Адал еңбек етіп, абыройға бөленген

«Бақыттың кілті – еңбекте» дегендей, бүгінгі қоғамда адал еңбектің ырыс-несібесі мол. Жұмыс істеп, тұрмысымды түзеймін деген жандарға елімізде кәсіптің түрлері де жетіп артылады. Індетіп іздеген кісіге жұмыс пен кәсіп қалада да, далада да аз емес.

Соңғы жылдары шағын кәсіптің бәсі артып келеді. Тіршіліктің қазаны қайнаған ауылдарда да бүгінде тұрғындардың тұрмысқа қажетті дүниелерді бір жерден таба алатыны қуантады. Сондай-ақ, ауылдықтар жұмыстың көзін тауып, шағын кәсіпкерліктің дамуына да сүбелі үлестерін қосып отырғанын да айта кеткен жөн.
Осындай кәсіпті таңдап, жұмысты жаңаша ойлайтын қолөнер шебері, тігінші Гүлмира Байжанова Қарасаз ауылының тұрғыны. Ол өзі тұратын елді мекенде шағын сәндік үй ателье ашқан.
Гүлмира ісмерлікке еліміз Тәуелсіздігін алған алғашқы жылдардан-ақ бет бұрған. Алғашында ауылдағы тігін цехында тігінші болып жұмыс істеген. 1996 жылы тігін цехы өз жұмысын тоқтатқаннан кейін, үйде отырып тапсырыстарды қабылдаған. Жылдан-жылға ісмерлігін дамытып, 2017 жылы осы ауылдағы Бірлік көшесіндегі ғимаратты жалға алып, шағын ателье ашады. Оның бір бөлігінде жұмыс істеуге арналған екі тігін машинасы бар. Ал, екінші бөлігіне сатылымға күнделікті киетін киім-кешектерді қойған. Тігінге қажетті ине, жіп, маталарды, тауарларды Шымкент қаласынан сатып әкеледі.
Күні бойы бір орыннан тапжылмай, он саусағы майысқан ісмерлердің қолынан шыққан келісті киімдерді, түрлі қолөнер бұйымдарын бағаламауға болмайды. Түрлі сәнді маталардан ою ойып, мата пішіп, тігін тігуде асқан шыдамдылық пен шеберлік қажет. Қолөнер шеберлері ісмерлік өнерге, өзінің ісіне аса жауапкершілікпен қарайды. Бүгінгі күні түрлі маталардан киім пішіп киетін жандардың да талғамы да өте жоғары. Осы орайда, сәндік үйіне келген әр тұтынушының сұранысын Гүлмира Құралқызы қанағаттандырып, олардың үдесінен шығып отырған жайы бар.
Ісмер өзіне тапсырыс берушіге киімнің сән үлгісін дұрыс таңдауға да ақыл-кеңесін береді. Тігінші қазақи оюы келіскен түрлі көрпелерді, перделерді, кешкі көйлектерді және басқа да тұрмысқа қажетті дүниелерді тігеді. Сонымен қатар, киімдерге қайта жөндеу, кеңейту, қысқарту жұмыстарын да жүргізеді.
Гүлмира Құралқызы тігіншілікпен қатар тігін машиналарына жөндеу жұмыстарын да жасайды.
-Тігіншілікті қызығушылығымның, адал еңбектің, үнемі ізденістің арқасында үйрендім. Бала күнімізде ата-анамыз мал шаруашылығымен айналысқан. Көбінесе тауда болатын. Ал, біз киімімізді өзіміз тігіп киетінбіз. Ата-анамыз бала күнімізден еңбекке баулып өсірді. Менің бойымда ісмерлік қасиет басым болып, осы тігіншілікке бет бұрдым. Әрине, әр істің өз қиыншылығы мен ауыртпалығы бар. Алдыңа келген кез келген адамның сұранысына сай дүние жасап беруің керек. Қандай зат тіксем де ең бірінші оның сапасына көп мән беремін. Себебі, қолымнан шыққан дүниелердің сапалы болғаны маған абырой. Тек адал еңбек қана абыройға бөлейді, — дейді қолөнерші ағынан жарыла.
Шебердің қолынан шыққан әр дүние тұтынушы тарапынан жақсы бағаланса, олардың еңбектерінің еш кетпегенін білдіреді. Ауыл тұрғындары Гүлмира Құралқызының тіккен келісті киімдерін аса тиянақтылықпен, ұқыптылықпен жасалатынын айтады. Оған тапсырыс берушілер жан-жақтан келеді. Тапсырыс көбінесе мерекелерде, жаңа оқу жылы қарсаңында, округте ауқымды іс-шаралар өткізілген уақыттарда көп болады.
Қолда бардың үдесінен шығып, кәсібін өрге қарай сүйреп отырған кәсіпкердің алдағы жоспары да ауқымды. Оған ауылдық әкімшілік тарапынан көмек-қолдаулар болып жатса, тігін цехын кеңейту ойы да бар. Осы ретте облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың «Қарапайым заттар экономикасы» мәселелері бойынша Гүлмира Құралқызына шағын кәсібін кеңейтуге мүмкіндік туып отыр. Ол үшін тиісті жобасын жасап, жергілікті әкімдікке ұсынуы тиіс.

А.СӘМЕТ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *