«Еңбек ер атандырар»

Луговой ауылының тұрғыны, кәсіпкер Наурызбай Шуақбаевтың қайырымды істерге үнемі себепші болатынын достарымнан еститінмін. Жуырда өзім атына қанық Наурызбай ағамызбен жақын танысып, сұхбаттасудың реті келді.

Наурызбай Шуақбаевқа алғаш рет қоңырау шалғанда ол өзінің жұмысы көп екендігін алдыға тартты. Мүмкіндік болса, түс мезгілінен соң жолығыса алатынын ескертті. Біз келістік. Айтқан уәдесінде тұрды кәсіпкер ағамыз. Бізді өзінің «Наурыз» деп аталатын жанар-жағармай бекетінде күтіп тұр екен. Аман-саулық сұрастық. Сосын кейіпкерімізді жазудағы мақсатымызды айттық. Ол қуанып қалды. ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде оқып жүргенде кейіпкерге сұрақ қоюдың ерекше тәсілдерін оқыған едік. Сонда «Сұхбат берушіге неғұрлым шынайы сұрақтар қойсаңдар, кейіпкер мейлінше көсіліп сөйлейді. Естеріңде болсын» деуші еді ұстаздарымыз. Мен осы қағиданы ескеріп, Наурызбай ағаға:
– Сіз секілді мынадай қара түсті «Тойота» маркалы джип автокөлігін жас кәсіпкерлер қалай мінсе болады, — дедім. Кәсіпкерге бұл сұрақ ұнаған болу керек. Ол шабыттанып сөйлей жөнелді.
«Інішек, мен Атамекенге 1990 жылы көшіп келген азаматпын. Шынымды айтсам, бұл көліке табандылықтың арқасында жеттім десем болады. «Ойды ой түртеді» деген. Сенің сұрағыңа байланысты менің ойыма жазушы Мұхтар Мағауиннің «Мен» деген автобиографиялық романында жазылатын мынадай сөздер түсіп отыр. Кеңестік қыспақ күндерді есіне алған Мұхтар Мағауин: «Сол тар күндердің өзінде күш берген немене? Сенім болса керек. Мен жазбасам, қазақ әдебиеті тұралап қалады, мен күреспесем, ежелгі мұра біржолата ұмытылады, атаның әруағын арқалап жүрген – жалғыз өзім. Алаштың мұратын келер ұрпаққа жеткізетін – Мен, Мен ғана, Мен болмасам, ұлысымның ырысы ортаяды, ұрпағымның көкірек көзі ашылмайды. Аз ба, көп пе, жасаған еңбегің – осы. Сенімнің көрінісі» деп жазады өзінің автобиографиялық романында. Әрине бұл өзімшілдік емес. Шындық. Мұхаңның қазақ руханиятына сіңірген еңбегі зор ғой. Оны оқырман қауым жақсы біледі. Несін сұрайсың, талай қиындықтар өтті ғой мына бастан. Хакім Абайша айтсақ, «Өзің сен, өзіңді алып шығар, Ақылың мен еңбегің екі жақтап» деген тәмсіл ғой менікі. Мен ешқашан қол қусырып қарап қалғаным жоқ. Еңбектене бердім. Ең бастысы, менде жаңағы Мұхаңның романынан мысал еткен жүректегі сенім оты сөнген жоқ. Құдайға шүкір, 2 ұл, 2 қызым бар. Барлығы да жоғары білімді азаматтар мен азаматшалар. Мына заманда кәсіпкер болу керек. Ол үшін Үкімет тарапынан да көптеген қолдаулар көрсетілуде. Шіркін, жастарымыз сол мүмкіндіктерді ыждахаттылықпен іске асырса ғой. Қазақстан – біздің ортақ Отанымыз. Отанға адал қызмет жасап, мелекеттің мәртебесін көтеру біз секілді кәсіпкерлердің негізгі мүддесі болуы тиіс» дейді кәсіпкер.
Наурызбай ағаның жанар-жағармай бекетінен өзге көлік жөндеу шеберханасы, мейрамханасы бар. Осылайша ол көптеген адамды жұмыспен қамтып отыр. Айлық жалақылары да мардымды көрінеді. Жастар «Темекі мен араққа әуес болмаса екен. Неге десеңіз, бұл екі зиянды өнім адам баласының денсаулығына кері әсерін тигізеді. Одан гөрі бизнес туралы кітап оқуға кеңес берер едім» дейді кәсіпкер.
Наурызбай Шуақбаевтың көп кітап оқитындығы сөйлеген сөздерінен сезіліп тұр. Сөз соңында «Сіз бос уақытыңызда не істейсіз?» деп сұраған едік. Жауабының астары сұмдық. Бернард Шоуға өзіңіз секілді журналист дәл осындай сұрақ қойыпты. Сонда ол: «Бос уақытымда серуендеймін, ұйықтаймын, достарыммен пікірлесемін» деп жауап беріпті. «Сонда қашан кітап оқисыз?» демей ма сұхбат алушы. Шоу: «Кітап бос уақытта оқылатын нәрсе емес, оған арнайы уақыт бөлемін» деп үн қатыпты. Шындықты әркез бетке айтатын кәсіпкердің мына сөзіне мен риза болдым. Жақсымен сырласқан жарты сағатта айтылған әсерлі сөздер маған да мотивация сыйлады.

М.Жолдасбекұлы,
Т. Рысқұлов ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *