Шалғай ауылдардың тірлігі тиянақты

Соңғы уақытта өңірдегі ауылдардың тіршілігіне қан жүгіріп, жаңаша түрлене бастады. Аудан, ауылдағы тұрғындар түрлі мемлекеттік бағдарламалардың арқасында тұрмыс сапасын арттыруға бет бұрып келеді. Осы орайда, ондағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын зерделеу мақсатында облыс әкімінің тапсырмасымен пресс-тур ұйымдастырылуда. Бұл жолы алған бағытымыз Сарысу ауданынан басталды. Аталған ауданға барып, мемлекеттік бағдарламалар мен аудан әкімінің индикаторлық көрсеткіштерінің орындалуы, өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға қанықтық.

Сарысу өңіріне ат басын тіреген журналистерді күтіп алған аудан әкімі Қанатбек Мәдібектің айтуынша, индикаторлық көрсеткіштер бойынша барлық сала дамып келеді екен. Мәселен, инвестициялар көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 120 пайызға артқан. Сондай-ақ ауданда өндірілген өнім көлемі де 104 пайызға жеткен. Бастысы, өсім тұрақты қалыптасып келеді.
Тілшілер тобы әуелі Жаңатас қаласында облыс жастарын кәсіпкерлікке баулу аясында жаңа бизнес идеяларды жергілікті елді мекендерде іске асыру мақсатында қайтарымсыз грант аясында 2 миллион грантқа қол жеткізген Асылхан Ұзақбайдың жаңадан ашылып жатқан кәсібімен танысты. Ол бүгінде аудан орталығында осыған дейін болмаған киімдерге және шыны ыдыстарға сурет салатын арнайы орталық ашқан. Осы арқылы жас кәсіпкер аудан тұрғындарына қызметтің жаңа түрін ұсына бастаған. Сондай-ақ тура осылай кәсібін ашқан жастардың бірі Ұйым ауылының тұрғыны Нұржан Оңалбек. Кәсіпке ебі бар ауыл жасы ауданда осыған дейін болмаған бөдене өсіру ісін қолға алыпты.
– Аймақ жастарын кәсіпкерлікке баулу аясында қайтарымсыз грантқа қатысып, 1,5 миллион теңгеге қол жеткіздім. Бұл қаржыға көрші Түркістан облысынан 100 бөдене мен Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылынан жұмыртқалауға бейім 250 тауық сатып алдым. Сонымен қатар оларға жайлы қора салдым. Негізі, бөдене асыраудадағы ерекшелік қора қыстың күні + 20 градустан түспеуі қажет екен. Осыны ескерген мен күніне 25-30 жұмыртқа алып жатырмын. Оны ауыл тұрғындарына 35 теңгеден өткерудемін, – деген жас кәсіпкер Нұржан алдағы уақытта инкубатор алып, бөдене санын көбейтуді жоспарлап отыр екен.
Жалпы облыс жастарын кәсіпкерлікке баулу аясында жаңа бизнес идеяларды жергілікті елді мекендерде іске асыру үшін 324 миллион теңге қаралған. Бұл қаражат қайтарымсыз грант түрінде әр адамға 3 миллионға дейін берілген еді. Бұл жобаға Сарысу ауданынан 56 ұсынылып, оның 20-сы жеңімпаз атаныпты.
Мұнан соң БАҚ өкілдері Қызылдиқан ауылына бет бұрып, жаңадан жүргізілген ауыз су жүйесімен танысты. Негізінен осы уақытқа дейін аталған қызылдиқандықтар ауласындағы құдық суын пайдаланып келген. Дегенмен өткен жылы аудан басшылығы тұрғындардың талабын жерде қалдырмай су мұнарасын салып беріпті. Бүгінде ауыл тұрғындары тереңдігі 210 метрден шығатын талапқа сай, таза ауыз суды тұтынып отыр. Тәулік бойы үздіксіз беріліп жатқан ауыз су құбыры әр аулаға кіргізіліп берілген.
Келесі кезекте журналистер Шу ауданына жолға шығып, «Тараз» арнайы экономикалық аймағында жаңадан салынып жатқан қант қызылшасы зауытының құрылысымен танысты. Бұл жобаға тартылған инвестицияның құны 200 миллион еуроны құрайды екен. Осы жылдың 4-ші тоқсанында басталған құрылыс жұмыстары 2022 жылдың соңында аяқталмақ. Егер жоба іске асқан жағдайда зауыт 8 мың тонна қант қызылшасын өндірмек. Ал болашақ зауыттың жылдық өнімділік қуаты 148 мың тоннаны құрайды
– Қазіргі таңда құрылыс компаниясының мобилизациялық жұмыстары жүргізілуде. Яғни, уақытша электр сымдары жүргізіліп, аумақтары қоршалуда. Егер зауыт іске қосылған жағдайда жергілікті жердің 300 азаматы тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Осы мақсатта аудан азаматтарының ішінен мамандарды дайындаймыз. Ол үшін осындағы колледждермен арнайы мемарандумға қол қойылып, керекті мамандықтардың тізімін бердік. Тиісінше, сол мамандықтарды оқу орындары оқытып, бізді мамандармен қамтамасыз етпек, – дейді «Qazsugar» ЖШС директоры Аман Аяғанов.
Сондай-ақ экономикалық аймақта жалпы құны 160 миллион еуроны құрайтын картофель фриін өндіретін зауыт та салынбақшы екен. Оның құрылысы келесі жылы басталатын көрінеді. Мұндағы зауытта іске асқан жағдайда 200 адамға тұрақты жұмыс табылмақ.
Бұдан бөлек, Шу қаласындағы макарон өнімдерін шығаруға арналған элеватордың құрылыс жұмыстарымен таныстық. Бүгінде онда құрылыс жұмыстарын қарқынды жүргізіліп жатқанына қарамастан өнім де шығарыла бастапты.
Облыс орталығынан шыққан журналистер пресс-тур барысын Мойынқұм ауданында қорытындылады. Онда әуелі Кеңес ауылдық округіне қарасты Айдарлы ауылына ат басын тіреп, «Ақ отау» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен таныстық. 2002 жылы құрылған қожалық қазіргі таңда дала төскейін 700 қой, 100 сиыр мен 50 жылқымен толтырып отыр. Сондай-ақ ірі қараны бордақылап, етін барит өндірумен айналысатын «Шығыс кен басқармасы» ЖШС-не өткізеді екен. Шаруашылық жұмысын жандандырып отырған Серік Білдебаев өздерінің 60 гектар суармалы жеріне жоңыршқа, жүгері еккендерін айтады. Осылайша, төрт түліктің қыстық жем-шөбін өздері дайындап алған.
Бұдан кейін аудан орталығының іргесіндегі Жамбыл ауылына табан тіредік. Ауылдағы «Ғазиз» жеке кәсіпкерлігі сүт өнімдерін дайындау цехын ашып, төрт түрлі өнім шығарумен айналысып келеді. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен грант ұтып алып, өз кәсібін дөңгелетіп отырған Ғазиз Мәдімар құрт, қаймақ және май өндіруде. Ол үшін шығарған өнімін этиленді пакет арқылы орайтын арнайы құрылғы да сатып алыпты. Осы арқылы өнімді сақтау мен өткеру тиімді екен. Қазіргі таңда аудан орталығындағы супермаркеттер мен ірі дүкендерді ғана қамтып отырған Ғазиз облыс орталығына да өндірген өнімін жіберуді жоспарлап отыр. Өз ауылындағы «Тасқын» шаруа қожалығынан тәулігіне 60-70 литр сүт алатын жеке кәсіпкер бүгінде 2 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Ауданға сапар барысында аудан орталығындағы жем-шөп дайындайтын «Тұлпар» кооперативінің жұмысымен де танысудың сәті түсті. Аталған ұйым жұмыстарының басы-қасында жүрген кооператив мүшесі Расылхан Кәдірхановтың айтуынша, үстіміздегі жылдың басында механикалық жасақтың көмегімен бірнеше каналдар тазартылып, ауданның аграрлы аймағына мейлінше жағдай жасалыпты. Осын мүмкіндікті тиімді пайдаланған кооператив 30 гектар жерге жүгері егіпті. Осыншама жерден 100 тонна өнім алған олар жүгеріні қырманда өңдеп, аудан тұрғындарына өткерген. Бүгінде қырманда 30 гектардан алған өнімдерінің 30 пайызы сақтаулы тұр екен.
Құмды өлкедегі сапардың соңында «Бастау бизнес» жобасы аясында қайтарымсыз 505 мың теңгеге ие болған Қымбат Ілиясованың шаруашылығымен таныстық. Ол ауданда жұмыртқаға сұраныстың көп екенін ескеріп, 50 тауық сатып алған. Алдағы уақытта инкубатор аппаратып сатып алып, тауық санын да көбейтуді жоспарлап отыр екен. Аудан орталығындағы осындай грантқа қол жеткізген жас кәсіпкерді тағы бірі Асқарбек Ибрагимов. Ол да грант арқылы қол жеткізген қаржысына 100 үндік сатып алған. Мемлекеттік бағдарламаның шарапатын сезініп отырған жас кәсіпкер алдағы уақытта үндік санын 10 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр. Ол үшін Асқарбектің үндік бағатын жері мен қора-қопсысы да дайын. Тек төзімділікпен еңбектенсе жеткілікті.
Шындығында, аудандарға сапар барысында ауыл азаматтары мен жастарының еңбекке деген құлшынысын көріп қуандық. Есесіне, олардың табысқа жету жолында түрплі мемлекеттік бағдарламалар да бағдар болып отыр. Ендігі жерде ауыл азаматтарының еңбектеніп, ел экономикасын дамытуға үлес қосуы қуантады.

Ш. Биділдаұлы,
Тараз-Сарысу-Шу-Мойынқұм-Тараз

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *