Тәжірибесімен бөлісті

Мухаррэм Йуджэл Түркияда 20 жылдан бері текстиль саласында жұмыс істейді. Жуырда маман Тараздағы «Асыл-Ай» және «Дана Дель» тігін компанияларында болып, жұмысты жүйелеуге байланысты кеңесін берді.

Жамбылдық кәсіпорындарда маман 10 күн болды. Осы уақыт аралығында ол тігін компанияларының қызметін саралап, бизнес-процестерді жақсарту бойынша ұсынымдар берді, сонымен қатар сарапшы инновациялар мен технологияларды енгізуге көмектесіп, өндірісті басқарудағы тәжірибесімен бөлісті.
– «Бизнестің жол картасы-2020» аясында қолға алынған «Аға сеньорлар» жобасы бизнесмендерге шетелден білікті маманды шақыруға көмектеседі. Шығындардың бір бөлігін Кәсіпкерлер палатасы көтереді, атап айтқанда қонақтың ұшып келу-кетуі, оның қызметі мен сақтандыру, ал сарапшының орналасуын кәсіпкер өзі қамтамасыз етеді. «Аға сеньорлар» жобасы мамандардың өндіріске келіп, процесстерді жолға қоюы, жұмысты жақсартуы, жаңа өнім түрлерін енгізуімен ыңғайлы», – деді өңірлік кәсіпкерлер палатасы Қаржылай емес қолдау бөлімінің сарапшысы Ғалымжан Өмірәлиев.
«Дана Дель» жеке кәсіпкерлігінде 17 қызметкер жұмыс істейді. Кәсіпкер Бақыт Тоқтыбаева тігін шеберханасы қызметтерінің сапасын қамтамасыз ету бойынша іс-шараларды жүйелі түрде ұйымдастырады, сонымен қатар жаңа клиенттерді тарту мақсатында акциялардың өткізілуін бақылайды. Компания заманауи жабдықты енгізу әрі қызметкерлерге оқу іс-шараларын өткізу арқылы қызмет көрсетудің кәсіби деңгейін тұрақты түрде арттырып отырады.
– Шығарылатын өнім табиғи шикізаттан өндіріледі, жергілікті қамтудың үлесі 80 пайызды құрайды. Өнім заманауи еуропалық жабдықта жасалады. Компания шығарылатын өнім модельді тізбегін үнемі арттыруда. Бұдан бөлек біз клиент тапсырысымен де тігеміз, осылайша сұраныс артып, өнім көлемі өсуде. Мен Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасына ризамын, олар науқанның басында кәсіпорынға білікті маманды шақыруға көмектесті. «Аға сеньорлар» бағдарламасы кәсіпкерлерге өте тиімді жоба, – деді Бақыт Тоқтыбаева.
Ал, 2005 жылы негізі қаланған «Асыл-Ай» Алима Садықованың жетекшілігіен облыстағы 30-ға жуық мектепті мектеп формасымен қамтамасыз етіп отыр. Бүгінде компания мектеп формасын, арнайы киім үлгілерін тігеді.
Заманауи стандарттарды қолдана отырып, кәсіпкер «Жамбылда жасалған» брендімен ерлер мен әйелдерге арналған күнделікті киім үлгілерін тігуді жоспарлап отыр.
– Біз «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын қолданып, «Аға сеньорлар» жобасымен өндіріске сарапшыны шақыруды жөн көрдік. Сарапшыны жұмысымыздың дұрыс бағытын білу, тәжірибе жиынақтау үшін әріптесімнің ұсынысымен шақырдық, – деді Әлима Садықова.
Жыл басынан Жамбыл облысына «Аға сеньорлар» бағдарламасы бойынша Түркия мен АҚШ-тан 4 маман келді.

Ақбота БАТЫРБЕКОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *