Пилоттық жоба – іс жүзінде

“Қарапайым заттар экономикасын” қарышты дамыту бағытында өңір басшысы Асқар Мырзахметовтың бастамасымен қолға алынған пилоттық жобаға өңірдегі он ауданнан он ауылдық округ бекітілгені белгілі. Енді міне, солардың қатарына аудан әкімі Нұржан Нұржігітовтің ұсынысымен Түймекент ауылдық округі де кіріп отыр.

Талдау нәтижесі мен тұрғындардың ұсыныстарын ескере отырып, халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған бес бағыт қарастырылып отыр. Бірінші бағыт — үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану болса, екіншісі — үй ауласында мал және құс өнімділігін арттыру. Үшінші — ауыл сыртындағы пайлық үлес жерлерді ұтымды пайдалану, сол арқылы жем-шөп, жайылым мәселесін шешу. Төртінші — қосалқы шаруашылықтардың тиімділігіне қолбайлау болып отырған мәселелерді кооперативтер арқылы шешу. Бесінші бағыт — ауылдағы шағын жобаларды қаржыландыру.
Аталмыш пилоттық жоба аясында өткен сенбі күні Түймекент ауылдық округінде облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Аманов, аудан әкімі Нұржан Нұржігітовтың қатысуымен жиын болып өтті. Онда күн тәртібіне жеті мәселе қаралып, жаңа құрылған пилоттық көпсалалы кооператив мүшелері бекітілді.
Жиында «Тараз» ӘКК АҚ-ы Тараз шағын қаржы ұйымының басшысы Нұрлыбек Исаев кооперативтің жұмысын тиімді ұйымдастыру үшін типтік құжаттар, басқарудың оңтайлы моделін әзірлеу туралы кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ұйымдастыру — құқықтық мәселелер бағытында кооператив Жарғысы бекітіліп, басқарманың сайлану мерзімі, мүшелік жарна көлемі, нормалар, сатып алу бағалары, кооператив қызметтеріне арналған тарифтерді және сатылатын өнімнің құнын бекіту сынды басқарма мүшелерінің міндеттері айқындалды. Бұдан бөлек ішкі корпоративтік рәсімдер, басқарушы директормен жасалатын жеке еңбек шарты, кооператив пен оның мүшелері арасындағы келісім шарт, олардың құқықтары мен міндеттері таныстырылды. Атап айтқанда, жиын қатысушылары ұсынысымен кооперативтің басқарма құрамы жеті адамнан жасақталып, оның басқарма төрағалығына Тұрсын Қалабаев, атқарушы директорлыққа Әуес Қалабаев тағайындалды. Сонымен бірге, бухгалтерлік есеп және іс құжаттарын жүргізу үшін кооперативтің құрамына “Тараз ӘКК” акционерлік қоғамы енгізілді.
Ауыл шаруашылық кооперативіне қажетті техникалар мен қондырғылар туралы ауылдық округ әкімі Қанат Смағұлов түсінік берді. Кооперативке доңғалақты техникалардан “МТЗ-892.2” маркалы екі данадан трактор, бір дана астық жинайтын комбайн, бір дана германка және үш тонналық “Газель рефрижератор” сатып алынбақ. Тіркемелі және ілмелі ауыл шаруашылығына қажетті техникалардан: жүгері оратын алты қатарлы дестелегіш, әрқайсысы екі данадан соқа, культиватор, дәндік тұқым сепкіш, пресс сұрыптаушы, 24 метрлік шашыратқыш, тырмалар, барлығы жиырмағы жуық техникалар сатып алу көзделуде. Алынатын техникаларға байланысты ұсыныстар айтылып, тиісті өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары тарапынан бағаланған үй құнының жетпіс пайызы емес елу пайызын беру, заанен сүтті ешкісі мен «Романов» тұқымды қой алу, ақша еркіндігі, алынатын малдарды қай жерден, қандай талаптармен алу жөнінде қойылған сұрақтарға нақты жауап берілді.
Басқосуды қорытындылаған Мұратхан Жүнісәліұлы жаңа сайланған басқарма мүшелерінің істеріне сәттілік тілеп, алдағы жоспарланған жұмыстарды біркісідей атқаруға шақырды.

Мұхтар МАНЕКЕЕВ,
Байзақ ауаданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *