Жылына 3 мың вагон жөнделеді

Елімізде кәсіпкерліктің өрісі кеңейіп, тасы өрге домалауы үшін «DAMU» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы қолдан келгенше қолдау білдіріп жүр. Аталған қор біздің облыста да шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған бірқатар мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруда.

Бізде іске асырылып отырған сондай мемлекеттік бағдарламалар – «Бизнестің жол картасы – 2020», «Еңбек» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары. Қордың облыстық филиалының директоры Бақытжан Исақовтың айтуынша «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша аймақтық филиал биылғы он ай көлемінде 128 жобаны субсидиялап, сол жобалар үшін екінші деңгейлі банктер арқылы кәсіпкерлеріміз 6 миллиард теңгеден аса несиеге қол жеткізіпті.
– Кепілдендіру бағдарламасы бойынша біз жыл басынан бергі он айдың көлемінде 7 жобаға кепілдік сомасы 900 миллион теңгеден асатын қаржылай қолдау көрсеттік. Ал «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша биылғы он ай ішінде жалпы сомасы 254 миллион теңгені құрайтын бес жобаны мақұлдадық. «Еңбек» бағдарламасына 2019 жылға 1 миллиард 36 миллион теңге бөлінген. Бұл қаржыны екінші деңгейлі үш банкте орналастырдық. Жыл басынан бері қазіргі күнге дейін 44 жоба несиелік сомасы 524 миллион теңгені құрайтын жобалар қаржыландырылды, – дейді филиал директоры Бақытжан Исақов.
Осындай қолдау алған мекеменің бірі – «Жамбыл Рем Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ол отандық темір жолдың вагон жөндеу саласының отын өшірмей отырған озат кәсіпорындардың бірі. Жамбыл вагон жөндеу депосы болып ашылған бұл алып кәсіпорын кезінде фосфор қышқылдарын тасуға арналған цистерналар мен жартылай вагондарды жоспарлы жөндеуден өткізуге жұмылдырылған. 1924 жылы пайдалануға беріліп, тек 1974 жылы ғана қажетті құралдармен жабдықтау мақсатында және өндіріс күшін арттыруға байланысты жаңалау жұмыстары жүргізілген екен. Ал 1999 жылы темір жол саласын қайта жаңғыртуға байланысты депо екіге бөлінген. Одан бергі ғұмырында да депоның аты да заты да өзгеріп, ақыры «ЖамбылРемСервис» жауапкершілігі шектеулі серітестігі болып қайта құрылыпты.
Бүгінде 271 адам еңбек етіп отырған кәсіпорында цех көп. Вагондарға күрделі жөндеу жүргізу үшін депода барлық қажетті жабдықтар бар. «Жамбыл Рем Сервис» ЖШС құрамында қазір 8 өндірістік бөлімше жұмыс істеп тұр.
– Бәсекелестік жағдайында жұмыс істеу үшін бізге қосымша қаражат қажет болды. Алдымен банктерге барып көрдік, бірақ пайыздық ставкалары жоғары, яғни бұл бізге тиімсіз болды. Сол себепті «ДАМУ» қорына келіп, қордың сүйемелдеуімен «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 200 миллион теңгедей ақша алдық. Бұл қаражат бізге вагондарды жөндеу процесін жеделдету, сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарды жақсартуға керек болды. Яғни біз жаңа аппараттар, қосалқы бөлшектер сатып алып, цехтарымызды жаңаладық. Егер сәтін салып, жаңа нәтижелерге қол жеткізсек, «ДАМУ» арқылы тағы да жеңілдетілген несие алуға ниеттіміз, – «Жамбыл Рем Сервис» ЖШС бас директоры Өмірхан Күндәулетов.
Серіктестіктегі ең төменгі жалақы 60-70 мың теңгенің төңірегінде болған. Кейінірек құрылтайшылар кеңесе келе 10-15 пайызға көтеру жағдайын қарастырып, төменгі жалақы 108-109 мың теңгенің айналасында болып отыр. Қазір мұнда 271 адам жұмыс істейді. Компания бүгінде жылына жоспар бойынша 3000 вагон жөндеп шығаруға әлеуетті. Дегенмен кейбір келісім шарттарға байланысты 2016, 2017 жылдары 4000 вагонға дейін жөндеп шығарған екен. Ондай кезде түнгі ауысымда да жұмыс істеуге тура келген. Жалпы, бұл компания вагонның келуіне, тапсырысқа байланысты айына 200-300 вагонға дейін қызмет көрсетеді.

Ж. СЕЙІЛХАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *