Қамшылары жүзіктің көзінен өткендей

«Ақ бүрлен, қызыл бүрлен, бүрлен, бүрлен,
Бүрленді аралайды жөнін білген.
Қамшыны екі бүктеп қолға ұстап,
Қызығы бұл дүниенің ойнап-күлген» деп бозбала, жас жігіттердің екі бүктеп қамшы ұстап, қызды ауылды қырындап, жастықтың шаттық күлкіге тоймаған кезін Кенен Әзірбаев осылайша суреттейді. Сонымен қатар, «жігіттің бесқасқа жүгені болса, алты өрім қамшысы болса сәні келеді» дегендей, кез келген бозбала, жігіт ағасы ер-тұрманмен бірге әдемі қамшы ұстағанды ұнатады.

Қарасаз ауылдық округі Ақбастау ауылының тұрғыны Нұртас Сырғабай қамшы жасауды кәсіпке айналдырыпты. Ол биыл ауданда өткен дельфилік ойындарда «Сәндік қолданбалы өнер» номинациясы бойынша ІІ орынды жеңіп алып, облысқа жолдама алған. Бұл жарысқа жас жігіт өзі жасаған қолөнер туындысы – қамшыны алып келіп, сынға түсті.
Нұртас Бақтиярұлы аталған ауылда 2001 жылы дүниеге келген. Осындағы №14 Б.Майлин атындағы орта мектепте 9 сыныпқа дейін оқиды. Ал, қазіргі таңда №16 «Жуалы» колледжінің электрик мамандығында білім алуда, яғни 2 курс білімгері.
— Қазақша атқа міну мәдениеті сонау ерте заманнан бері қалыптасқан. Алғашында атты мінген адам жылқыны әртүрлі шыбықпен, ағашпен жүргізген. Кейіннен өздеріне ыңғайлы ат жабдығы қамшыны жасап шығарады. Қамшы — ат жабдықтарының бірі, ажырамас бөлігі, ата-бабаларымыздан келе жатқан мәдениеттің бірі.
Тек атқа ғана мініп қоймай, оның жабдықтарын білген де дұрыс. Осы мақсатта қамшыны 16 жасымнан бастап жасауды үйрендім. Әр ер бала жылқыны қолға үйретуді білуі керек деп ойлаймын, — деп есептейді Нұртас.
Қамшы жасауды Нұртас көршісі Бақыт атадан үйренген. Ол ертоқым, қамшы жасайды. Атаның өнерін қасында жүріп бақылап, шеберлігіне қызығушылығы арта бастайды. Қамшының құрылымын, өрімдерін, қайысты кесуін бірқыдыру уақытта меңгереді. Сөйтіп, оны өз бетінше жасай бастаған. Қазір ол көбінесе, көкпарға, бәйгеге арналған және сәндік қамшылар жасауға төселіп, оларын көпшілікке ұсынып жүр.
Жалпы қамшылардың жасалуында және құрылымында айырмашылықтар бар. Мәселен, көкпар қамшы ауыр болса, бәйге қамшы жеңілдеу болуы шарт. Ал, сәндік қамшылар үйдің төріне ілінетіндіктен, ерекше жұмысты талап етеді. Алдымен жұмысты бастамас бұрын қамшыға қажетті тобылғы, қайыс, шеге және бауларын тағы да басқа заттарын дайындап алады. Қамшының өрімін сегіз және алты өрімді етіп жасайды.
«Ер қанаты – ат» дегендей, ержігіт аттың құлағында ойнап, ұлттық ойындардың ұмыт болмауында өз үлестерін қосатыны белгілі. Осы орайда, Нұртас та атқа мініп, көкпар ойнап, ат спортымен шұғылданады. Сонымен қатар, жүген, тартпа, құйысқан жасайды. Алдағы уақытта аттың керек әбзелдерінің бірі ертоқымды жасауды үйренуді көздеп отырған жайы бар. Жас шебердің арманының бірі ауданымызда ат жабдықтарына арналған дүкен ашу. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының сұранысына ие заттарды жасаудың қыр-сырын үйрену.
Жас шебер ата-бабамыздан қалған атқа міну мәдениетіне сүбелі үлесін қосатын болса, сонау заманнан бері келе жатқан тарихымыз ешқашан ұмытылмақ емес. Ауыл жастарының ішінде қолынан іс келетін жастар бары көңіл қуантады. Ендеше, ұлттық құндылықтарымыз бен мәдениетіміз мұндай шеберлер барда ешқашан ұмыт болмайды.
Қазақ халқының өмірінде, салт-дәстүрінде қамшының алар орны да ерекше болып орнықты. Бұл сайып келгенде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы айтылған атқа міну мәдениетімен сәйкес келеді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *