Мал мен адамға ортақ кеселдер қоғамға қауіп төндірмейді

Соңғы жылдары шаруашылықтар мен жеке секторда мемлекеттің қолдауы нәтижесінде өз төлінің есебінен мал басының арта түсуі, мал және ет өнімдерінің шетелдік нарыққа экспортқа шығарылуының қалыпты үрдіске айналуы ветеринариялық саладағы шараларды білікті мамандардың жүргізуін талап етеді.

Мемлекеттік ветеринар дәрігердің жұмысы ерекше жауапты. Өйткені, ол халықтың ішер асының адал, барлық талапқа сәйкес болуын қадағалайды. Сауда орындарындағы, мал сою цехындағы тазалықтың сақталуына, тиісті заңдылықтардың мүлтіксіз орындалуына жауапты. Зертханалардың жасаған зерттеулерінің дұрыстығын қарап, ветеринариялық-санитариялық бақылау, қадағалау жұмысын жүзеге асырады.
— «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның дамуы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласын, соның ішінде мал шаруашылығы саласын өркендету, мал өнімдерінің сапасын арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін баса көрсете келе, «Ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз, бірақ оның әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Ел ішінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндіктер бар» деп атап көрсетеді.
Жуалы ауданында ауыл шаруашылығы жануарларының аса қауіпті жұқпалы ауруларына қарсы ветеринариялық іс-шараларды 14 ветеринариялық пункті бар шаруашылық жүргізу құқығындағы «Жуалы ауданы әкімдігінің ветеринария қызметі» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны атқаруда. Кәсіпорында бүгінгі таңда 73 жоғары және арнайы орта білімі бар ветеринар мамандар жұмыс атқаруда.
Аудандық ветеринария саласының негізгі қызметі – аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу, ауруларды диагностикалау, малдан алынатын тамақ өнімдері мен шикізаттардың адам өміріне қауіпсіздігін қамтамасыз ету болғандықтан, осы мақсатта жоспарланған іс-шаралар толығымен атқарылуда.
Ветеринариялық іс-шаралар, диагностикалық зерттеу, емдеу және ауыл шаруашылығы малдарын бірдейлендіру жұмыстары ветеринариялық станциялар мен ветпункт мамандарына жүктелген. Оларды материалдық-техникалық жарақтандыру қажетті деңгейде қамтамасыз етілуде, — дейді Жуалы ауданы әкімдігі ветеринария бөлімінің басшысы Қалдыбек Сұлтанов.
2019 жылы эпизоотиялық іс-шараларды жүргізуге бюджеттен 1 04 011,0 мың теңге бекітіліп, жыл басынан бергі кезеңде 97648,0 мың теңгесі игерілген. Ауыл шаруашылығы жануарларын вакциналау және диагностикалық зерттеулер жасау мақсатында жоспарланған іс-шаралар өз деңгейінде атқарылып, бұл бағыттағы жоспар толығымен орындалған.
Басшының айтуынша, Жуалы ауданында үстіміздегі жылы 99 600 бас мүйізді ірі қара және 472 300 бас ұсақ малға аусылға қарсы екпе егу жоспарланып, екпе жұмыстары толықтай жүргізілген. Сонымен бірге жоспарға сәйкес 72 000 басқа мүйізді ірі қара малға туберкулезге аллергиялық тексеру жоспарланып, барлығы тексеруден өткізілді. 54 500 мүйізді ірі қара малға Сібір жарасына қарсы екпе жоспарланып, толығымен егілді, қой-ешкі малдарына 233 800 жоспарланып, екпе егілсе, жылқы малына 11100 жоспарланып, 11100 басқа екпе егілген.
Сондай-ақ, аудан аумағында энзоотиялық ауруларға қарсы күресті жүргізу мақсатында 6842,0 мың теңге бекітіліп, 6000,0 мың теңгесі игерілген, 42 000 бас мүйізді ірі қара малының тейлериоз ауруына, 14 000 бас жылқының сақауына және ауыл шаруашылығы малдарының сальмонеллез (қылау) ауруына қарсы егілетін вакциналары алынып, МІҚ 17 000, уақ малдар 130 000, жылқы 5 500 басқа алдын алу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілген.
Бүгінгі күнге ауданда жануарлардың бруцеллез ауруынан басқа аса қауіпті жұқпалы аурулар тіркелген жоқ. Жүргізіліп жатқан ветеринариялық іс-шаралардың (ауруды алдын ала анықтау жұмыстары) барысында ауыл шаруашылығы жануарлары арасында жануарлардың созылмалы бруцеллез ауруына шалдығуы жылдан жылға төмендеуде.
Бруцеллез ауруына қан сынамаларын диагностикалық тексеру жұмыстары белгіленген жоспарға сәйкес жүргізіліп отыр. Мәселен, жоспардағы 59 645 бас мүйізді ірі қара малдан және 246 090 бас қой-ешкіден қан алынып, диагностикалық тексеру толықтай орындалды. Сонымен бірге бруцеллез ауруына шалдыққан ауыл шаруашылығы жануарлары толығымен жойылды.
Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру және деректер қорына енгізу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Мүйізді ірі қара 20187 бас (жылдық жоспар 20000 бас, орындалуы 100,9 %), қой-ешкі 102918 бас (жылдық жоспар 101000 бас, орындалуы 101,8%), жылқы 3324 бас (жылдық жоспар 2990 бас, орындалуы 111 %), шошқа 487 бас (жылдық жоспар 500 бас, орындалуы 97 %).
Аудан аумағындағы қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулап жоюға ағымдағы жылы 3 693,0 мың теңге бөлініп, бөлінген қаржыға қазіргі таңға дейін 1 972 иесіз ит пен мысық ауланып, жойылды. Иттер мен мысықтарды аулап жою жұмыстары жыл соңына дейін жалғасады.
— Бөлім тарапынан ветеринариялық бақылау және қадағалау жұмыстары тиісті де деңгейде атқарылып, ауданымыздағы ішкі сауда объектілері күнделікті қадағаланып, бақылануда. ҚР ӘҚБтК-нің 406 бабы 1/2 тармағы және 406 бабы 15 тармағы бойынша 69 заң бұзушылық анықталды. Жыл басынан бері ветеринариялық заңнама талаптарын бұзғаны үшін 61 жеке тұлғаға 1 742 250 теңге, 8 кіші кәсіпкерлік субъектісіне 505 000 теңгеге барлық сомасы 2 247 250 теңге айыппұл салынды. Өндірілгені — 1 792 750 теңге (80%). Сонымен қатар заңды және жеке тұлғаларға ветеринариялық-санитариялық талаптарды орындау үшін 201 нұсқама берілді. Бақылау, қадағалауға жататын өндіріс объектілеріне 27 есептік нөмірлер берілген, — дейді бөлім басшысы.
Жуалылық ветеринар мамандардың атқарған тындырымды жұмыстарының нәтижесінде өңірде мал мен адамға ортақ індеттер қоғамға қауіп төндірмейді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *