Еңбекпен мерейі өскен берекелі шаңырақ

Бүгінде әйелдер үй шаруасы, «отбасы, ошақ қасымен» қатар қоғамдық істерге, басшылық қызметтерге де белсене араласып келеді. Қысқасы, қазіргі әйел бейнесінің қыры көп. Осындайда: «Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген әйгілі қағидаға көз жеткізе түскендейсің.

Иә, осылай ерінің тілеуін тілеп, балаларының амандығын ойлайтын әзіз аналар арамызда аз емес. Сондай жандардың бірі бүгінде Қарасаз ауылдық округіне қарасты Көктас ауылында тұрады.
Рысбек батыр ауылының тумасы Айтолқын Жолдыханқызының көктастық Ахметовтар әулетіне келін болып түскеніне аттай 33 жыл болыпты. Ол Нұрбай Ахметов екеуі бір-бірін жүрекпен ұғынып, бүгінде өнегелі шаңыраққа айналып, отбасында екі ұл, үш қыз тәрбиелеп отырған жайы бар.
Отағасы Нұрбай Сыйқымбайұлы 1982 жылдан 2005 жылға дейін бұрынғы Карл Маркс совхозында механизатор, комбайншы болып жемісті еңбек еткен екен. Ол еңбектің ерен үлгісін көрсетіп, егін бастыру науқанының барысында өзге комбайншылардан оқ бойы озық болып, бірнеше жылдар бойы бірінші орынды еншілеп отырған. Совхоз басшылығы Нұрбай ағаның ерен еңбегін ескеріп, 1991 жылы өз алдына комбайн беріпті. Ағаның басқа да еңбек жетістіктері жетерлік.
– Нұрбай ағаларыңмен шаңырақ көтергеннен бері отбасымыздың берекелі де мерекелі болуы үшін отанасы ретінде аянбай еңбек етіп келемін. Жұмыстың аты – жұмыс. Ағаларың жұмысқа ерте кетіп, кеш келетін. Сол кезеңдерде совхозда орақ науқаны, басқа да сан салалы жұмыстар қызу жүріп жататын. Мен де сондай жұмыстардың бір шетінде жүрдім. Отағасының үйдегі жағдайын да жасап отырдым. Арасында өмірге балаларымыз келді. Оларды жақсылап тәрбиелеп, еңбекке баулып өсіруге әлі де атсалысып келеміз, — дейді Айтолқын апа.
Отағасы 2005 жылға дейін совхозда өнімді де жемісті еңбек етті. Тұрмыстары жаман болған жоқ. Көзін ашқалы еңбекпен есейген жандар ауыл шаруашылығы саласында әлі де тер төгіп келеді.
Айтолқын апаның әкесі Жолдыхан қария Рысбек батыр ауылында колхоз жұмыстарына белсене араласқан, еңбекқор кісі болатын. Бұлар да сондай тәрбиемен өсіп, балаларына еңбектің қадір-қасиетін жалықпай насихаттаумен келеді.
Жастардың қазіргі беталысы, кәсіппен айналысып, кейбірінің техниканың тілін жетік меңгеріп жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Осы ретте ынтымақты шаңырақтың үлкен ұлы Ержігіт әкесінің жолын қуып, механизатор мамандығын оңай игеріп алды. Қазіргі таңда «Инабат» шаруа қожалығының жұмысын жүргізіп, иелігіндегі 21 гектар жерді тиімді игеріп отыр.
Өнегелі, ауыл-аймаққа сыйлы Ахметовтар отбасында өмірге келіп, тәрбиеленген ұл-қыздар да қазіргі заманға қажетті мамандықтарды игеріп, бүгінде өмірден өз орындарын тапқан үлгілі азаматтар.
Отбасының тұңғышы Ержігіттен кейінгі қызы Балнұр бухгалтер мамандығын игеріп, бүгінде Тараз қаласында жұмыс істейді. Қызы Айдана Тараз қаласындағы мектептердің бірінде музыка пәнінен ұстаздық етсе, екінші ұл Еркебұлан облыс орталығында «Жасыл ел-Тараз» мекемесінде жемісті еңбек етіп келеді. Ал отбасының кенже қызы Инабат Алматы технологиялық университетінде биотехнолог мамандығы бойынша оқып жатыр.
– Ауылда тұрған соң міндетті түрде төрт түлік ұстап, техниканың тілін меңгеру керек деп ойлаймын. Жерді жақсылап өңдеп, жанашырлықпен қарасаң жер де адамды құр тастамайды. Біз үйде аз да болса мал ұстаймыз. Шағын жерімізді игеріп, отбасымыздың нәпақамызды айырып отырмыз. Жастарға, әсіресе, жас отбасыларға айтарым, олар болашақтарын бүгіннен бастап ойлағаны дұрыс. Ертеңгі күнін ойлап, ұрпағына қандай үлгі-өнеге қалдырам деп терең ойланулары тиіс. Оыс ретте өзім де бар білгенімді, өмірден көрген-түйгенімді балаларым мен келініме, туыстарыма, көршілеріме айтудан жалыққан емеспін. Адамның жақсы болуы, жақсы өмір сүруі ең алдымен өзіне байланысты,- дейді Айтолқын апай.
Отбасының тұңғышы Ержігіттің жары Ләйлім енесі Айтолқынның тәрбиесі мен өнегесін бойына сіңіріп келеді. Ахметовтар отбасының ұл-қыздарынан бүгінде бес немере тарап отыр.
Еңбекпен мерейі өскен берекелі отбасы дегеніміз осы шығар.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *