда. Мәселен, ауылдық жерге бірыңғай бейімделген дақылдар — картопты, қиярды, асханалық қызылшаны, тұрыпты екі айналымда егіп, өнімділігін еселеп арттыруға болады. Округтегі 310 ауланың 3,5 гектар жеріне 126 тонна картоп тұқымы қажет болса, оған қажетті сома – 31,5 миллион теңге. Дақылға 945 мың теңгенің 10,5 тонна тыңайтқышы мен 32,494 мың теңгенің 24,5 келі пестицидін қолданып, екі айналымда өнімді соттығына 500 келіге арттырып, 13 752,5 мың тоннаға жеткізуге болады. Сондай-ақ осы тәсілді пайдаланып, қалған дақылдардың да өнімділігін арттыруға болады. Осылайша, өндірілген өнім мен ұсыныстың айырмасы 13, 290 миллион теңгені құрамақ.
Алдын ала жүргізілген есепке сай пайдаланылмай жатқан жерлерді шаруашылық айналымына қосу үшін 2000 метр арық жөндеу, сыйымдылығы 300 шаршы метр тоған жөндеу, бес құдық қазу, бес сорғы сатып алу, орнату қажет. Бұл мақсатқа шығындалатын 13,3 миллион теңге қаражат мемлекеттен қосымша сұралатын болады.
Нақты іске асырылатын шаралар барысында ауладағы мал шаруашылығын тиімді пайдаланудың жай-күйі де жан-жақты қарастырылып отыр. Бүгінгі жағдайда округтегі 420 аулада 2 430 мүйізді ірі қара бағылса, оның 1118-і аналық бас, одан сауылатыны – 997, 5 927 қой-ешкі ұсталады, 64 ауладағы 518 жылқыдан сауылатын бие төрт аулада 10 басты құрайды. Одан бөлек, 396 аулада 4 843 үй құстары бағылуда, оның 3 201-і – жұмыртқа бағытындағы тауықтар. Тұрғындар үй іргесіндегі мал шаруашылығынан жыл бойына 377,1 миллион теңге көлемінде табыс алуда.
Бүгінде округтегі 276 аула 997 бас сиырдан сауылған сүтті, 270 аула 656 бас мүйізді ірі қараның ет өнімдерін өткеруге ниетті екенін білдіріп отыр. Өнімділік тиісінше әр бастан сауылған сүттен 10 литрді және еттей тірі салмақта 220 келіні құрағанда, сатылған өнімнен алынатын табыс 341,194 миллион теңге болмақ.
Сонымен қатар, мал шаруашылығымен айналысуға ниет білдірген 156 ауладан сүт бағытындағы 385, ет бағытындағы 100 бас мүйізді ірі қараға, ет бағытындағы 380 ұсақ малға, 90 бас жылқыға, 2000 бас түйеқұсқа, 3000 үй қоянына, 2000 үй құсына қосымша сұраныстар түсіп отыр. Қолда бар және қосымша алынатын мал басына қажеттіліктерді ескергенде, жалпы 11 683,8 тонна шөп, 3 153,1 тонна жем дайындау қажет болса, 13 828 гектар жайылым жетіспейтіні анықталып отыр.
— Ауылдық округтің төрт елді мекенінен бағдарламаға қатысуға 196 тұрғын өтініш берді. Бағдарламаны қаржыландырушы «Тараз» ӘКК» АҚ аталған өтініштерді іріктей келе, кепілзаты жарамсыз болғандықтан, бір өтінішті қанағаттандырудан бас тартса, бір тұрғын қоныс аударуына байланысты өтінішін кері қайтарып алды.
Пилоттық өңірде тұрғындарды несие беру жұмыстары басталды. Бүгінгі күні екі қатысушы — Бәйтерек ауылының тұрғындары Әлиза Сыдығалы мен Жарылқасын Пірназаровтың мал басын көбейту бағытындағы жобаларын «Тараз» ӘКК» АҚ мақұлдап, жылдық 2,5 пайызбен несие қаражаттарына қол жеткізді. Әлиза Сыдығалы 4,2 миллион теңгеге үш сиыр және он бас бұқашық, ал Жарылқасын Пірназаров 2,3 млн. теңгеге 50 бас қой және бір сиыр сатып алды, — дейді ауылдық округ әкімі Арабхан Заппаров.
Ақтөбе ауылдық округінің Жаңаталап ауылында 159 мүшеден құралған «Атамекен-Бастау» ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істеуде. Кооператив 400-ден астам ауланы қамтуы тиіс. Ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану туралы ұсыныстарды зерделегенде, 45 отбасы 665 гектар жер үлесін ауыл шаруашылығы кооперативіне беруге дайын екенін білдірген. Соның ішінде, 41 ауланың 545 гектар егістік жерінің 465-і суармалы, 80 гектары тәлімі жерлер, қалған төрт ауланың 70 гектар жері жайылымдық, 50 гектары шабындық болып табылады. Аталған 545 гектар егістік жерімен сатып алынатын малдың жем-шөбі толық қамтамасыз етіледі.
Ауыл шаруашылығы кооперативінің иелігіндегі 545 гектар алқапты өңдеу, өнімін жинау үшін 234,2 миллион теңгенің 21 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы қажет болады. Одан бөлек, құрылымның жұмысын жолға қою үшін қосымша 133,2 миллион теңгенің 12 бірлік арнаулы техникасы, 5 миллион теңге инфрақұрылымдық шығындар мен 20 миллион теңге айналым қаражатын қоса алғанда барлығы 392,4 миллион теңге қажет. Кооперативтің атқарушы директоры Зайырбек Сұлтанмұратовтың айтуынша, ауыл шаруашылығы құрылымы бүгінде «Тараз» ӘКК-не тиісті құжаттарын өткізіп, несие қаражаттарын күтіп отыр.
Қорыта келгенде, ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмысын жақсартуға бағытталған жобамен барлығы 196 азамат қамтылып, барлығы 795,4 млн. теңге несие алуға ниет білдіріп отыр. Бұл азаматтардың 5-уі жылыжай, наубайхана, кондитерлік және ағаш өңдеу цехын ашуды жоспарласа, 191-і сүт және ет бағытындағы мал өсіруді ниет еткен.
Анықтама үшін айта кететін тағы бір жайт, Жолдау жүктеген осынау маңызы ерекше міндетке орай Үкіметтің отандық өнім өндірушілерге қолжетімді несие беру туралы арнайы қаулысы қабылданды. Осы қаулы негізінде елімізде құрылыс индустриясы, жиһаз, тамақ, жеңіл және қайта өңдеу өнеркәсібін дамытудың алдағы үшжылдық жол карталары әзірленген. Бұл бағытқа бөлінген 600 млрд теңгенің 400 млрд теңгесі өңдеу өнеркәсібіне жұмсалмақ, ал қалғаны агроөнеркәсіп саласына бағытталады. Бағдарлама аясындағы несиелер импортқа тәуелді 365 тауарды, соның ішінде 118 азық-түлік өнімі мен халық тұтынатын 247 тауар өндіруге берілмек.
Аталған бағдарламаны жүзеге асыру арқылы 2025 жылға дейін қарапайым заттар импортын 37 процентке азайту көзделуде.

Абылайхан СӘМЕТҰЛЫ,
Жуалы ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *