Жастар туған жерді түлетуге құлықты

Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын ұсынған болатын. Бағдарламада Елбасы «Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды» деп атап көрсете келе, жас ұрпақтың бойына сүйіспеншілік, патриоттық сезімді қалыптастыру керектігіне баса назар аударған-ды.

Қасиетті Жуалы топырағы қай заманда да жүрегі кең, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардан кенде болмаған. Батырлар мен генералдарды, ақындар мен жазушыларды, спорт саласында да Олимпиада чемпионы және әлем чемпиондарын түлетіп ұшырған Жуалы жерінде қазір де атпал азаматтар баршылық.
Осындай атпал азаматтардың арасында ауылына жанаршылық танытып, тыныс-тіршілігімен, қажеттілігімен танысып, игі істер жасауды өнегеге айналдырып жүргендері қаншама! Әсіресе, аймақтағы ауыл жастары өз туған өлкелерінің тағдыры мен болашағына бей-жай қарамай ауылдастарына көмек қолдарын созып жүрген жайлары бар.
«Береке басы – бірлікте» дегендей, Ақсай ауылдық округі бұрыннан-ақ бірлігі бекем, тірлігі берекелі өңірлердің қатарынан. Округтің жалпы тұрғыны 3 106 адамды құрайды. Халықтың негізгі дені — жастар. Олардың бірқатары тұрақты жұмыспен қамтылса, басқа да азаматтар ауыл шаруашылығын барынша дамытып, сондай-ақ кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтуде.
Ауылдық округтің орталығы – Қайрат ауылына жаңа мешіт салу керектігі тұрғындар арасында көптен бері айтылып жүрді. Шешімін күткен мәселенің іске асуына ауылдың тумасы, жеке кәсіпкер Ерік Тастанов өз септігін тигізді. Жанашыр азамат мешіт құрылысына демеушілік жасап, игі бастамаға қолдау көрсетті. Бастаманы ауыл жастары да іле-шала қолдап, 1960-1995 жылдары туған азаматтар қолдарынан келгенше көмек қолдарын соза білді. «Бірлік болмай, тірлік болмас» демекші, ауыл азаматтарының ынтымағының, ауызбіршілігінің арқасында небәрі сегіз айдың ішінде мешіт құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Қазақ халқының байырғы асарлату дәстүрін ауыл жастары қазіргі замандағы үлгісі ретінде жаңғыртып, құрылыс алаңында үш ауысыммен жұмысқа білек сыбана кірісіп, белсенділік танытты. Тынымсыз тірлік еткен жастар көпшіліктің алғысы мен ризашылығына бөленді. Міне, осындай еңбекқор азаматтардың белсенділігі мен ең бастысы ауызбіршілігінің мықтылығынан бүгінгі күні мешіт ауыл тұрғындарының құтты орнына айналып отырған жайы бар. Сәні мен салтанаты жарасқан зәулім мешітте бес уақыт намаз оқылып, құдайы тамақ берілуде.
Осы ретте ескі мешіттің ғимараты бос тұр ма деген сауал кім-кімнің де көкейінде тұратыны анық. Жоқ. Мұнда да жастардың ұйымшылдығы танылып, пайдалануға жарамды ғимаратты балаларға спортзал етіп ашып беруді ұйғарыпты. Жас буын өкілдері күш біріктіріп, ескі мешіттің ішін күрделі жөндеуден өткізіп, керекті жабдықтармен жабдықтайды. Бүгінгі күні спортзалда Руслан Тоқбаев, Аслан Жапарқұлов, Ғабиден Елшібаев және ауылдық округтің спорт нұсқаушысы Жеңісбек Сейітбеков балаларды спортқа баулуда. Айта кетерлігі, барлығы 140 бала бокс, дзюдо, қазақша күреспен тұрақты түрде шұғылдануда. Спортзалдың ауласына ауылдық округтің спорт нұсқаушысы Жеңісбек Сейітбековтың бастамасымен «Street Workout» алаңшасы ашылды.
— Жастардың бастамасы 2013 жылдан бастау алды. Біздің негізгі мақсатымыз — ауыл жастарының ауызбіршілігін, ынтымағын нығайту, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болу, мұқтаж жандарға көмек қолын созу болып табылады, — дейді Қайрат ауылының жастарының игі бастамаларын ұйымдастырушы Мұхамеджан Әсемов.
Ауыл жастарының бірлігі жаңа мешіт бой көтерерде айқын көрініс тапты. Оған бүкіл жұрт қуанып, ілкімді бастаманы бірден қызу қолдады. Бір сайдың саласындай, бір үйдің баласындай болып жұмылып, құрылысқа атсалысқан жастар сән-салтанаты жарасқан, сәулетті мешіттің тұрғызылуына өз үлестерін қосты. Қазіргі таңда да соғылған мешітке әр жылғы мектеп түлектері материалдық көмек жасап, айналасына көріктендіру жұмыстарын жүргізіп тұрады.
Ескі мешіттің ғимараты спортзалға берілді. Мұнда келген балалардың спортпен шұғылданып жатқанын көрген қауым еңбегінің еш кетпегенін аңғарады. Балалар бос уақытын құр өткізбей, бір мезгіл спортзалға бет бұрады. Спортзалды ауыл жастары қаржыландырып отыр. Балалар жарысқа баратын болса, өздері демеушілік жасап, спорттық киімдер де әпереді.
Сонымен қатар, ауылдағы тұрмысы төмен отбасылардың үйіне көгілдір отын кіргізілді. Одан бөлек, аз қамтылған отбасылардың үйінің шатыры мен терезелерін ауыстыру жұмыстары да жоспарда бар. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» демекші, Мұқият Дәуірбеков, Сабырхан Бозтаев, Ғабит Бектұрғанов сынды ауыл азаматтарының бастамасымен ауыл зиратының айналасы қоршалып, оған барар жолға шағал тас төселді.
1981 жылғы туған азаматтар Мыңбұлақ орта мектебінің аумағынан «Түлектер» аллеясын ашып, сәндік ағаштар екті. Ашылған аллеяға жыл сайын әр жылы түлектер тал егуде. Одан да басқа жұмыстар туындай қалса, бәрі бас қосып, бірауыздан шешім қабылдайды. Жасап жатқан игі істер бүгінгі күн үшін емес, болашақта өскелең ұрпаққа мұра ретінде қалдыру үшін жасалуда.
Ауыл жастарының бұл бастамасы жылдан-жылға жалғасын тауып отырған жайы бар. Олардың алға қойып отырған жоспарлары да ауқымды. Олардың бірі — спортзалдың жанындағы жерді жеке адамнан сатып алып, спорттық алаңша салу. Сондай-ақ, тәрбиеленіп жатқан спортшыларды жарыстарға апаруды, балаларды өнер мектептеріне оқуға түсіруге көмек беруді, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеруді, ұрпаққа үлгі боларлықтай жағдайлар жасауды мақсат тұтқан жандар. Аймақ жастары спорттық ойындар, турнирлер, ұлттық ойындарды өткізуді үрдіске айналдырған.
«Қариясы бар ел — қазыналы ел». Ауыл қариялары да игі бастамаларды қолдап, әрдайым ақ баталарын беріп отырады. Жасалып жатқан істерге бей-жай қарамайтын ақсақалдар жастарға ақыл-кеңестерін де беруде.
— Бір айта кетерлігі, бүгінгі жастарымыздың арасында ынтымақ, сыйластық бар. Ең бастысы, ниеттері таза. Олардың ұйымшылдығы, бірлігі, ауылға жанашырлығы сөз жүзінде емес, іс жүзінде де байқалып жүр. Мешіт құрылысы жүріп жатқанда қарап отырмай, құрылысшыларды тамақпен қамтамасыз етуді ұйымдастырдық. Осынау сауапты істен ауыл тұрғындарының ешқайсысы қалыс қалмады, — дейді өрендердің өрелі істеріне шын жүректен риза болған ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Кәрібай Құрмашев.
Қайрат ауылының жастарының тірліктерінен округке қарасты Диқан ауылының азаматтары үлгі алып, жұмыс жасауда. Жетекшілері Бақтияр Дүйсәлиев бастаған 1980-1995 жылдары туған азаматтар арнайы қор құрып, ауыл тұрғындарына көмек қолын созуда. Диқан жастары биыл жазда әлеуметтік жағынан аз қамтылған ауыл тұрғыны Закира Есімбекованың үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ескі шатырын жаңасына айырбастап берді.
«Жастың тілегі бір, ынтымақтың білегі бір». Қариялардың ақ батасын, тұрғындардың ақ тілегін арқалаған жастардың мұндай бірлігі көпшілікке үлгі болары анық. Туған жердің тыныс-тіршілігі мен өмірінің жақсаруына сүбелі үлестерін қосып жүрген азаматтардың бірлігі бекем болғаны, әлбетте, көңілдерге қуаныш ұялатады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *