Өңір экономикасы өрге басып келеді

Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында облыс әкімі Асқар Мырзахметов тікелей эфирде баспасөз конференциясын өткізді. Журналистермен өткен жүздесуде аймақ басшысы өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуы және сан түрлі салада атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Сонымен қатар, Асқар Исабекұлы Жамбыл жерінде жүзеге асқан жүйелі жұмыстар мен жасампаз жоспарлар, көне шаһарды жаһанға танытатын толымды тірліктер, жалпы, Әулиеата өңірінің қазіргі таңдағы әлеуеті мен болашақтағы сәулеті, сән-салтанаты жайлы сөз қозғады.

Әуелі экономика салаларына тоқталған облыс басшысы мұнда оң динамика қалыптасып отырғанын айтты.
– Экономиканың өсуі — 105,7 пайыз. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі — 6,5 пайызға, ауыл шаруашылығы — 4,4 пайызға, құрылыс — 9,2 пайызға, көлік — 3,6 пайызға, сауда — 4,5 пайызға, байланыс — 6,4 пайызға артуы есебінен қамтамасыз етілді.
Өнеркәсіптің өсу қарқыны 10 айда 106,5 пайызды діттеді. Саладағы өсімге тау-кен және өңдеу өнеркәсібі, электр және сумен қамтамасыз ету өндірісі көлемінің артуынан қол жеткізілді. Жыл қорытындысымен өндіріс көлемі 450 млрд. теңгеден артады деп күтілуде, – деп сөзін бастаған облыс әкімі одан әрі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстарды тілге тиек етті.
– Жалпы өңірлік өнім көлемінде шағын және орта бизнестің үлесі соңғы 5 жылда 18 пайыздан аспаған болса, өткен жылы 21 пайызға жетті. Үстіміздегі жылы кәсіпкерлерге 8,6 млрд.теңге көлемінде шағын несие берілді. Бұл көрсеткіш республика өңірлері аралығында 1 орын.
Бұдан басқа, шағын бизнес субъектілері бастамаларын іске асыру үшін 1955 адамға қайтарымсыз мемлекеттік грантқа 1,2 млрд. теңге бөлінді. Оның 303 млн. теңгесі жергілікті бюджеттен.
Шағын және орта кәсіпкерлердің саны 70 мыңнан асып, онда 125 мың адам жұмыспен қамтылған, олармен өндірілген өнім мен қызмет көлемі биыл 167 млрд. теңгені құрап, 6,3 пайызға артты.
«Бизнестің жол картасы» аясында 345 кәсіпкерге 1,3 млрд. теңгеге инфрақұрылымдық көмек көрсетілді.
Кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында 2025 жылға дейін 2,9 трлн.теңгені құрайтын 69 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Ағымдағы жылы 89 млрд.теңгені құрайтын 15 жоба іске қосылады, – деді А.Мырзахметов.
Баяндамасында Асқар Исабекұлы облыс тұрғындарының әл-ауқаты агроөнеркәсіп кешенінің даму деңгейімен тығыз байланысты екенін баса айтты.
– Халықтың 60 пайыздан астамы ауылдық жерлерде тұрады. Өңірлер арасында ауыл шаруашылығы өнімінің өсуі бойынша республикада бірінші орындамыз.
Егістік алқабы 18 мың гектарға ұлғайып , 687 мың гектарға жетті, оның 352,4 мың гектары дәнді дақылдар, 182 мың гектары суармалы жерлер. Озық технологияларды енгізу арқылы үдемелі бақ 40 пайызға ұлғайып, 1029 гектарға жетті. Суармаларды жерлерді көбейту үшін өткен жылы құрылған мехотряд 93 шақырым арналарды тазартып, 6,2 мың гектар суармалы жерді қалпына келтірді.
Мойынқұм ауданында 9 мың халқы бар 6 елді мекенде 20 жылдан аса пайдаланылмаған 70 шақырым арна тазаланып, 1,2 мың гектар пайдалануға берілді.
Кезінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы алқап 992 мың гектар болса, оның 214 мың гектары айналымнан шығып қалған. Енді осы жердің 174 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылды.
Қант қызылшасы 135 мың тоннаға жетіп, 7 пайызға артты. Қант өндірісін дамыту үшін қуаттылығы жылына 148 мың тонна өндіретін, құны 85 млрд. теңгені құрайтын заманауи қант зауытының құрылысы басталды.
Нидерландтық инвесторлардың қатысуымен «K-АГРО» холдингімен фри картопты кешенді өндіру зауытын салу жоспарлануда.
Соңғы 2 жылда 25 кооператив құрылып, 55-ке жетті. Онда 13,3 мың тонна сүт, 4,5 мың тонна ет өндірілді.
Өткен жылы республика бойынша экспортталған қой етінің 43 пайызы облысқа тиесілі болған. Биыл бұл меже көбейтіліп, 972 тонна қозы еті экспортталды немесе республика экспортының 37 пайызын құрады, – деді аймақ басшысы.
Бұдан кейін Асқар Мырзахметов құрылыс саласына тоқталып, жыл басынан 430 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгеніне басымдық берді.
– «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 30 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Есепті кезеңде 888 пәтерлі 12 тұрғын үй пайдалануға берілді.

«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 45 жоба іске асырылуда. 605 шақырым автожолдар мен көшелер күрделі жөңделді. Оның ішінде Тараз қаласында 138 көше мен бұрылыстарға асфальт салынды. Сонымен қатар көшелерге түгелдеу жүргізіліп, 754 көше есепке алынды. Нәтижесінде, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті автожолдар үлесі 85 пайызға жетеді. Республикалық орташа көрсеткіш 71 пайыз.
377 ауылдық елді мекеннің 55 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. 130 мың халық су құбыры бола тұра, суға қосылмаған болатын. Бүгінге оның 81,5 мыңы қосылды. Жыл соңына тағы 23 мың халық орталықтандырылған ауызсуға қол жеткізеді. Бұған қоса 16 елді мекенге су құбырлары жүргізілуде, оның 8 жобасы іске қосылады.
2020 жылы 11 елді мекенге су құбырлары жүргізіледі.Қосымша бірыңғай оператор арқылы облыс бюджетінен халық саны 200-ге дейінгі 49 елді мекенді ауызсумен қамту көзделуде. Нәтижесінде көрсеткіш 73,2 пайызды құрайды, – деді өңір басшысы.
Облыста білім, медицина, туризм, мәдениет және спорт саласында да жүйесін тапқан жұмыстар аз емес. Баяндамасы барысында Асқар Исабекұлы бұл бағыттағы оң көрсеткіштерді де көпшіліктің назарына ұсынды. Сондай-ақ, әлеуметтік көмек көрсету саласына да кеңінен тоқталып, туризмді дамыту бағытындағы жұмыстар жайынан хабар берді.
– Туризм саласына инвестиция тарту бойынша Аймақтық карта бекітілді. Оған 33 туристік нысан енгізіліп, 12 туристік бағыт айқындалды.
Соңғы екі жылда 8 саябақ, гүлзарлар мен аллеялардың құрылысы жүргізілді. Жақын күндері «Шахристан» этно-мәдени кешені пайдалануға берілгелі отыр. Онда «Руханият», «Көрме орталықтары», «Көркем сурет галереясы», «Қолөнер шеберханасы», «Өлкетану мұражайы», «Тарих тану орталығы» сыңды нысандар бой көтермек.
Инвесторлар есебінен «Қаралма» тау шаңғы базасы және «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің құрылысы аяқталуда, – деп баяндамасын аяқтаған облыс әкімі негізгі міндет – халықтың әл-ауқатын арттыру және ҚР Президентінің облыс тұрғындарының тұрмысын жақсартуға бағытталған тапсырмаларын жүзеге асыру екенін айтты.

«Ауыл-аймақ»-ақпарат

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *