Еңсе тіктеуге мүмкіндік береді

Қазіргі таңда Жуалы ауданында мемлекет қамқорлығының арқасында еңсе тіктеп жатқан жекелеген отбасылар да баршылық. Бұл – қуантарлық жағдай. Бұл мемлекеттің әлеуметтік жағынан аз қамтылған, сонымен бірге көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларға жасап отырған бірден-бір әлеуметтік көмегі болып табылады.

Ұрпағының көп болуын ойлайтын халқымыз бен еліміздің демографиялық тұрғыдан өсуі, әрине, құптарлық мәселе. Алайда, қазіргі нарықтық заманның талабы, азық-түлік пен коммуналдық қызметтердің шамадан тыс қымбат болуы көпбалалы отбасыларға оңай тимесі анық. Осы ретте тұрғындар саны 3 500-ден асып жығылатын Қарасаз ауылдық округінде бірқатар отбасылар атаулы әлеуметтік көмек түрін алып отыр.
Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың қатарында Мамытовтар отбасы да бар. Көпбалалы, үлгілі жас отбасы Жасұлан Мамытов пен Анар Тоқтыбаеваның шаңырағында бес бірдей қыз жайқалып, өсіп келеді. Олардың ең үлкені Аяулым 12 жаста. Ал Әлия, Нұрай мен Арайдың жастары шамалас. Аралары бір және екі жастан. Ал бұл отбасының сүт кенжесі Даяна екі жарым айлық.
Жас отбасының тұрмыс жағдайын көзбен көруге барғанда бізді отанасы Анар қарсы алып, үйіне кіргізді. Үйге кірген бетте үйелмелі-сүйелмелі қыздар бізбен жарыса сәлемдесті. Тәрбиелі екендері көрініп-ақ тұр. Ал сүт кенже қыз Даяна төсекте тәтті ұйқының құшағында жытыр. Ал мектеп жасындағы төрт қыз сабаққа баруға дайындалып, үйге берілген тапсырмаларын тыңғылықты орындау үстінде екен. Тиісінше, тұңғыш қыз Аяулым анасына үй шаруасына қолғабыс жасап, сіңлілерінің сабағын оқытып, шаштарын да тарап, өріп береді екен. Отанасы Анардан тұрмыс жағдайлары туралы, мемлекеттің қолдауын қалай сезініп отырғанын сұрадық.
-Қарасаз ауылындағы Мамытовтар отбасына келін боп түскеніме он жылдан асып барады. Өзім аудан орталығынанмын. Мен де, жолдасым да көпбалалы отбасында өскенбіз. Сондықтан екеуміз де баланың көп болғанын қалаймыз. Күйеуім Жасұланның да, менің да тұрақты жұмысым жоқ. Отбасында бес қыз тәрбиелеп, өсіріп отырмыз. Маусымдық жұмыстар болмаса басқа жұмыстың, басқа табыстың көзі жоқ. Ағымдағы жылдың сәуір айынан бері ауылдық округ әкімшілігі мамандарының кеңес беруі арқылы, бірқатар құжаттар жинап, атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткіздім. Мемлекет тарапынан берілетін көмек отбасымызға әжептеуір көмек болып отыр. Бұған да шүкір дейміз. Мұның алдында балалардың санына байланысты азын-аулақ жәрдемақы алатынбыз. Үкімет тарапынан жаңадан қолға алынған атаулы әлеуметтік көмек жүйесі біз сияқты көпбалалы отбасыларға үлкен қолдау. Нарықтық заманның талабына байланысты қазіргі таңда барлық дүниенің бағасы шарықтап кеткені жасырын емес. Осы ретте тағы бір айта кетерлігі, жергілікті билік базардағы азық-түліктің бағасын бір жүйеге келтіруге атсалысуы қажет. Сонда ғана көпбалалы отбасылардың жағдайы сәл де болса түзеліп, бірқатар қажетті дүниелер қолжетімді болатын еді. Одан бөлек, жеңілдетілген несие алып, шағын кәсіпкерлік ашып, отбасы жағдайын түзеп жатқан азаматтар ортамызда баршылық. Алайда төмен пайызбен берілетін несиеге де қол жеткізу оңай шаруа емес. Жинайтын құжаттары көп. Оның үстіне өзіңнің атыңда кепілге қоятын жылжымайтын мүлкің болуы керек. Сондай жағымсыз жағдайлар кәсіп ашуға қолбайлау болып отырғанын жасыра алмаймыз,- дейді отанасы.
Атаулы әлеуметтік көмек жүйесі 2019 жылдың сәуір айынан басталғаны белгілі. Ауылдық округ әкімі аппаратының әлеуметтік салаға жауапты мамандарының айтуынша, бастапқыда округтегі 100-ден аса отбасы құжаттарын жинап, өткізген. Алайда жан басына шаққандағы табысының асып кетуіне байланысты кейбір отбасыларға мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмек төленуден бас тартылған.
Айта кетерлігі, тұрақты түрде әлеуметтік көмек алып отырған отбасылар өз алдына кәсіп ашуды да ұмытпағаны абзал. Сонда ғана әлеуметтің әлеуеті мен табысы артады. Алдағы 2020 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы енгізіледі деп күтілуде.
«Бір қозы туылса, бір жусан артық өседі» дейді халқымыз. Алайда өмір сүру үшін, балалардың ертеңі жолында еңбек етіп, жарқын болашаққа талпыну керек. Алланың берген несібесін адал еңбек, маңдай термен жұмыс істеп теріп алу бәрінен маңызды. Отбасындағы балаларға өнегелі тәлім-тәрбие беріп, қол еңбегіне, кәсіпке баулу да ата-ананың борышы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *