Мойынқұмдық жастар тың жобаларды жүзеге асыруда

Бүгінде жастар кәсіпкерлігін дамытуға барынша қолдау бар.Әсіресе «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының» екінші бағыты бойынша өз кәсібін дөңлетіп отырған жастардың саны күн санап артуда. Бұл әрине ең бірінші азаттығымыздың ақ таңы мен егемендігіміздің жемісі екені даусыз. Мұндай шарапатқа шалғайдағы Мойынқұм ауданының жастары да бөленуде.

Аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Бақыт Қалымбетованың айтуынша, биыл Жаз-ата ауылындағы 241 жас арнайы кәсіпкерлік курсынан өткен екен. Оның 59-ы 311 миллион теңге көлеміндегі жобаны сәтті қорғап шықса, 40 үміткер 505 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа қол жеткізген.
– 505 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантты иеленгендердің ішінде 4 көпбалалы ана бар. Олар атаулы әлеуметтік көмектен өз еркімен бас тартып, кәсіп ашып отыр. Сондай-ақ 3 мүмкіндігі шектеулі тұрғындарымыз да үкіметтің жәрдемақысына тәуелді болмай, бизнес идеяларын жүзеге асыруда.
Жыл аяғында тағы 60 жасымыз арнайы курстан өтті. Осы азаматтардың бизнес жоспарын қаржыландыру үшін келер жылға өтінім беріп отырмыз.
Әрине жастар үшін мұндай мүмкіндікті кез келген мемлекет жасап отырған жоқ. Бұл Тәуелсіздік таңының тартуы екені даусыз. Сондықтан жемісі мол жобадан жастар шет қалмаса екен, — дейді орталықтың директоры Б.Қалымбетова.
Биыл 505 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа қол жеткізгендердің бірі — Мойынқұм ауданы, Мойынқұм ауылының тұрғыны Алуа Сәбитқызы. Жалынды жас аудан орталығынан сән салонын ашқан. Бағдарлама аясында арнайы оқып келген Алуа дәл қазір мойынқұмдықтарға өз қызметін қалтқысыз көрсетуде.
– Бағдарлама аясында оқу курсынан өткеннен кейін, өз бизнес жоспарымды ұсыну арқылы 505 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа қол жеткіздім. Аталған сомаға сән салоныма қажетті қондырғыларды сатып алып, қазір тіршілігімді бастаудамын. Шындығы керек, өзім де осы Мойынқұм ауылында туып өскендіктен, бұрындары бір жерге бара қалайын десең, өз-өзіңді қалыпқа келтіру үшін айна алдында сағаттап отыратынбыз. Ал үй жағдайында барлық мүмкіндік қолда бола бермейді. Сондықтан мерекелік кештер немесе тойлар болса, бетіңді әрлеп, шаш үлгісін жасату үшін 120 шақырым қашықтықта жатқан Шу қаласына шабылатынбыз. Қазір осы қызметтің барлық түрін сан салонымда ұсынып отырмын. Күніге кемі 4-5 адам келіп, қызметімді тұтынады. Ал демалыс немесе мереке күндері тіпті ұзын-сонар кезектен аяқ алып жүре алмайсың. Әзірге сән салонымның ғимаратын жалға алып жұмыс жасаудамын. Бұйыртса алдағы уақытта өзімнің жеке кеңсемді ашсам деген жоспарым бар. Осындай мүмкіндік туғызған және жас кәсіпкерлерге қолдау білдірген Мемлекет басшысына, облыс әкіміне және жергілікті билікке айтар алғысым шексіз, -дейді жас кәсіпкер.
Ал Жұлдыз Мамышева Мойынқұм елді мекенінде бұрын-соңды болмаған гүл бизнесін қолға алып отыр.
– Жалпы бала кезімнен гүл өсіруге құмарттым. Содан бір күні ойлана келе «неге Мойынқұм ауылынан гүл сататын орын ашпасқа» деген идея келді. 505 мың теңге көлеміндегі грант қолға тиген бойы Алматы қаласын бетке алдым. Есептей келе бұл бизнестен пайда түсетініне көзім жетті. Қазір екі аптада бір рет Алматыға барып, гүл алып келемін. Сатылымға қойылған гүлдерім тез өтуде. Той болсын, туған күн кештері болсын, ауыл тұрғындары бұрынғыдай Шу қаласына шабылмай менен келіп гүл алады. «Ана жүрегі», «Әйел, еркек бақыты» деген сынды гүлдеріме сұраныс өте жоғары. Бағасы 2000 теңгеден басталады. Бір сөзбен айтқанда қолжетімді.
Енді жамбылдықтардың тұрмысын жақсартуға бағытталған пилоттық жоба аудан орталығына келсе, несие алып жылыжай ашсам ба деген жоспарым болып отыр. Ол енді уақыт еншісіндегі нәрсе. Әзірге жас кәсіпкерлерге осындай мүмкіндік тудырған Мемлекет басшыларына алғыстан басқа айтарым жоқ, — дейді жас кәсіпкер.

Сұлтан САМАТҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *