Тұрғындардың талап-тілектерін тыңдады

Жамбылда бірыңғай қабылдау күніне орай облыс, қала, аудан және ауылдық округ әкімдері тұрғындардың сауал-тілектеріне құлақ түрді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына көшудегі міндеттерді жүзеге асыру аясында жалпы республикалық «азаматтарды қабыл­даудың бірыңғай күні» Жамбыл өңірінде қызу өтті. Іс-шара аясында облыс, қала, аудан әкімдері азаматтарды қабылдауды таңғы 10:00-ден бастады.

Бұл күні облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың қабылдауына алдын-ала 64 адам жазылған десек, оның 55-і қабылдауға қатысып, сауалдарына жан-жақты жауаптар ала білді. Олардың дені әлеуметтік, қоғамдық мәселелерді көтерді. Асқар Исабекұлы қабылдау барысында әрбір тұрғынмен еркін диалог құрып, олардың тұрмыстық ахауалына барынша назар аударып, алаңдатып отырған мәселесінің маңыздылығына жіті көңіл бөлді. Сондай-ақ, оларды мазалаған сауалдардарға барынша толыққанды, қанағаттанарлық жауаптар беруге тырысты.
Аймақ басшысына арыз-шағымын айтқандардың бірі зейнеткер, Тараз қаласының тұрғыны Сейсекүл Төленова. Ол өзінің жалғызбасты екенін, өзімен бірге жесір қызы мен немересі тұратынын алға тартып, уақытша тұратын шағын жатақхана болса деген ниетін білдірді. Жатақханада тұрып жағдайын тіктеуге тырысатынын айтқан ол пәтер жалдаумен әзер жан бағып жүргенін жеткізді.
Асқар Мырзахметов кейуананың өтінішіне мұқият мән беріп, тұрмыс жағдайына жан-жақты назар аудара келе, қазіргі таңда облыс бойынша 12 жатақхананың бой көтеріп жатқанын тілге тиек етті. Алайда ол жатақханалар алдымен көпбалалы, содан кейін аз қамтылған отбасыларға тұрғын үй кезегі келгенге дейін паналауға берілетінін айтып, тиісті тұлғаларға Сейсекүл Төленованың аталған санаттың екіншісіне ену мүмкіндігін барлауды тапсырды.
«Бүгін біз сияқты қарапайым тұрғындарға үлкен мүмкіндік туып отыр. Мен облыс басшысына тікелей жолығып, өзімнің өтінішімді жеткіздім. Уақытша тұратын жатақхана болса, деген тілегім ескеріліп, мүмкіншілігім қаралатын болды»,-деді С.Төленова.
Өңір басшысының қабылдауына қайырылғандардың дені тұрғын үй, инфрақұрылым, қала көркі мен кәсіпкерлікті қолдауға қатысты сауалдарын жолдады. Асқар Исабекұлы көтерілген мәселелерге заң аясында толыққанды жауаптар берілетінін жеткізіп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Айта кетейік, облыс бойынша осы күнгі түрлі деңгейдегі қабылдауларға алдын-ала барлығы 1077 адам жазылып, қатысқан 976 тұрғынның сұрағына нақты жауаптар берілді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *