Билікөл өңіріндегі қасиетті Қарабастау

Қазақ халқының бір ерекшелігі сол, ежелден ата-бабаның қонысы болған елдімекен немесе ауылдарды жер-судың, бұлақтардың атымен атайды. Біздің ауданда да Ақбастау, Көкбастау, Күркіреусу, Қарабастау, Жылыбұлақ деп аталатын ауылдар бар. Әлбетте, мұны жергілікті халықтың туған жерге, туған өлкеге деген құрметі деп білген жөн. Ал біз осы мақалада әңгіме еткелі отырған Билікөл ауылдық округінің орталығы саналатын Қарабастау ауылындағы бастаудың жөні бөлек.

Қарабастаудың тарихы туралы ауыл тұрғыны, осындағы Қарымбай Қошмамбетов атындағы орта мектепте ширек ғасырдан астам тарих пәнінен ұстаздық етіп келе жатқан Махамбет Сәрсенбаев кеңінен әңгімелеп берді.
— Туған жердің тауы да, тасы да ыстық болатыны сияқты, бізге де өз ауылымыздың тарихы қымбат. Әсіресе, ауылымыздың негізгі қан тамыры, тұрғындардың тіршілік көзі болып отырған қасиетті Қарабастаудың ауыл халқы үшін жөні тіптен бөлек. Ауылдың бұрынғы қариялары осы қарабастаудың маңында жеті бұлақ болғанын айтып отыратын. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп халқымыз айтқандай, осы бастаудың жанынан тағы бір бұлақтың көзін аршып, айналасын тазарттық. Бұл да келешекте үлкен бұлаққа айналады деген сенімдеміз.
Қарабастаудың қасиетін айтсақ, ең алдымен судың құрамында йод көп. Суда өзге де минералдар бар. Біраз жылдар бұрын ауыл халқының күшімен бұлақтың басына бөгет салынған болатын. Су жиналатын тоған жыл сайын тазаланып отырады. Ауыл тұрғындары жаздың алғашқы күнінен бастап осында шомылады. Әсіресе, мұнда балалар көп келеді. Біздің ауылдың балаларының денесінде жарақат деген болмайды. Бұлақтың суы қотыр, тағы басқа ауруларға таптырмас ем.
Бұлақтың қасиетін естіген адамдар жан-жақтан шомылуға ағылып келіп жатады. Қарабастаудың маңы жаз бойы адамдардан босамайды деуге болады. Қасиетті Қарабастау болмаса біздің ауыл да болмас еді. Өйткені, ауыл тұрғындары бастаудың суын ауыз су және бақша суаруға пайдаланады. Бір ерекшелігі, Қарабастаудың суы қақаған қыс мезгілінде де мұз боп қатпайды. Судан үнемі бу шығып тұрады. Айта берсе, Қарабастаудың қасиеті көп. Осынау қасиетті бастауды сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу – біздің басты міндетіміз, — дейді Махамбет аға.
Туған жердің топырағына тартып тумайтын перзент болмайды. Қасиетті Жуалы ауданына қарасты бір ғана Қарабастау ауылының өзінен қалың елге тұтқа боларлық көрнекті азаматтардың шыққаны әмбеге аян. Қасиетті Жуалыдан түлеп ұшып, бүгінде заңғар биіктерді бағындырған сұңқар һәм тұлпар тектес тұлғаларға да туған жердің киесі дарып, топырағы мен ауасы, ішсең мейір қандырар суы қуат бергені анық. Бұл – Мыңбұлақтың бір ғана қасиеті. Жұлдызы биік Жуалыда туып-өскен тұлғалардың аласасы жоқ. Олар қыран самғар зау биіктерден түспек емес.
Көзі аршылмағаннан, одан соң экологиялық жағдайларға байланысты жылдар өткен сайын сылдырап аққан мыңдаған бұлақтар суалып, Жуалы өлкесін сылдыраған әніне бөлеген «дала еркелерінің» саны азайып барады. Кезінде мұндағы бұлақтар туралы даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы: «Туған жерім – Мыңбұлақ, арналы Ақсай, Ішсем суың татиды шекер, балдай» деп жырлағаны белгілі. Одан кейін Мыңбұлақ туралы Халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның, өзге де жуалылық жазушылардың еңбектерінде кеңінен толғап жазылған. Бауыржан батыр туып-өскен Момышбұлағы бүгінде қасиетті орынға айналдырылып, «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасының тізіміне енген.
Жуалы дегенде ең алдымен жан-жағын алып таулар қоршаған өлкедегі сан мыңдаған ерке бұлақтар ойға оралады. Көнекөз қариялардың айтуы бойынша, бұрын бұл өңірде мыңға жуық бұлақ болған деседі. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші, барлық дүниеге, табиғатқа да адамдардың қамқорлығы керек-ақ.

А.Сәмет

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *