Мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын көпшілік көруде

Елімізде, соның ішінде Жуалы ауданында соңғы жылдары «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы, басқа да мемлекеттік салалық және өңірлік бағдарламалар іске асырылып келеді. Осы аталған бағдарламалардың өңірде орындалу барысы, жөнделіп және салынып жатқан құрылыс объектілеріндегі жұмыстың деңгейі қандай? Осыған орай аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағымен сұхбаттасып, аталған бағыттағы жұмыстардың аяқ алысы жайлы білген едік.

— Асхат Базарбайұлы, ауыл тұрғындарын елді мекендерді таза ауыз сумен қамту мәселесінің мазалап отырғаны жасырын емес. Бұл бағытта өңірде нендей жұмыстар атқарылуда?
— Бүгінде аудандағы 49 елді мекеннің 14-інде ғана орталықтандырылған ауыз су жүйесі бар. Өңірде орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған ауылдар барлық елді мекендердің үштен бірін ғана құрап отыр. Бұл бағытта мақсатты жұмыстар қолға алынуда.
Биылғы жылы Қарасаз ауылында су жүйесінің құрылысы жүргізілді. Оған республикалық бюджеттен тиісті қаржы бөлінді. Нысанның сметалық құны — 616,29 млн. теңге. Мердігер «КДСМ» ЖШС жұмыстарды мамыр айында бастап, су жинау ғимаратының құрылысы мен көшелер бойында су құбыры желісін тарту жұмыстарын атқарды. Құрылыс жұмыстары бүгінгі таңға толық орындалды. Бұйырса, жылдың аяғына дейін ауыз су құбыры тұрғындар игілігіне беріледі деп жоспарлап отырмыз.
Бүгінде аудан әкімдігінің бейінді бөлімінде аудандағы 11 ауыз су құрылысы объектісіне сараптаманың оң қорытындысы алынды немесе қаралу үстінде, 15 объектіге ЖСҚ әзірленуде, сегіз объекті бойынша сараптама қорытындысы алынып, бюджеттік өтінім ұсынылса, алты объектіде құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Бірқатар ауылдарда ауыз су құбырлары құрылысына ЖСҚ әзірлеу аяқталды. Мәселен, Шақпақ ауылдық округіндегі Тәттібай Дүйсебайұлы, Боралдай ауылдық округіндегі Ертай ауылдарының ауыз су құбырлары желісінің құрылысының ЖСҚ-на мемлекеттік кешенді сараптама қорытындысы алынды.
— Ауданның әлеуметтік-мәдени объектілеріндегі құрылыс жұмыстары барысы мен сапасы қай деңгейде?
— Қоңыртөбе ауылындағы Д.Пахомов орта мектебіне қосымша спортзал (6 оқу бөлмелерімен бірге) құрылысына «Тараз-Аркон» ЖШС арқылы ЖСҚ дайындалып, 2019 ж. 5 ақпанында № ЭPRO-0036/19 қорытындысы алынды. Сметалық құны 198 496 мың теңге. Қазіргі таңда облыстық құрылыс басқармасына бюджеттік өтінім берілді.
Алатау ауылындағы 80 орындық орта мектептің (289,8 млн. теңге) сметалық құны қайта есептеліп, сараптамадан өткізу үшін ашық конкурс жарияланып, «Аrchitects экспертиза.kz» ЖШС арқылы сараптама қорытындысы 2019 жылдың қазан айында алу жоспарланған, алайда жобалаушы мердігер уақытында epsd.kz парталына құжаттамаларды салмай отыр, ісі экономикалық сотқа берілді.
Одан бөлек, 300 орындық Диқан орта мектебінің құрылысының (946,3 млн. теңге) ЖСҚ дайындалып, кешенді сараптамадан өткізу жұмыстарын «СтройПродуктив» ЖШС ұтып алды, бірақ, облыстық білім басқармасының қорытындысына теріс сараптама қорытындысы алынды. Бүгінгі таңда жобалаушы мекеме өз қаражаты есебінен жоба-сметалық құжаттаманы сараптамаға қайта ұсынуда.
Бауыржан Момышұлы ауылындағы мәдениет үйіне жапсарлас құрылыс жүргізу жобасын дайындау үшін «Болашақ ЮгКонсалтинг» ЖШС-мен 2019 жылдың 24 маусымында 1198,4 мың теңгені құрайтын шарт жасалып, жобалау жұмыстары толық аяқталған.
Спорт және дене шынықтыру саласында Жетітөбе ауылдық округінің Кәріқорған ауылындағы және Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылындағы спорт объектілерін қайта жарақтандыру жұмыстарына ЖСҚ әзірленді. Үстіміздегі жылдың ақпан айында сараптама үшін ашық конкурс жарияланды. Сәуір айында жеңімпаз анықталып, сараптамаға ұсынылу керек болатын. Алайда жобалаушы мердігер «Диана-Л» ЖШС құжаттамаларды бүгінгі күнге дейін epsd.kz порталына салмай отыр, экономикалық сотқа талап арыз берілді.
Сонымен қатар 2019 жылға Бауыржан Момышұлы ауылындағы спорт кешенінің ЖСҚ әзірлеуге 3 400,0 мың теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде мемлекеттік ашық конкурс жарияланып, «Тараз-Технопроект» ЖШС жеңімпаз болып анықталып, 2019 жылдың 6 маусымында 2 890,0 мың теңгеге шарт рәсімделіп, бүгінгі таңда 2494,0 мың теңге игерілді. Жобалау жұмыстары аяқталды. Мемлекеттік сараптамадан келесі жылдың қаңтар-ақпан айларында алынады.
Ветеринария саласында Жетітөбе ауылдық округінің Кәріқорған ауылындағы мал сою алаңын электрмен жабдықтауға ЖСҚ әзірленді. Сараптамаға ашық конкурс жарияланып нәтижесінде «Экспертиза ПРО» ЖШС сараптамаға ұсынылады. Жобалаушы мердігер «ЛидерПректДизайн» ЖШС бүгінгі күнге дейін epsd.kz парталына құжаттамаларды салмай отыр, экономикалық сотқа талап арыз берілді.
Егжей-тегжейлі жоспарлау әзірлеу бойынша 2019 жылға аудандық бюджеттен 26 314,0 мың теңге қаржы бөлінді. Олар – Бауыржан Момышұлы ауылының кезекшілік жоспарын, ақпараттық ресурстарын жинақтау және өндеу (жер асты және жер үсті коммуникацияларын елді мекендерде 1:500 масштабты кадастрлық жоспарды құрастыру мен түгендеу 10 114,0 мың теңгеге 24.01.2019 ж ҚР мемлекеттік қала құрылысын жоспарлау және кадастр орталығымен № 5 келісім шартқа және 2019 жылдың 13 мамырында 10 049,6 мың теңгеге №1 қосымша келісім шарт рәсімделіп, жұмыстары аяқталды.
Инфрақұрылым объектілерінің құрылыс жұмыстары бойынша Бауыржан Момышұлы ауылындағы «Көктөбе» жаңа тұрғын алабына (электр қуатымен, газбен, сумен қамтамасыз ету және автомобиль жолдары) инфрақұрылым объектілері құрылысы (сметалық құны – 612 000,0 мың теңге) бойынша облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы арқылы мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, нәтижесінде «Талас-Құрылыс» ЖШС жеңімпаз болып анықталған. Қазіргі таңда аталған тұрғын алапқа электр желісі, газ, су құбырлары толық тартылған, автомобиль жолдарының (қиыршықты тас) құрылысы жүргізілді. Құрылыс жұмыстары аяқталды, бұйырса, алдағы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында тұрғындар игілігіне табысталатын болады.
Одан бөлек, «Теріс» тұрғын алабы 33709,0 мың, «Қосбөлтек» тұрғын алабы 26398,0 мың, «Нұрлыкент» тұрғын алабы 34240,0 мың теңгені құрайтын құрылыс-монтаж жұмыстарын ашық конкурс нәтижесімен «ЕрК Астана» ЖШС жеңімпаз болып танылған болатын. Тұрғын алаптарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары мамыр айының екінші жартысында басталып, бөлінген қаржы толықтай игерілді. Таяуда Жамбыл облысының 80 жылдығы мерейтойына орай аталған инфрақұрылым нысандары салтанатты жағдайда ашылып, тұрғындар игілігіне берілді.
Билікөл ауылдық округінің Қарабастау ауылындағы Қ.Қошмамбетов мектебіне қосымша спортзал (қазандығымен бірге) құрылысы (135 839,0 мың теңге) мемлекеттік сатып алудың ашық конкурсының нәтижесіне сәйкес «Тараз Құрылыс-Инвест» ЖШС жеңімпаз болып белгіленді. Жұмыстар бүгінде толығымен аяқталып, ол да алдағы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында пайдалануға берілмек.
Денсаулық сақтау саласында үстіміздегі жылы ауданның сегіз елді мекенінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде денсаулық сақтау объектілерінің құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда, «АКМ Групп КЗ» ЖШС Қарасаз ауылдық округінің Қарасу ауылындағы, Көкбастау ауылдық округінің Қосбөлтек ауылындағы, Қошқарата ауылдық округінің Ақтасты ауылындағы, Жетітөбе ауылдық округінің Майбұлақ ауылындағы медициналық пункттердің, сондай-ақ Шақпақ ауылдық округінің Тәттібай Дүйсебайұлы ауылындағы фельшерлік пункттің құрылысын жүргізді. Аталған медициналық пункттер де Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойына орай ашылып, халық игілігіне қызмет етуде.
Сонымен қатар, «Түркістан Құрылыс» ЖШС Қызыларық ауылдық округінің Теріс-Ащыбұлақ, Жетітөбе ауылдық округінің Кәріқорған, Күреңбел ауылдық округінің Қаратас ауылдарындағы медициналық пункттердің құрылысын жүргізді. Аталған денсаулық сақтау нысандары да жақын күндері, атап айтқанда Тәуелсіздік мерекесіне орай пайдалануға беріледі.
Ауданда 2019 жылдың қаңтар-желтоқсан айларына орындалуы күтілген индикаторлар — жалпы құрылыс көлемінің нақты орындау көрсеткіші 4 400,0 млн. теңге болатын, индикатор 4 500-4 800 млн. теңге көлемінде орындалды. Пайдалануға қабылданған тұрғын үй құрылысы нақты орындау көрсеткіші – 11 000 шаршы метр болып, өткен жылғы 10 350 шаршы метр көрсеткішімен салыстырғанда 104,0% орындалуы болжамдалып отыр.
— Халықтың арасында өңірде салынып жатқан жолдардың сапасы туралы да айтылып жүрген сындар аз емес. Бұл жөнінде не дейсіз?
— Биылғы жылы аудандағы барлығы 10,89 шақырым ауылішілік жолдарды орта жөндеуден өткізуге қаралған 170 030,8 мың теңге қаражат толығымен игерілді. Боралдай ауылдық округінің Ертай ауылындағы 0,9 шақырым Лесбек Көпбаев көшесін орта жөндеу жұмыстарына қаралған 11 144,80 мың теңге көлеміне мердігер «Алматы ТехпромСтрой» ЖШС жұмыстарды толғымен аяқтады.
Бауыржан Момышұлы ауылындағы Жанқожа батыр, Бейбітшілік көшелерін орта жөндеуге бөлінген қаржы толығымен игерілді. Мердігер «НұрАбдрахман жолдары» ЖШС жұмыстарды сәуір айында бастады. Анықталған кемшіліктер дер кезінде жойылып, жұмыстар толық көлемде орындалды.
Одан бөлек, Ақсай ауылдық округінің Диқан ауылындағы Ы.Байділда және Билікөл ауылдық округінің Жылыбұлақ ауылындағы Жылыбұлақ көшелерінің автомобиль жолдарын орта жөндеуге бөлінген қаржы да толықтай игерілді. Мердігер «Жамбыл ДорСторой-Сервис» ЖШС жұмыстарды сәуір-мамыр айларында бастады. Бүгінде асфальт төсеу жұмыстары толығымен орындалды. Алайда жол жиегіне төселген құм шағал тастардың фракциясы нормадан өте жоғары бетіне фракциясы 1 см жоғары емес құмшағал төсеу қажет екені анықталып, кемшіліктер толығымен жойылды.
Қарасаз ауылдық округінің Көктас ауылындағы Достық көшесінің 1,320 шақырым автомобиль жолын орта жөндеуге бөлінген 17 631,0 мың теңге қаржы толықтай игерілді. Мердігер «Жандос және К» ЖШС жұмыстарды сәуір айында бастап, асфальт төсеу жұмыстарын толығымен орындады.
Көкбастау ауылдық округінің Қосбөлтек ауылындағы О.Жапарқұл көшесінің 2 шақырым автомобиль жолын орта жөндеуден өткізілді.
Мыңбұлақ ауылдық округінің Талапты ауылындағы Б.Момышұлы көшесінің 0,980 шақырым автомобиль жолын орта жөндеуге бөлінген 14 968,6 мың теңге қаржы да толықтай игерілді. Мердігер «Рауан» ЖШС жұмыстарды мамыр айының аяғында бастап, жұмыстарды толығымен атқарды. Сонымен қатар үш дана жол белгілері орнатылды.
Аудандық мәндегі автомобиль жолдары бойынша қаралған қаржы көлемі 119 988,0 мың теңге, игерілген қаржы көлемі 66 758,0 мың теңге, ол 55,6% құрайды. Атап айтқанда, 3,069 шақырым «Жаңаталап-Күркіресу» автомобиль жолын орта жөндеу бойынша қаралған қаржы сомасы 41705,0 мың теңге. Игерілген қаржы 90% құрайды. Мердігер «Рауан» ЖШС жұмыстарды маусымда бастап, жұмыстарды толық аяқтады. Сонымен қатар 12,3 шақырым «Талапты-Алатау-Застава» автомобиль жолын орта жөндеу жұмыстары 2019 жылға өтпелі. Қалған қаржы сомасы 28 862,9 мың теңге. Бөлінген қаржы толығымен игерілді. Мердігер «ЖДМС-С» ЖШС қалған 1,4 шақырым асфальт төсеу жұмыстарын толығымен орындады.
Облыстық бюджеттен қосымша 44019,0 мың теңге «Шақпақата-Т.Дүйсебайұлы» 2,564 шақырым автомобиль жолын орта жөндеуге бөлінген қаржы көлеміне жұмыстары толық аяқталды. Мердігер «Тараз көлік жолы» ЖШС жолдың негізін дайындау жұмыстарын толық аяқтап, 1,7 шақырым автожолға асфальт толық төселді, инфрақұрылым объектісі 2020 жылға өтпелі.
2019 жылға аудандық мәндегі автомобиль жолдарын ағымды жөндеуге 12 961,6 мың теңге қаржы қаралып, 3070 шаршы метр жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ағымды жөндеу жұмыстарын «Жасыл-Жуалы» МКК атқарды.
Ауылішілік автомобиль жолдарын ағымды жөндеуге 16 000,0 мың теңге қаржы қаралып, 3789,6 шаршы метр жөндеу жұмыстары «Жасыл-Жуалы» МКК күшімен атқарылды.
Облыстық мәндегі автомобиль жолдары бойынша қаралған қаржы көлемі 817 800,0 мың теңге. Атап айтқанда, «Әбілдабек-Бақалы-Сұрым-Бәйтерек» автомобиль жолының 0-10 және 21-32,1 шақырымдарын орта жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. «Бауыржан Момышұлы-Көлтоған-Қошқарата-Қызтоған» автомобиль жолының 15-33 шақырымын орта жөндеуге 311 381,0 мың теңге қаралып, жұмыстар кестеге сай атқарылып, асфальт төсеу жұмыстары мерзімінде аяқталды.
— Таулы өңірдегі ауылдарға газ құбыры тартылып жатқанынан да хабардармыз. Оның барысы туралы не айтасыз?
— 2017 жылы ауданның таулы өңіріндегі 15 елді мекенін газдандыруға жобалық-сметалық құжаттама дайындалған болатын. Жобаның жалпы құны 3,0 млрд. теңгені, газ құбырының ұзындығы 10,2 шақырымды құрайды. 2019 жылы құрылысты бастауға республикалық бюджеттен 705,0 млн. теңге, облыстық бюджеттен 78,3 млн. теңге бөлінді. Бүгінде мердігер «Тараз құрылыс-2004» ЖШС құрылыс жұмыстарын сәуір айында бастап, газ құбырларын Қарасаз ауылынан Жетітөбе ауылдық округінің Тасбастау ауылына дейін жеткізген болатын. Күз айларында облыстық бюджеттен қосымша қаражат бөлініп, газ құбырлары аталған ауылдық округтің Кәріқорған, Қоңыртөбе ауылдары арқылы Боралдай ауылдық округінің Ертай, Көлтоған ауылдарына дейін тартылуда. Жоба толық іске асқанда таулы өңірдің 9 547 тұрғыны көгілдір отынның игілігін көретін болады.
Одан бөлек, «Ауданның елді мекендеріне кварталішілік газ тарату желісі жобасы» бойынша жеті ауылға ЖҚС әзірленді. Атап айтқанда, Жетітөбе ауылдық округінің Тасбастау, Кәріқорған, Майбұлақ, Қосмұрат, Шыңбұлақ, Қоңыртөбе, Күреңбел ауылдық ауылдық округінің Күреңбел ауылдарына ЖСҚ әзірлеуге 30 876,0 мың теңге қаралып, оның 14 445,0 мың теңгесіне конкурс нәтижесі бойынша мердігер «ҚазЦентрПроект» ЖШС анықталды. Топографиялық түсірілімдері, инженерлік-геологиялық жұмыстары мен жұмыс сызбалары, ЖСҚ, ҚОӘБ әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға ұсынылды. Бүгінгі күні келіп түскен ескертпелерді толықтыру жұмыстары жүргізілуде.
— Уақытыңызды бөліп, арнайы сұхбат бергеніңізге рақмет!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *